371
Куянов ЭКСПО кешені терезелерінің шытынауына жұмысшыларды кінәлады
Куянов ЭКСПО кешені терезелерінің шытынауына жұмысшыларды кінәлады
"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов «Нұр Әлем» сферасындағы шыны қабатының шытынап кеткенін мойындады, деп хабарлайды sn.kz.
Оның айтуынша, жарықшалардың пайда болуына сол жердегі жұмысшылар кінәлі екен. Олар техникалық жұмыстар жүргізу барысында арнайы құрылғыларды пайдаланып, шыныны зақымдап алған. Куяновтың сөзінше, барлығы 5 терезе шытынап кетіпті.
Терезелер қалпына келтірілетін болады. Онымен аталған жұмысшылар жұмыс істейтін мердігер компания айналысады. Яғни, келтірілген шығынды олар өз қалтасынан төлейтін болады.
«Мердігер компания осы уақытқа дейін шыны жабындыларды ауыстырып тастауы керек болатын. Алайда, тасымалдау кезінде жаңа шынылар да зақымданыпты. Енді ертең материалдарды қайта әкеліп, ауыстыруы тиіс», - дейді Куянов.
Еске салайық, ЭКСПО кешеніндегі алып шардың терезесі шытынағанын куәгерлердің бірі байқап, оны бейнекамераға түсіріп алған болатын.