Адам өмірінің құны: Шығыста басқа, Батыста басқа

 Адам өмірінің құны: Шығыста басқа, Батыста басқа

 Адам өмірінің құны: Шығыста басқа, Батыста басқа
ашық дереккөзі
352
Соңғы бір айдың ішінде әлемнің түкпір-түкпірінде бірнеше лаңкестік шабуыл жасалды. Батыстан да, Шығыстан да тыныштық кетті: дүниенің екі бұрышында да кісі өлімі. Алайда бірінің қайғысына ұлардай шулаған жұрт екіншісінің тәлкекке түскен тағдырына неге көз жұма қарайды? Батыста бір адам көз жұмса, байбалам салатын халықаралық БАҚ Шығыста жүз кісі өлсе неге ерін жыбырлатуға ерінеді? Әлде адам қанының құны әр жақта әр түрлі өлшене ме? Маусымның басынан бері шетелдік БАҚ-та ең жиі қаузалған тақырып – Лондон көпіріндегі лаңкестік шабуыл. Маусымның 3-і күні жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00 шамасында ақ түсті шағын автобусқа мініп, зор жылдамдықпен келген лаңкестер көпір үстімен өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілерді таптап өткен. Бұдан соң Боро базары маңында көліктен түсе сала қолдарындағы үлкен пышақтарымен көшедегі жұртқа тарпа бас салған. Шабуылдардан сегіз адам қаза тауып, елуге жуық адам жарақаттанды. Британ полициясы оқиға орнында үш күдіктінің көзін жойды. Бұл шабуылға жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы мойнына алды. Автобустан жанатын сұйықтық толтырылған 13 бөтелке табылған. Жергілікті полицияның дерегінше, қылмыскерлер осы заттарды қолданып, неғұрлым көп адамды өлтіруді көздеген. Бұған дейін лаңкестік әрекетке күдікті алты адамды ұстаған тәртіп сақшылары өткен жексенбіде жетінші күдікті – 19 жастағы жігітті қолға түсірді. Төтенше оқиғаға байланысты сайлауалды сапарынан Лондондағы кеңсесіне жедел оралған Британ премьері Тереза Мэй 4 маусым күні үкіметтік төтенше комитеттің (КОБРА) шұғыл отырысын өткізді. Отырыстан соң телеарнада мәлімдеме жасаған Тереза ханым лаңкестерге «жетер» деп айтар уақыт келгенін айтты. Премьер бұл оқиғаның соңғы екі айдан астам уақыт ішінде Ұлыбританияда болған үшінші лаңкестік шабуыл екенін еске салды. Биылғы наурыздың 22-і күні Лондондағы Вестминстер көпірінде көлікпен адамдарды басып өткен соң полиция қызметкерін пышақтап, Британ парламентіне кірмек болған терроршыны құқық қорғау өкілдері атып өлтірген болатын. Шабуылды терракт деп атаған Скотланд-Ярдтың мәліметі бойынша, сол жолы төрт адам қаза тауып, 29 адам жараланған. Осы оқиғадан кейін тура екі ай өткенде, мамырдың 22-і күні Манчестердегі жабық стадионда исламшыл жанкешті жасаған жарылыс салдарынан 22 адам мерт болды, олардың арасында балалар да бар. Жарылыстан зардап шеккен 66 адам әлі ауруханада жатыр, олардың 23-і ауыр халде екені хабарланған. Бұл жарылыстың да жауапкершілігін «Ислам мемлекеті» террористік ұйымы мойнына алды. Шығыстағы атыс-шабыстарды, адам қанын суша ағызатын жарылыстарды қалыпты құбылыс деп қарайтын халықаралық қауымдастық Ұлыбританиядағы лаңкестік оқиғалардың үшеуін де елеусіз қалдырған жоқ. Таяу Шығыстағы шабуылдарға елең етпейтін шетелдік БАҚ ағылшындардың мұңына олардың өздерінен бетер қайғырды. Британ ақпарат құралдарындағы терактілерді тергеуге байланысты жылт еткен жаңалықтарды бірінен-бірі іліп әкетіп, әлі күнге дейін жарыса жариялауда.  Екі күннің бірінде қырғынға ұшырап жататын ирактықтар, ауғандар мен сириялықтарға жанашырлық таныта бермейтін халықаралық көшбасшылар да Ұлыбритания халқын қолдауға асықты.  Ағылшындарға алғашқылардың бірі болып АҚШ президенті Дональд Трамп көмек ұсынды. Ол өзінің твиттердегі парақшасында: «Лондонға қандай көмек қажет болса да, біз қол ұшын созуға дайынбыз. Сіздермен біргеміз! Сіздерді Құдай қолдасын», – деп жазды. Үшінші маусым күнгі террактіден кейін Италия да Ұлыбританияның жағдайына қатты алаңдаушылық білдірді. «Лондон тағы да соққының астында. Ұлыбритания халқына көңіл айтып, терроризммен ортақ күрестан тыс қалмайтынымызды мәлімдейміз», – деді Италия премьері Паоло Джентилони. Лондон көпіріндегі оқиға Франция президенті Э.Макронды да есеңгіретіп тастады. «Мұндай трагедия кезінде Франция Лондонды барынша қолдайды. Қазір менің бар ойым – оқиға құрбандарында. Олардың жақындарымен біргемін», – деді Франция көшбасшысы. Макрон терактіден кейінгі үрейдің не екенін біледі. Өйткені өзі президент боп сайланардан үш күн бұрын, яғни 20 сәуірде Париждегі Елисей алаңы маңында атыс болып, екі полицей көз жұмды. Оқиға маңынан өтіп бара жатқан әйел жарақат алды. Көп ұзамай бұл шабуыл да «Ислам мемлекеті» террорлық тобының тапсырмасы бойынша жасалғаны әйгіленді. Бұл оқиғаның қия-қалтарысы да шетелдік ақпарат құралдарының қырағы назарында болды. Батыстағы оқиғалар дүрбелең туғызғанымен, шығыстағы шабуылдар әлемді селт еткізе қойған жоқ. Мәселен, 17 мамыр күні Ауғанстанның Жалалабад қаласында мемлекеттік телерадио орталығының ғимаратына қарулы төрт адам басып кіріп, оның екеуі өздерін жарып жіберді. Оқиға салдарынан екі бейбіт тұрғын қаза тауып, шабуылдан кейінгі атыстан 13 бейбіт тұрғын ауыр жараланды. Лаңкестік оқиғаны ұйымдастырған төртеудің көзі жойылды. Алайда әншейінде Еуропадағы жарылыс атаулыны жарыса жариялайтын шетелдік БАҚ та, халықаралық сарапшылар да бұл оқиға жайлы пікір білдіре қоймады. Қиналғанға қолдау көрсетуге дайын тұратын жұрт ауғандарға жанашырлық танытуға асықпады. Елеусіз қалған тағы бір жантүршігерлік оқиға 7 маусым күні Иранда болды. Иран парламентіне және елдегі танымал туристік нысан – аятолла Хомейни кесенесіне бір уақытта шабуыл жасалды. Депутат Ильяс Хазрати мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында тапаншалы бір адам және Калашников автоматымен қаруланған екі адамның парламент ғимаратына баса-көктеп кіргенін айтты. Оқиға кезінде сегіз адам жараланып, қауіпсіздік күштерінің сарбазы оққа ұшты. Ал Хомейни кесенесінде екі шабуылдаушы өздерін  жарып жіберген. IRNA агенттігінің хабарлауынша, шабуылдардан 7 адам көз жұмып, 30-дан астам адам жарақат алды. Бұл – Иран Ислам Республикасының тарихындағы, яғни, 1979 жылдан бері жанкештілер жасаған ең алғашқы террорлық шабуыл. Әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі саналатын мемлекеттегі бұл берекесіздікті  «Ислам мемлекеті» өз мойнына алды. Иранның арнайы қызметтері ұзақ уақыттан бері қырағылық танытып, лаңкестік ұйымнан төнген қауіп-қатердің бетін қайтарып келгенімен, содырлар ерте ме, кеш пе көздегендеріне жетпей тынбайтыны анық еді. Алайда Иранның ресми өкілдерінің хабарлауынша, «Ислам мемлекеті» бір күнде үш шабуыл  жасауды жоспарлаған. Яғни, Иранның арнайы қызметтері шабуылдардың біріне тосқауыл қоя алған. Манчестер мен Лондон, Париж бен Жалалабад, Тегерандағы оқиғалар бірінен соң бірі орын алуының сыры әлі күнге жұмбақ. Алайда бұл шабуылдардың сипаты мен салдары ұқсас болғанымен, қоғамда қабылдануы әрқилы. Бірі тұтас адамзат баласына төнген қауіп ретінде бағаланса, енді бірінің маңызы –  бозбалалардың қолымен жасалған ұсақ бұзақылықтың деңгейінде бағаланатыны түсініксіз-ақ.  

Серіктес жаңалықтары