286
Жастарды жұмыспен қамту – басты мәселе
Жастарды жұмыспен қамту – басты мәселе
«Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалында «Жас Отан» жастар қанаты «Жастар – Отанға!» партиялық жобасы аясында жастарды жұмыспен қамту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді. Жиынға қатысқандар жұмыссыз жастардың жұмыспен қамтылуына көмек көрсету жайын талқылады. Жақында оқуын аяқтайтын жастардың мамандықтары бойынша өз еңбек жолын бастауларына ықпал жасау – ең басты мәселе.
Дөңгелек үстелге «Жас Отан» жастар қанаты Астана қалалық филиалының төрайымы Лунара Жұмашева, Астана қаласы әкімдігі жұмыспен қамту орталығының өкілдері, Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының және орта арнаулы оқу орындарының түлектері мен студенттері қатысты.
Деректерге сүйенсек, жастар арасындағы жұмыссыздықтың төменгі көрсеткіші тұрғысында Қазақстан ТМД арасында бірінші орында (2013 жылы – 5,4 пайыз, 2015 жылы – 4,2 пайыз). Осы орайда Әзірбайжанда оның деңгейі 10,3 пайыз болса, Беларусьте – 9,7 пайыз, Қырғызстанда – 13,5 пайыз, Молдовада – 9,9 пайыз, Ресейде – 9,6 пайыз, Тәжікстанда – 15,5 пайыз, ал Украинада бұл көрсеткіш 12,9 пайыз деңгейінде болған. Сонымен қатар бұл бағытта Армениядағы жағдай қиындау, яғни онда жастар арасындағы жұмыссыздық 29,4 пайызға жеткен.
– Бүгінде жастарды жұмыспен қамту мәселесі – Қазақстан үшін шешуді талап ететін ең маңызды мәселелердің бірі. Қазіргі таңда Астанада 14 пен 29 жастағы жастардың саны 220 мыңнан асады. Оның 26 мыңы – колледждерде білім алса, 52 мыңнан астамы жоғарғы оқу орындарының студенттері. Қалғандары әр салада жұмыс істейді, – дейді Астана қалалық «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы Лунара Жұмашева.
Расында, жұмыспен қамтудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету арқылы ғана экономикалық жүйенің тұрақтылығына қол жеткізуге болады. Сондықтан жұмыссыз жастарды еңбекке орналастыру, жоғарғы оқу орнын бітіретіндерге жұмыс тауып беру – аса жауапты міндет. Өкінішке қарай, жұмыссыз жүрген жастар бар екенін жасырмауымыз керек. Дөңгелек үстел басында жиналғандар осындай өзекті мәселелерді тілге тиек етіп, жастар арасында жұмыссыздыққа жол бермеудің нақты міндеттерін айқындады.