Астаналықтардың мазасын алған түнгі клубтың ісімен әкім өзі айналысты

Астаналықтардың мазасын алған түнгі клубтың ісімен әкім өзі айналысты

Астаналықтардың мазасын алған түнгі клубтың ісімен әкім өзі айналысты
ашық дереккөзі
432
Түнгі уақытта астаналықтардың мазасын алған түнгі клуб басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Қазақпарат.  Мекеменің шуылы туралы екі тәулік бойы Жедел басқару орталығына толассыз шағымдар келіп түскен. Бұған дейін қоғам қайраткері, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов әлеуметтік желіде «Москва» бизнес-орталығындағы мекеменің түнгі уақыттағы шуылына наразылық білдірген еді. «Осыдан екі апта бұрын бір беделді кәсіпкер Астанада мешіттегі азаншының дауысынан ұйықтай алмаймын деп шу көтеріп, имамдарға хабарласып, дауысын азайтуға көндірді, - деп жазды Мұрат Әбенов өзінің Facebook парақшасына. - Ал енді барлығына тең талап болу керек. Қаланың қақ ортасында түнгі үште, "Москва" бизнес орталығында орналасқан мейрамхана қарама-қарсы үйдегі азаматтардың мазасын алды. Полиция қызметкерлері ескерту жасағанымен, мейрамхана қожайындары оны елемеді. Тәртіп сақшылары бір сағат қасында тұрып, тоқтата алмады. Сонда оларға заң бөлек пе? Неге тең қарамаймыз?» Өз кезегінде Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев экс-мәжілісменнің түнгі дабылына жедел жауап қайтарды. «Қабылданды. Мұндай жағдайда полиция батыл болуы тиіс. Шара қолданамыз», - деп жауап берді ол. Көп ұзамай, Астана қаласының жергілікті полиция қызметі тәртіп бұзушылардың бірнеше рет жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.  «16 маусым күні «Москва» бизнес орталығында жаңа клуб ашылды. Сол түні сағат 02:00-де 102 пультіне жақын маңда тұратын қала тұрғындарынан тыныштықты бұзу туралы шағым түскен. ІІД Жедел басқару орталығының кезекшісі оқиға орнына кезекші учаскелік инспектор, полицияның аға лейтенанты Ж.Ділмановты жіберген.  Ол Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 437-бабы, 1-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырып, клуб басшылығына 22690 теңге көлемінде айыппұл салған», - деп хабарлады Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі. Бірақ, түн тыныштығын бұзғандарды бір айыппұл тоқтата алмады. Келесі түні де түнгі клубтың шуылы қайталанып, полицияға тағы да шара қолдануға тура келді. «Маусымның 17-інен  18-іне қараған түні аталған клубтың атына қала тұрғындарынан 21 шағым келіп түсті. Астана қалалық ІІД жедел басқару орталығының кезекшісі оқиға орнына жергілікті полиция қызметінің Ырғыз-134 экипажын жіберді. Қызметкерлер қатты ойнаған музыканы сөндірді және мекеме әкімшілігімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әкімшілік хаттама толтыру үшін клуб директоры Есіл аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілді. ІІБ ғимаратында кезекші учаскелік инспектор, полиция лейтенанты К. Әріпхан  ӘКБК 345-бабын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырып, клуб директорына 11345 теңге көлемінде айыппұл салды.  Сол уақытта жедел басқару орталығының 102 пультіне аталған клубтың тыныштықты бұзғаны туралы тағы да қоңыраулар түсті. Жедел кезекші шу орнына «Барс-5», «Барс-6», «Ырғыз-134» экипаждарын жіберді. Қызметкерлер музыканы сөндірді және клуб менеджерін Есіл аудандық ІІБ жеткізіп, түсініктеме жазғызды.  Қазіргі уақытта клуб менеджеріне қатысты кодекстің 437-бабы, 2-бөлімі бойынша әкімшілік іс қозғалды», - деп хабарлады тәртіп сақшылары.  

Серіктес жаңалықтары