Әлем сүйсінген суоми

Әлем сүйсінген суоми

Әлем сүйсінген суоми
ашық дереккөзі
384
Бұл мемлекет әлемдегі ең жасыл елдер рейтингінде бірінші орында. Инновациялар мен өнертабыстар саласында да көшбасшы. Ал таза технологиялар саласында жаһан бойынша екінші орынға ие. Аумағының 70 пайызын орман алқабы алып жатқан мемлекет ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі алаңқайының құрылысына 600 тонна қарағай пайдаланыпты. 4 бөлімнен тұратын павильон «Финляндия – таза энергия» деп аталады. ЭКСПО кешенінен басталған таңғажайып таныстық финдердің тыныс-тіршілігіне деген қызығушылығымызды арттыра түсті. Аядай аумақты мекен етіп отырған ат төбеліндей халық алты құрлықтың аузына қалай ілікті? Биыл Финляндияның егемендігіне 100 жыл. Бір кездері кеңестік нарыққа тәуелді ел Кеңес Одағы құлаған соң күйреудің аз-алдында тұрды: мемлекеттің ішкі жалпы өнімі 13 пайызға құлдырап, жұмыссыздық деңгейі 18 пайызға артты. Банк жүйесі терең дағдарысқа тап болып, соқыр тиынсыз қалғандар көбейді. «Елдің енді еңсе түзей қоюы екіталай» деп тон пішкендер де көп болды. Алайда бұл жағдай табиғатынан сабырлы да салқынқанды финдердің жігерін құм қыла алған жоқ, керісінше қамшылай түсті. Елді 90-жылдардың тұңғиығынан суырып алған – экспорт. Кеңес Одағы күйрегеннен кейін 1995 жылы ЕО-ға жедел мүше болған Финляндия еуропалық тауарларға өз нарығының есігін айқара ашып, төл тауарларын Еуропа нарығына жөнелте бастады. Бүгінде ел өндірісің 80 пайызы шекара асады, бұл – ІЖӨ-нің үштен бір бөлігі. Мәселен, дүниежүзіндегі баспа қағазы экспортының 20 пайызы Финляндияның үлесіне тиетінін айтпай кетуге болмас. Мемлекеттің экономикалық дамуына серпін берген – шағын және орта бизнес. 90 жылдардың аумалы-төкпелі кезеңінде финдер экономиканы түбегейлі либерализациялап, жеке кәсіпорындар мен банктерін жаппай сата бастаған еді. Келмеске кеткен ол күндерді финдер әлдеқашан ұмытқан. Қазір тірлік қылам, өз күнімді өзім көрем деген әрбір финляндиялыққа жол ашық, мүмкіндік көп. Елдегі ІЖӨ-нің 70 пайызын беріп отырған шағын және орта бизнес бүгінде еңбекке қабілетті халықтың 60 пайызын жұмыспен қамтып отыр. Фин бизнесінің табысты дамуы екі факторға байланысты. Біріншісі – салықтық және қаржылық құрылым. Финляндия билігі салықтық қысымды азайтпайынша тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырам деу бос әурешілік екенін дер кезінде түсінді. Бірнеше жыл бұрын жылжымайтын мүлік салығын жинау тоқтатылды, корпоративтік салық көлемі 29 пайыздан 26 пайызға дейін, ал НДС 22 пайызға азайды. Табыс салығы да төмендетілді. Финляндияда бұл салық прогрессивті сипатқа ие, оның ең жоғарғы ставкасы 52,5 пайызға тең. Әрине, фин елін инвестициялық жұмақ деуге келмес, мұнда құйылған қаржының өзін-өзі ақтау мүмкіндігі 4-7 пайыздың айналасында. Есесіне, тұрақтылық пен құқықтық қорғаныс жағынан алаңдаудың қажеті жоқ. Сенімді табысқа кепілдік бар. Финляндия экономикасы жайлы ақпараттық ресурстардың дерегіне сүйенсек, бұл мемлекетте инвестициялық қауіп деген түсінік жоқ. Шағын және орта кәсіпкерліктің қадамын нығайта түскен екінші фактор – мемлекеттің бизнеске жоспарлы түрде қолдау көрсетуі. Елде шағын және орта кәсіппен айналысатын азаматтарға қол ұшын созатын бірнеше бағдарлама жұмыс істейді. Мәселен, шағын фирмаларға қызметінің алғашқы жылы мемлекеттен бастапқы қолдау – инвестициялық жоба құнының 45 пайызы көлемінде қаржылай көмек беріледі. Өзге дамыған өндірістік мемлекеттер секілді мұнда да бәсеке жоғары. Алайда финдер кез келген істің қадамына тұсау болып, дамуын тежейтін бюрократиялық процестерді жоя алған бірден бір халық. Мәселен, Финляндияда компанияны есепке қою үшін ұзын-сонар кезекке тұрудың, табан тоздырып, сан есікке телмірудің қажеті жоқ. Финляндияның барлық қаласында кәсіпкерлерге көмек қолын созатын орталықтар мен консалтингтік агенттіктер жұмыс істейді. Мұндай орталықтар 1990 жылдардағы қаржы дағдарысы кезінде құрыла бастады. Кәсіпкерлік орталықтары жергілікті аймақтық бюджет есебінен қаржыландырылады. Олардың негізгі міндеті – кәсіпкердің өмірін мейлінше оңтайландырып, бизнес-идеясын жүзеге асыруға көмектесу. Орталық мамандары өз кәсібін бастағысы келетіндерге бизнес-жоспар құруға көмектеседі. Орталықтағы әрбір жас кәсіпкерге бекітілетін көмекші-менторлар іскерлік әлемдегі өз тәжірибесімен бөлісіп, білгенін үйретеді.

Зейнеткерлері бейнет көрмейтін ел

Forbes жүргізген зерттеудің қорытындысына сүйенсек, табиғаты қаһарлы мемлекетте өмір сүретін финдер әлемдегі ең бақытты халықтар рейтингінде екінші орынға тұрақтаған. Тек дат халқына есе жіберген финляндиялықтардың өмірі расында да көпке арман. Халықтың жайлы тұрмысын бәрінен биік қоятын мемлекетте адамға қамқорлықтан жоғары жауапкершілік жоқ. Бұған көз жеткізу үшін алысқа бармай-ақ, кез келген фин дүкеніне кіріп шықсаңыз жеткілікті. Баланың арбасын сүйреткен адамдардың еш кедергісіз сауда жасауына бар жағдай қарастырылған. Тіпті, есіктерге амортизациялаушы серіппенің орнатылуы да балалы азаматтардың қолайы үшін жасалғаны анық. Елдегі орташа жалақы 3 мың еуродан жоғары, зейнетақының орташа көлемі – 1344 еуро. Фин зейнеткерлеріне түрлі жеңілдіктер ұсынылған: жол жүру құнының 50 пайызға төмендетілуі, бассейндерге, сауықтыру орталықтарына бару жеңілдіктері. Зейнет жасындағылар өз қаражатына жылына бір, кейде екі мәрте жылы аймақтарға барып, күнге қыздырынып келе алады. Қалталы зейнеткерлер тіпті Испаниядан саяжай сатып алуға қауқарлы. Бүгінде испан жерінде бірыңғай фин зейнеткерлері тұратын ауылдар бар деседі. Финляндияда жұмыссыз азаматтарға 1,5 жыл бойы жалақының 85 пайызы көлемінде өтемақы төленеді. Қысқартуға іліккендер, кіріс көзінен айырылғандар бала-шағам аш қалады деп алаңдамайды. Басқа жұмыс тапқанша мемлекет қолдау көрсететінін біледі. Сондықтан фин көшелерінен алақан жайған қайыршыны, үй-күйсіз жүрген қаңғыбасты, ішкілікке салынған маскүнемді де кезіктірмейсіз.

Оқушылар емтихан тапсырмайтын мемлекет

Тазарту қондырғыларын орнатпай-ақ құбырдан әлемдегі ең таза суды ішіп отырған фин халқы экономикасы мен экологиясы ғана емес, денсаулық сақтау және білім беру жүйесінің жетістіктерімен де жаһанға мәшһүр. Мамандар елдің экономикалық қуатының сырын білім мен ғылымның дамуынан іздейді. Жоғары технологияларға сүйенген экономикаға жоғары білімді еңбек күші қажет екені белгілі. Сондықтан финдердің өмірінде ілім-білімнің алар орны ерек. Финляндияда университет профессорының жалақысы жеке компания директорының айлық табысына жетеғабыл. Әлемдегі ең нәтижелі жүйелердің бірі ретінде мойындалған фин білім беру жүйесі өзгелерге несімен үлгі? Ең әуелі мектептердегі теңдік қағидасын ерек атап өтуге тиіспіз. Финляндияда мектептердің барлығы дерлік мемлекеттік, жекеменшік мектептер жоқ. Оқушылардың ата-анасының әлеуметтік және қоғамдық статусына мән берілмейді. Фин мектептерінде оқушылар «жақсы» мен «жаманға» бөлінбейді. Білім алушыларды бір-бірімен салыстыруға тыйым салынған. Дарынды балалар мен ақыл-есі дұрыс дамымаған балалар бір сыныпта оқиды. Пәндер де мән-маңызына қарай жіктелмейді. Бір пәнді тереңдетіп оқып, екіншісіне үстіртін қарауға болмайды. Финляндияда жалпы білім алу тегін. Тіпті оқулықтар, көлік тасымалы, тамақ, сыныптан тыс іс-шаралар, оқу құралдары, ноутбук, планшетке дейін мемлекет есебінен. Жеке тұлғаны дамытуға баса көңіл бөлетін жүйе бойынша әрбір оқушыға қабілеттерін ескере отыра жеке оқу жоспары жасалады. Бір сыныпта әртүрлі деңгейдегі тапсырмалар орындалады. Оқушыларға болашақ өмірде қажет болатын ілім-білім ғана үйретіледі. Мысалы, пештің құрылысын үйренудің қажеттілі болмаса, оған арнайы сағат бөлінбейді. Оның орнына фин оқушылары сайт жасау, салықтарын есептеу, шарт жасасу, кірісін есептеу секілді дүниелерді біліп шығады. Фин мектептерінің тағы бір ерекшелігі – оқушыларға үй тапсырмасы өте сирек беріледі. Балалар сабақтан тыс уақытта демалу керек деп есептейді. Ата-аналар баласының сабағын орындатумен уақыт өткізгенше, отбасымен мұражайға, тауға барғанды құп көреді. Білім берудің таптаурын тәсілдерінен бас тартқан мемлекет оқушылардан тоқсан сайын емтихан қабылдауды да құптамайды. Тек жалпы орта мектеп бітірер уақытта тапсырылатын тест бар. Бірақ ол тестің нәтижесі оқушыға да, мұғалімге де, мектепке де әсер етпейді. Ұстаздарға сенім бар. Министрлік оқытушылар қауымын тексеріспен шаршатпайды. Мемлекет бағыт-бағдар ғана береді, әр мұғалім өз әдіс-тәсілімен оқытуға құқылы. Оқушының да құқы кең. Егер білім алушыға мұғалімнің сабақ өту тәсілі немесе оның түсіндіріп жатқан тақырыбы ұнамаса, ол кітап оқуға, жазуға, яғни басқа нәрсемен шұғылдануға ерікті. Оқушыларға партада отыру да міндеттелмейді. Қаласа жердегі кілемде отыра алады. Төменгі сынып бөлмелері дивандармен жабдықталған. Ауа райы қолайлы уақыттарда сабақтар таза ауада өткізіледі. Еркіндікті білім беру жүйесінің негізі етіп алған финдерде мектеп формасы мүлдем жоқ. Оқушылар жатарда киетін киіммен келсе де ешкім қырын қарамайды. Оқығысы келмеген баланы қыспаққа алу да бұл елдің ұстанымына жат. Егер оқушының қандай да бір сабаққа қызығушылығы болмаса, мұғалім «екілікпен» қорқытпайды. Керісінше, оны қызықтыратын саланы табуға тырысады. Егер оқу үлгерімі тым нашар болса, келесі сыныпқа көшірмейді. Фин мектептерінде сыныптан сыныпқа көшпей қалу ұят нәрсе емес. Өйткені болашаққа жауапты түрде дайындалу керек деген түсінік үстемдік құрған. Финляндия мектептерінде 9-10 жылдық орта мектепті бітіргеннен кейін арнайы гимназиялар мен лицейлерде оқи алады. Содан соң жоғары оқу орындарына түсе алады. Университеттердің бәрі мемлекет есебінен қаржыландырылады, студенттер алған білімі үшін ақы төлемейді. Жоғары оқу орындарына түсу үшін оның алдында оқыған оқу орындарындағы үлгерімдері есептеледі немесе кейбір университеттерде түсу емтихандары ұйымдастырылады. Бұл мемлекеттегі жоғарғы білім беру жүйесінің басты артықшылықтары – теория мен практиканың теңдігі. 3,5-4,5 жыл оқып, бакалавр дәрежесін алып шыққан студент ешқандай сынақ кезеңінен өтпей-ақ жұмысқа орналасып, тәжірибелі мамандармен иық тіресе еңбек ете алады.    

Серіктес жаңалықтары