408
3 жасар баланы оқтаумен ұрып өлтірген қылмыскер сотталды
3 жасар баланы оқтаумен ұрып өлтірген қылмыскер сотталды
Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында екі жасар баланың өліміне қатысты наурыз айының басында тіркелген қанды оқиғаға қатысты сот үкімі шықты. Үш жасар баланы айуандықпен өлтірген қылмыскер 16 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қайғылы оқиға елдімекеннен шалғайлау орналасқан шаруа қожалығында тіркелген. Мас болып келген 37 жастағы қожалық иесі жұмысқа ауызша келісімге отырған көмекші әйелдің баласына тиісе бастайды. Тіпті оны қорлап арақ ішкізуге мәжбүрлеген. Мұны көрген баланың анасы араша түскенімен, қылмыскер оған қолына оқтаумен тап береді. Ақыры, үйден қашып шыққан баланың анасы тезірек сырттан көмек шақыруға ұмтылады. Осы кезде қылмыскер айуандықпен баланы оқтаумен ұрып, қабырғаға басын соққан.
Адам төзгісіз қорлық пен қинаудан бүлдіршін аман қалған жоқ. Сырттан азаматтық некедегі күйеуін шақырып келгенде қылмыскер есік алдында тұрады. Үйіне кіріп, баланың қайтыс болғанын көрген ана қайғыдан қан жұтып, не істерін білмепті. Ал қылмысын жасырмақ болған қанішер баланың шешесін қорқытып, полиция қызметкерлеріне айтса оның да түбіне жететінін білдірген.
Зар илеген ана ақыры полиция қызметкерлеріне болған жайды баяндап береді. Сотта өз кінәсін толық мойнына алмаған сотталушы баланың қорадан өзі құлап кеткенін алға тартып жалтармақ болған. Бірақ, сотта келтірілген дәлелдер қылмыскерді бұлтартқан жоқ. Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы 16 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, ол қайтыс болған баланың анасына 1 миллион теңге моральдық шығынын өтеп беруге міндеттелді.