198
Америкалық "911" қызметі енді Астанада да бар
Америкалық "911" қызметі енді Астанада да бар
Елордада америкалық «911» қызметінің баламасы жұмыс істей бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астанада «109» нөмірлі диспетчерлік орталығы жұмыс істей бастағанына бір ай болды. Бүгінде орталыққа тәулігіне 600-ге жуық қоңырау келіп түседі. «Бүгінгі таңда қаладағы ахуалды жедел бақылау үшін үш мың бейнекамера орнатылған. Солар арқылы барлық ақпарат орталыққа түседі. Жыл соңына дейін камералар санын он мыңға дейін жеткізу жоспарланған. Камералар қаланың барлық бұрыштарын бақылайды. Оператордың міндеті - ахуалды қадағалап отыру, тұрғындардың қоңыраулары мен шағымдарына жауап беру. Бұл ретте сұрақтардың әртүрлі болатынын айта кеткен жөн. Бұл - инфрақұрылым, ТЖ, түсіндіру, ақпарат беру, тағы да басқа мағынада болуы мүмкін. Операторлар тәулік бойы жұмыс істейді. Олардың жұмысы штаттан тыс жағдайларды анықтау, құқық бұзушылықты болдырмау, тұрғындарға көмектесу», - дейді Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин.
Ахуал орталығында барлық мемлекеттік органдардың өкілдері болады. Сондықтан олар қызмет жұмысының барынша тиімді болуын қамтамасыз етеді. «Мемлекеттік орган өкілдері орталықта тұрақты жұмыс істейді. Олар денсаулық сақтау, білім, ТҮКШ, құрылыс және басқа да сала мамандары. Маңыздылығы сол, штаттан тыс жағдайға немесе инфрақұрылымға қатысты қандай да бір ақпаратты алған бойда барлық мәлімет біздің ахуал орталығындағы жауапты мамандарға жеткізіледі. Мысалы, денсаулық сақтау басқармасынан бөлім маманы болады, ол хабарламаны алған бетте орнатылған телефон немесе рация байланысымен ведомстволық бағынышты мекемелерге тапсырма береді. Емханаларға, ауруханаларға, жедел жәрдем станцияларына және т.б. Олар да тапсырма алған сәттен жылдам әрекет етеді және белгіленген уақыт регламентіне сай мәселені жояды», - дейді Лукин.
Қала әкімі орынбасарының айтуынша, ережеде аталған мәселелерді жою мерзімі де көрсетілген. «Егер ашық люк болса, бір сағаттың ішінде қалпына келуі тиіс. Ал, егер басқа құрылыс компанияларының араласуы қажет болмаса, айталық, бір жердің плиткасы түсіп қалса, жөндеуге екі сағат уақыт беріледі. Кейде түрлі техникалық себептерге байланысты үлгермей жатамыз. Мысалы, материалдарды жеткізу не болмаса ауыстыру қажет болса, біз арызданушыға мәселені айтып, түсіндіреміз», - дейді ол.
Тұрғындар тарапынан өтініш-талаптардың басым бөлігі коммуналдық мәселелерге қатысты. Дегенмен, түрлі жағдайлар кездесіп жатады. «OpenAir» шарасы кезінде бізге балаларын жоғалтып алғандары туралы қырыққа жуық хабарлама түсті. Яғни, концертті тамашалауға келген ата-аналар балаларына көз қырын салмаған. Олар біздің көмегімізге жүгінді, біз сол жерде жүрген ішкі істер органдары, құқықтық тәртіп, еріктілер, арнайы қызметтің мамандары арқылы бірден көмекке келдік. Орталықтың операторлары алты тілде кеңес бере алады. Тәулік ішінде орташа есеппен 600-ге жуық қоңырау келіп түседі. Аталған қызмет түріне алдағы уақытта сұраныс артуы мүмкін», - дейді әкім орынбасары.