284
Мәжілісмендер демалысты қайда өткізеді?
Мәжілісмендер демалысты қайда өткізеді?
ҚР парламенті екінші сессияны жауып, депутаттар қыркүйекке дейін каникулға шықты. Халық қалаулылары жазғы демалысты қалай және қайда өткізбек? Депутаттар, сессияны жапқаннан кейін, ең әуелі, өңілерді аралап, сайлаушылармен кездеспек, деп хабарлайды Sputnik.
“Батыс Қазақстан облысына барып, бір ай халықпен кездесіп, жұмыс істеуіміз керек. Бір жыл бойы парламенттің қабылдаған заңдарын қалай жүзеге асатынын түсіндіру қажет. Өзін өзі басқару туралы, жайлау туралы, сонымен қатар президенттің өкілеттігін парламент пен Үкіметке беру туралы заңдардың барлығы тікелей халыққа байланысты. Сонымен бірге, ертең қыркүйекте келген кезде қандай заңдар қабылдаймыз, қандай заңдарға өзгеріс енгіземіз? Соны жергілікті жерден, халықтан естіп келуіміз керек”, — дейді сенат депутаты Ерболат Мұқаев. Бір ай бойы халықтың мұң-мұқтадын тыңдағаннан кейін депутат Ресейдегі Ессентукиде 12 күн демалып келмек. Ал мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов жылдағы дәстүр бойынша отбасымен Алакөлде тынығуды жоспарлап отыр. Ол туған елінің тамаша табиғатында демалғанды жөн көреді екен.
“Маған бұл сұрақты жылда қояды. Мен әрқашан еліміздің шығысындағы Алакөлде демаламын деп айтамын. Биыл да сол жерге барамын. Оған дейін елдің ортасында болып, аудан, ауылдарға барып, халықпен кездесіп, жағдайын біліп, бірге боламыз. Жалпы халықтың ортасына бара жатырмыз”,- деді депутат.
Қуаныш Сұлтанов үшін жаз бойы ағайын-туыс, отбасы, бала-шағаның ортасында болудан артық демалыс жоқ екен.
“Демалу деген мен үшін шартты нәрсе. Бала-шағамның, ағайынның ортасына барсам, ол маған демалыс. Солармен араласып, әңгімелесіп, дидарласып отырсам, ол да маған демалыс. Курорт деген он күн ғана. Шетелге бармаймын. Бұрын барғанмын, биыл бармаймын. Ондай жоспарымда жоқ, елде боламын. Өйткені мені күтіп жүрген адамдар көп. Қыс бойы бара алмаған ағайын- туыстар бар, солар күтіп жүр. Сіздер жастар бізді әлі түсінбейсіздер, үлкейген кезде ғана түсінсіздер”, — дейді мәжіліс депутаты.
Депутаттардың ішінде каникул кезінде өз білімі мен білігін жетілдіруді көздеп отырғандар да жоқ емес. Мысалы, мәжілісмен Сапар Ахметов экономика, білім саласы бойынша жазда жұмыс істеп, біршама мәселелерді зерттемек. Бұған қоса, ол екі аптаға Ұлыбританияға ағылшын тілі курсына бармақшы. “Қазір ағылшын тілін меңгеріп жатырмын. Базалық деңгей бар. Енді оны жақсартқым келеді, тәжірибе керек. Бүгінде зерделейтін ақпарат көп және оны бастапқы дереккөзден алған дұрыс. Біз ол ақпаратты Ресейден немесе басқа жерден аударылып келгенше күте алмаймыз. Уақыт жоғалтамыз. Сондықтан бізге ақпаратты бастапқы дереккөзден тез алу қажет”, — дейді ол.
Сонымен бірге депутат отбасына көңіл бөліп, бала-шағасымен бірге демалуды жоспарлап қойыпты. Бірақ қайда баратындарын әлі шешпеген. Дегенмен, шетелде емес, елімізде демалу мүмкіндіктерін қарастырмақшы.