192
Қазақстандықтар бір айдың ішінде көлік сатып алуға 50,6 млрд теңге жұмсады
Қазақстандықтар бір айдың ішінде көлік сатып алуға 50,6 млрд теңге жұмсады
Cоңғы алты айдың ішінде қазақстандық дилерлер 20 876 мың жаңа көлікті сатты. Соның ішінде экспортқа шығарылған автокөліктер де бар. Жалпы, көлік салондарының табысы 180,7 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандықтар маусым айында жаңа көліктерді сатып алуға 50,6 млрд теңгені жұмсады. Қазақстанның автобизнес қауымдастығының мәліметіне сәйкес, эскпортқа шығарылған өнімді бірге санағанда бір айдың ішінде 5172 көлік сатылды. Бұл мамыр айымен салыстырғанда 34 пайызға артық. Сол кезде 3868 көлік сатылған болатын.
Қазақстанның көлік нарығында Toyota әлі күнге дейін жоғары сұранысқа ие. Одан кейін Lada, UAZ, Ravon мен Renault келеді. Бұдан бөлек, SsangYong (+146%), Renault (+71%), Chevrolet (+59%) пен JAC (+44%) көліктерінің көптеп сатыла бастағаны байқалады.
Ал Skoda (-40%), Infiniti (-46%) мен Ford (-57%) көліктерінің саудасы төмендеп кетті. Сонымен қатар, Iveco көліктерінің саудасы қыза түсті. Ағымдағы жылы мамыр айында 8-ақ көлік сатылса, маусымда аталған көрсеткіш 213 данаға жетті. Сондай-ақ, KAMAZ бен Mercedes-Benz Trucks маркалы коммерциялық көліктер саудасы екі есе, тіпті үш есеге артты.
Жалпы, бүгінде коммерциялық көліктер нарықтың 18,6 пайызын алып отыр. Соның ішінде жүк көліктері - 64 пайыз, LCV- 15,7 пайыз, сондай-ақ автобустарға нарықтың 20,3 пайызы тиесілі.
Автобустар сегментінде Iveco маркалы көліктердің үлесі басым - 89 пайыз, қалғанын Hyundai мен ЛиАЗ өзара бөлісіп отыр. Маусым айында ішкі сұраныс қана емес, сыртқы тапсырыстар күрт өсті. Өткен айда 584 көлік шетелге сатылды. Мамыр айында аталған көрсеткіш 47 көлік болған. Жалпы, алты айдың ішінде Қазақстанда құрастылған 925 көлік сыртқа сатылды. Ол тауардың ішінде Hyundai, JAC ,Toyota, Lexus пен Lada-ның өнімдері бар.