303
Ресейлік шенеуніктер туралы деректер құпияланатын болды
Ресейлік шенеуніктер туралы деректер құпияланатын болды
Ресейдің Мемлекеттік дума депутаттары Федералды күзет қызметінің (ФКҚ) өкілетін кеңейтуге рұқсат беретін заң жобасын үшінші оқылымда қабылдады. Атап айтқанда, заң жобасы ФКҚ-ға азаматтардың жеке деректерін құпия ұстауға рұқсат береді. Бұл үкіметтегі лауазымды шенеуніктердің, ірі компания басшыларының, губернаторлардың жеке мүліктерін және тұрғылықты жерлерін жария етпей, құпия ұстауға құқылы, деп хабарлайды Орталық Азияның жаңалықтар қызметі.
Заң жобасына сәйкес, аталған шен иелерінің жеке деректерін алу үшін тек мемлекеттік күзеттің рұқсаты керек.
Сонымен бірге, аталған заң жобасында көрсетілгендей, ФКҚ шенеуніктердің жеке бастарын емес, олардың отбасы мүшелері туралы деректерді де құпия ұстайды. Мұнан бөлек Федералды күзет қызметі кез-келген уақытта жолдағы қозғалыстарды уақытша шектей алады және әуежайлар мен көлік алаңдарын тегін пайдалана алады.
Федералды күзет қызметінің өкілеттігін кеңейту туралы ұсынысты ақпан айында ел президенті Владимир Путин жасаған. Наурыз айында мемлекет басшысы ФКҚ-ға мемлекеттің қажеттілігі үшін жер учаскелерін тартып алуға құзырет берген болатын.