Мүгедектер мұңаймасын десек...

Мүгедектер мұңаймасын десек...

Мүгедектер мұңаймасын десек...
ашық дереккөзі
517
«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында талай жарымжанның жанына жылу сыйлап жүрген «Нұр Отан» партиясы мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесіне де айрықша назар аударып келеді.  Апта басында партияның Атырау облыстық филиалында тұрғындарды жұмыспен қамту және әлеуметтік жағынан әлсіз топтарды қолдау арқылы әлеуметтік-тұрмыстың әлеуетін көтеру мәселесі қаралды. «Жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарын қолдау» бағыты бойынша комиссия отырысын партиялық куратор, облыстық мәслихат депутаты Диас Сұлтанов жүргізді. Партияның Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық мәсли­хат депутаттары, комиссия мүшелері мен бар­лық сала өкілдері қатысқан жиында екі мәселе қаралды. Аймақтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың және басқа да кіші мобильді топтардың әлеуметтік нысандарға және көлік құралдарына қолжетімділік талаптарының орындалуы және Мақат ауданында тұрғындарға мемлекеттік әлеуметтік қызметтер көрсету сапасын жетілдіру және мүмкіндігі шектеулі жандарды жұ­мысқа орналастыру барысы да тілге тиек болды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай Өтеғалиеваның айтуынша, аймақта 3141 әлеуметтік нысанның 3083-і паспортталған, оның ішінде 1389 нысан бейімделуге жатады. Күні бүгінге 356 нысан бейімделген. Бұл іс одан әрі жалғасуда. Ал көлік инфрақұрылымының қолжетімділігіне келсек, мүгедектерге қызмет көрсетуге бағдарланған жерлерде жол белгілері мен бағыт сілтегіштер, жаяу жүргіншілер өтетін жолдарды дыбыстайтын құрылғылармен жабдықтау бойынша түйткілдер бар. Аталған жол белгілеріне республикалық бюджеттен қаржы қарастырылса да, 2015-2018 жылдар аралығындағы жұмыстарға Атырау қаласы қаржыға сұраныс бермеген. Бұл мәселе жиынға қатысушыларды ойландырды әрі ше­шім қабылдау қажеттігін айқындап берді. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша, Мақат ауданы әкімінің орынбасары Жандарбек Ғұмаров баяндады. – Алдымызда тұрған міндеттердің бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға көбірек көңіл бөлу, олар үшін Қазақстанды кедергісіз аймаққа айналдырып, барынша қамқорлық көрсету. Ауданда мемлекеттік әлеуметтік қызметтер көрсету мақсатында мүгедектерге, қарттарға үйден әлеуметтік көмек көрсетіледі, – деген Жандарбек Мерекеұлы аудан әкімдігінің қаулысына сәйкес, биыл мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру үшін 37 квоталық орын белгіленгенін айтты. Жиында комиссия мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Гүлсина Байкенова сөз алды. Оның айтуынша, жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарын қолдау бағыты бойынша «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанынан мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, мүгедектер қауымдастығы мүшелері, қоғам белсенділерінен тұратын Саяси бюросының шешімімен комиссия құрамы бекітіліп, жұмыс жоспары жасаған. Соған сәйкес, жұмыс атқару кезінде облыста мүгедектер саны жыл сайын толығып, оларға жағдай жасауда кемшіліктер бары анықталған. Қазір облыста 20 мыңға жуық мүгедек жандар бар. Оларға арналған көліктің Атырау қаласы мен Жылыой ауданынан өзге аумақтар болмауы, мүгедектер тарапынан сын пікірлер айтуға түрткі болып отыр. Қауымдастық көтерген мәселелерді зерттегенде бірқатар сынның орынды екендігі анықталды. Отырыста айтылған өзекті мәселелердің шешілу жолдары талқыланды. Мысалы, қала аумағындағы жаңа салынып жатқан тротуарлардың жанынан арнайы белгілер салынуына қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы жұртшылықтан арнайы хат жолданған жағдайда, бұл мәселені шешуге шешім шығаратындықтарын айтты. Үстіміздегі жылы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Наутиевпен аймақта әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жоспарын бекітті. Соған сай жылдың соңына дейін нысандар бейімдеу жұмыстарын жүргізуі қажет. Байқоңырлық нұротандықтар да әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қалай бейімделуіне үнемі бақылау жүргізіп келеді. Бұл жолы қадағалауға Ақай ауылдық округі әкімшілігі мен №99 орта мектеп ғимараттары ілікті. – Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жүріп-тұру мүмкіндігін жақсарту мәселесіне әрдайым назарын аударып келеді. Осыған орай өңірде 2016-2017 жылдарға арналған арнайы «Жол картасы» әзірленді. Сондықтан ғимараттарды қайта жабдықтауға қатысты бақылауды үнемі жалғас­тырып, жұмыстың талапқа сәйкестігін тексереміз, – дейді қоғамдық бақылау тобының мүшесі, Байқоңыр қалалық мүгедектер қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Жеңіс Садықов. Жұмыс тобының мүшелері Ақай ауылдық округі әкімшілігі мен №99 орта мектеп ғимараттарының әлеуметтік бейімділігіне «қанағаттанарлық» деген баға қойды. Мәселен, 320 балаға шақталып салынған мектеп ғимаратында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы автотұрақтар бар. Дегенмен білім ордасына мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жүріп-тұруға арналған пандустарды орналастыруда тиісті ережелер сақталмаған. Көмекке күтуші шақыруға арналған дыбыс батырмасы жұмыс істемейді. Ауылдық округ әкімшілігі ғимаратында автотұрақ, арнайы қызмет көрсету орны мүлдем жоқ. Мүгедектер үшін санитарлық аймақ та қолжетімсіз. Пандус бұрышы рұқсат етілген нормативтерге сай емес. Пандустың ені және оның тұтқалары ұстауға мүлде ыңғайсыз. Жұмыс тобы аталған кемшіліктерді түзету үшін мекеме басшыларына тиісті ұсыныстар беріліп, қадағалауға алды. – Жыл басынан бері байқоңырлық нұротандықтар 10 әлеуметтік нысанға бақылау-тексеру жұмыстарын жүргізген. Тексеру жұмыстары барысында анықталған кемшіліктер бүгінде нәтижелі түрде жөнделіп жатыр. Алдағы уақытта кемғабыл жандар үшін барлық нысан қол жетімді болады деген үміттеміз, – дейді «Нұр Отан» партиясы Байқоңыр қалалық филиа­лының консультанты Әсет Мереков. Ақтөбелік нұротандықтар да «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Қобда және Ойыл аудандарындағы әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігін тексерді. Бақылау тобының мүшелері алдымен Қобда ауданындағы Талдысай селолық клубында болды. Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергі қақпа алдынан-ақ басталады. Автотұрақ жоқ, есік, бас­палдақ, пандус өлшемдері талапқа сай келмеді. Мұндай кемшіліктер жиі байқалды. – Бүгінгі тексерілген нысандар бойынша жалпы ескерту есіктер мен пандустардың талапқа сай келмеуіне, автотұрақтың жоқтығына қатысты болды. Тексерілген нысандарда көзі көрмейтін және құлағы естімейтін азаматтар үшін еш жағдай қарастырылмаған, – деді қоғамдық бақылау тобының мүшесі, «Ақтөбе қаласының сал ауруларды қолдау орталығы» қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Рафик Тазтдинов. Оның айтуынша, Ойыл ауданындағы мәдениет үйінің пандусы талапқа сай келеді. Есіктерде енінің тарлығы болмаса, «Балдырған» балабақшасының ғимараты да мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына қолайлы. – Кемшіліктер анықталған жағдайда біз ескерту жасаймыз. Жыл соңына дейін тағы да тексеріп шығамыз. Осындай жұмыстардың нәтижесінде кемшіліктер жойылып келеді, – деді партияның Ақтөбе облыстық филиалының саяси бөлім меңгерушісі Ақылбек Сахиев. Бүгінде Ақтөбе облысында 24 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның 1000-нан астамы Қобда және Ойыл аудандарында тұрады. Биыл облыс бойынша 354 нысанды бейімдеуден өткізу жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары