Бүлінгеннен бүлдіргі алған безбүйректер

Бүлінгеннен бүлдіргі алған безбүйректер

Бүлінгеннен бүлдіргі алған безбүйректер
ашық дереккөзі
490
Елімізде ұрлық дейтін дауасыз дерт асқынып барады. Бас прокуратураның мəліметіне сүйенсек, Қазақстанда ұрлық фактілері бүкіл қылмыстың 64 пайызын құрап отыр. Тәуелсіздік алғалы бері 2 милионнан астам ұрлық фактісі тіркелсе, оның 1,5 миллионы ашылмай қалған. Қолының сұғанақтығы бар адамдар қоғамға 70 млрд теңгеден астам шығын келтіріпті. Ең сорақысы, ұрылар тірілерді былай қойғанда өліні де тонаудан тайынар емес. Жантүршігерлік апат,  қабырғаны қайыстырар қайғы үстінде өз құлқынының қамын күйттеп, өзгенің мүлкіне тарпа бас салатындар қазақтың «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген сөзінің мағынасын біле ме екен? Көктемнің биылғы ауыртпалығы жылдағыдан ерек болды. Қызыл судан еліміздің 7 өңіріндегі 52 елді мекен зардап шекті. Көктемгі су тасқынының салдары туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов келтірген деректерге сүйенсек, республика бойынша 1949 үй су астында қалып, 120 тас жолын су шайып кеткен. Баспаналарын су басып қалған тұрғындар үй-жайларынан безіп, мектептерді пана қылуға мәжбүр болды. Жұдырық боп жұмылған жұрт үй-күйсіз қалған ағайынға шама-шарқы келгенше көмек қолын созды. Бірақ өкінішке қарай, апатты пайдаланып, үй, дүние-мүлік тонауды әдет қылған пайдақұмарлар аз емес. Үйлерін тастай қашуға мәжбүр болған тұрғындардың дүние-мүліктерін әлдекімдер қолды қылған. Ұрылар тіпті жетімдердің ризығына да ауыз салудан тартынбаған. Ақтөбеде екі жетім баланың 45 мың теңге жәрдемақысына алынған азық-түлікті үптеп кеткендер жайлы ақпарат әлеуметтік желідегі жұртты шулатты. Қиналған адамдарды сынақты сәтте одан бетер тығырыққа тірейтін тағы бір жайт – тұрмыстық заттар, апат салдарын жоюға қажетті құралдар бағасының күрт қымбаттауы. Мәселен, Ақтөбеде әдетте 4-5 мың теңгенің айналасындағы резеңке етік 10 мыңға (қонышы ұзындары 17 мыңға) дейін өскен. Апат үстінде адамдықтан безгендер жайлы жағымсыз хабарлар  шетелдік БАҚ-та да жиі қылаң береді. Мысалы, биылғы жылдың қаңтарында Қырғызстанның Бішкек қаласы маңында «Боинг» ұшағы тұрғын үйге құлап, 37 адам қайтыс болғаны белгілі. Осы апат кезінде ұрылардың бірі ұшақтың ішінен шыққан екі электрошәйнек пен үш ұялы телефонды қолды қылған. 2006 жылы Ресейдің Владивосток қаласында банк ғимараты өртеніп, салдарынан 9 адам қайтыс болған. Оларды құтқаруға барған өрт сөндірушілер өз істерімен емес, ұрлықпен айналысқан. Өрт сөндіру қызметінде істейтін үш ер адам оқиға орнынан  ұялы телефондар мен ірі көлемде ақша жымқырған.  Мұндай келеңсіз оқиғалар әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатыр.  Сонда мұны қалыпты құбылыс деп қабылдап, қаза үстінде бір күндік дүниені ойлауды «тірі адамның тіршілігі» деп түсіну керек пе?

Біреуге – жан, біреуге – мал қайғы

Жақыны түгіл жаттың өзін жамандыққа қимайтын қазақтың кейбірі жанашырлықты ұмытқанын қаперімізге салған тағы бір оқиға биылғы жылдың ақпан айында болды. Ауырған тісін көрсету үшін стамотологиялық орталыққа келген қарағандылық жігіт емдеу бөлмесіне кіргенде тіс дәрігерінің жерде сұлап жатқанын көріпті. Дәрігерді мас күйінде ұйықтап қалды деп ойлаған ол марқұмның қалталарын ақтарып, екі ұялы телефоны мен 350 мың теңге ақшасын алып, қашып кеткен. Қажетін алып, ешкімнің көзіне түспей тұрғанда табан жалтыратуды ғана ойлаған Мадияр Сағатаев стоматологтың демі таусылғанын байқамаған да. Жұмыс орнында жүрек талмасы ұстап, көз жұмған Марат Нишановтың әйелі күйеуінің екі телефонға да жауап бермегенінен күдіктене бастайды. 26 жастағы ұрыны қолды болған телефонның көмегімен байланыс операторлары тауып алған. Сағатаев ұрлығын мойындап, дәрігердің қайтыс болғанын білмегенін айтты. Ол телефонның бірін өзіне қалдырып, екіншісін танысына сыйлап жіберген. Қалтаға басқан 350 мың теңгенің біраз бөлігін жаратып та үлгеріпті. Алайда Мадияр Сағатаев қолды қылған екі телефонды да, ақшаны да марқұмның жесіріне қайтарып берді. Сол үшін оның жазасы жеңілдеп, бір жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Ардан безгендер жол апатына ұшырап, көз жұмған жолаушыларды тонаудан да шімірікпейді осы күні. Жуырда  Орал-Ақсай тас жолындағы апаттан қаза болған әйелдердің қымбат әшекейлері мен ірі көлемде қаражаты қолды болды. Марқұм Айнагүл Есмадиярованың ағасы Аманжол Күрпеевтің айтуынша, өмір мен өлімнің ортасында жатқан әпкесінің алтын сырғасы, сақинасы, сөмкесіндегі бар ақшасын белгісіз біреулер тонап кеткен. Ауруханаға жеткен соң көз жұмған әйел ертерек көмек көрсетілсе тірі қалуы мүмкін еді. Алайда ұры хал үстінде жатқан адамның өміріне араша болуға тырысуды ойламаған. Керегін алып, жөніне кеткен. Сол апатта көз жұмған тағы бір жолаушы – 20 жастағы Салтанат Әділованың  туыстары да марқұмның сөмкесінен ірі көлемде ақша жоғалғанын айтты. Төтенше оқиғадан аман қалған жолаушы – Марина Рогова ес-түссіз жатқандықтан, апат үстінде адам тонаған арсызды көре алмаған. Осыған ұқсас оқиға өткен жылдың қарашасында Шымкентте болған еді. «Лада приора» мен «Ауди» автокөліктері соқтығысып қалған. Ресейлік көліктен түскен жігіттер ес-түссіз жатқан «Ауди» жүргізушісінің ірі көлемдегі ақшасын алып кеткен. Жергілікті полицияның дерегінде, апатқа айыптылар жәбірленушілердің 10 млн теңгесін ұрлап, із суытқан. Ел ортасынан соңғы жылдары осы сарындағы сорақылықтарды құлағымыз жиі шалады. Сұғанақтықтың сан түрін естіп, біліп жүрсек те, апатқа ұрынып, өлім мен өмірдің арасында арпалысқан жандарды аударып-төңкеріп, тіміскілейтіндерді көз алдыңызға елестетіп көріңізші... Қарап отырсақ, кейінгі кездері жол үстінде күтпеген қатерге кезіккен көлікті тонау жиілеп кеткен сияқты. Қалалардың ортасында жолаушы тасымалдайтын такси жүргізушілерінің айтуынша, апатқа ұшыраған көліктегі адамдардың қалтасы мен сөмкесіндегі заттарға кездейсоқ жолаушылар ғана емес, кейбір жол полиция қызметкерлері және жедел жәрдем қызметкерлері де қол сұғатын көрінеді. «Бұрындары жол үстінде көліктер апатқа ұшыраса, ары-бері ағылғандар лезде тоқтап, жапа-тармағай көмекке ұмтылатын. Қазір біреудің жағдайына біреу бас ауыртқысы келмейді. Адамдар өлім аузында жатса да көліктер жанынан өте шығады. Тоқтаса, көмек көрсетуге емес, қойны-қонышын ақтарып, тонауға баратындай. Әрине, әлі де адамгершілікті ұмытпай, кісі баласына көмегін аямайтындар жайында сөз басқа. Дегенмен жәбірленушілер көп ретте шағымданбаған соң, ұры ұсталмаған соң, ешкімді де көзге шұқи алмайсың. Апаттан қайтыс болған адамның туыстары қайғы жамылып отырып, жоғалған затты даулай қоймайтыны айтпаса да белгілі. Оқыс оқиғадан соң о дүниеден оралғандай күй кешетіндер де қолды болған дүниесін «құдайы» деп көңіл жұбатады» дейді Алматы мен Тараз ортасын күнде жол қылған такси жүргізушісі Амандық Қалқабаев. Біздің де даулағанымыз дүние емес.  Иман, адамгершілік пен ар-ұяттың жоқшысымыз. Шыбын жанын шүберекке түйіп, жолға кім шықпайды?! Қанша жерден аңдап бастық десек те, кездейсоқ оқиғадан ешкім де сақтандырылмаған ғой. 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде республика жолдарында 6038 жол-көлік оқиғасы болып, онда 9045 адам зардап шекен, оның ішінде 731 адам қайтыс болды. Ал 2015 жылы 2 жарым мың адам жол үстінде жан тапсырған. Бұған қоса әртүрлі деңгейде жарақат алған 24 мың жерлесіміз бар. Өткен жылдың соңында Сенатта өткен жол қозғалысы саласындағы құқықтық реттеу мәселесіне арналған жиында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауғанстандағы 10 жылға созылған соғыста 15 мың адам қаза тапты. Ал егер біздегі жол-көлік апаттары азаймай, осы күйінде қалса, алдағы 10 жылда 25 мың жерлесімізден айырыламыз. Бұған қоса миллиондаған адам жарақат алады. Сондықтан бұл өте өзекті мәселе және шұғыл шешімді қажет етеді», – деген болатын. Одан бері жағдай оңалып кетті дей алмаймыз. Жыл сайын елімізде қаншама шақырым жол жаңартылып, апаттардың алдын алу үшін түрлі-түрлі амалдар қарастырылса да, күре жолдағы қайғылы оқиғалардың саны азаймай тұр. Апат көбейген сайын төтенше оқиға орнындағы ұрлық-қарлық та ушығып барады.  Осындайда қазақтың қадірлі ақсақалдарының «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп, жақын-жуығына даулы, бұзылған, тоналған тұстан сабақты ине де алдырмайтын көрегендігі ойға оралады.  «Қырсық шалған жердегі сәтсіздік пен бақытсыздыққа біз де тап болмайық» деп, өзгенің дүниесіне қол сұқтырмайтын дана қариялардың тәрбиесі ақсап-ақ тұр. Тірілерді қойып, өлілерді тонаудан қаймықпайтындардың көбейгені сондықтан шығар, бәлкім. Ондайлар бұрын да болған. Соғыс кезіндегі деректерді оқып отырып, оқ пен оттың ортасында жүріп те құлқынның қамын ойлағандардың аз болмағанына көз жеткіземіз. Дүние шіркінді қойсаңызшы, жаудың нысанасына ілініп кетуі мүмкін екенін біле тұра кейбір дүниеқоңыздар өліктерді аралап, ақша, марқұмдардың алтын сағат пен сақиналарын шешіп алған көрінеді. Ажал сәт санап төбесінен төніп тұрса да, кейбіреулер байлық десе, есін жоғалтып, тіптен өмірін де ұмытқан. Әрине, ұсталғандары әскери трибуналға тартылады, сотталады. Ал байқалмай құтылғандар байлықтың қызығын көреді дейсіз бе?! Тіптен олай емес, көп ұзамай ажал құшады. Өйткені соғыстың ырымы солай, өліктің үстінен зат шешіп алған адам да соның соңынан аттанады екен. Адам баласының өмірі жол үстінде өтетіндіктен, тағдыры тәңірінің таразысына тартылып тұр емес пе?! Жол бойындағы пендәуи парықсыз тірлік үшін таразының қай басы басым түсетіні айтпаса да белгілі.

               Құдайдан қорықпағаннан қорық

Ұрлықты кәсіп еткендер үшін табыстың тағы бір көзі – зираттар. Жуырда  Қарағанды облысы, Бұқар жырау аудандық ІІБ криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері Доскей ауылының маңында 38 жастағы аудан тұрғынының басқаруындағы «Фольксваген-Пассат» автокөлігін ұстап, көлік ішінен зираттардың темір қоршауларын тәркіледі. Ұсталған күдікті азаматтық некедегі әйелімен бірге Доскей ауылындағы екі бейіттің темір қоршауларын сату мақсатында қолды қылғанын мойындады. Тергеу барысында күдіктілердің бұған дейін дәл осындай қылмысты 8 мәрте жасағаны белгілі болды. Оңай олжа іздегендер Алматыдағы Кеңсай зиратының маңын да жиі торуылдайды. Өткен жылы түнгі уақытта зираттағы түрлі-түсті металдан құйылған ескерткіштерді қолды қылып келген қылмыстық топ ұсталды. Сақшылар үш жігітті кезекті қылмыс үстінде қолға түсірді. Жеңіл көлікпен келген қылмыскерлер мыстан құйылған мүсінді сым арқанмен машинаға байлап тартып, түбімен қопарып алып кетпек болыпты. Алайда арам ойлары жүзеге аспады. Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, жауапқа тартылған ұрылар жаз мезгілінде зират жасаумен, зират басын қарайту жұмыстарымен айналысады екен. Ал тапсырыс болмайтын уақыттарда осылай жан бағатын көрінеді. Шымкенттіктер де зираттардың басына тас қоюға қорқатын болған. Өйткені марқұмдардың басына қойылған қара гранит пен мәрмәр тастарынан жасалған ескерткіштері соңғы кездері жиі ұрланады. Әсіресе, қаладағы «Қайтпас» аталып кеткен бейіттен қара гранит тастарын ұрлау фактілері бірнеше мәрте тіркелген. Отан соғысында ерлік көрсетіп, кейін өмірден өткен әкесіне қойылған ескерткіштің жоғалғанын көрген Галина Дюшкова қылмыскерлерді іздеп әуре болмапты. Өйткені қасиетті орында ойран салғандарды заң түзей алмайды деп есептейді. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді қазақ. Қорқынышты ұмытқан сұғанақ қолдар қазақтың қалтасымен бірге ең қастерлі байлығы –  ары мен ұятын да тонап жатқандарын біле ме екен?

Серіктес жаңалықтары