451
Келесі жылы мемлекеттік қызметкер өз бастығынан жоғары жалақы алуы мүмкін
Келесі жылы мемлекеттік қызметкер өз бастығынан жоғары жалақы алуы мүмкін
Мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі келер жылы пилоттық жоба ретінде енгізіледі, деп хабарлайды 24.kz
Сөйтіп, жалақының көлемі жұмыскердің мемлекеттік қызметке қосқан үлесіне байланысты белгіленеді. Тіпті төменгі лауазымдағы азаматтардың еңбекақысы басшысынан артық болуы мүмкін.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген басым бағыттардың алғашқысы осыны меңзейді. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова баспасөз мәлихатында хабарлады.
Айгүл Шайымова, ҚР МҚІСЖҚА төрағасының орынбасары:
- Жаңа жүйе ендігі жылдан бастап, пилоттық режимде енгізіледі. Пилоттық жоба бойынша үш мемлекеттік орган өтеді: Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Әділет министрлігі және Алматы облысының әкімдігі. Олар апробация жасап, кемшіліктерді қарап, содан кейін енгізілетін болады.
Айгүл Шайымова елімізде білімді мемлекеттік қызметкер көбейгенін айтып отыр. Мәселен, кәсіби біліктілігінің арқасында жоғары мансапқа жеткен азаматтардың саны 8 мыңға жуықтады. «Іріктеудің үшінші кезеңінде үміткерлердің тәуелсіз бақылаушыларды тарту мүмкіндігі пайда болды», - дейді агенттік төрағасының орынбасары. Яғни кандидаттармен сұхбаттасудың ашық өту барысын депутаттар, журналистер немесе үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қадағалай алады. Сондай-ақ мұндай қызметке орналасуға ниет білдірген азаматтар аудио және бейнежазба қолдануға құқылы. Бүгінде Ұлт жоспарының бірінші бағытында көрсетілген 15 міндеттің он бірі толықтай жүзеге асты.
Астон Уильям Питер, халықаралық сарапшы:
- «100 нақты қадам» Қазақстанның дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз. Мемлекеттік қызмет биліктің мейілінше ашықтығы, ақпараттың қолжетімділігі және қызметкерлердің біліктілігіне негізделіп құрылады. Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамы осы мақсатты көздейді. Қазақстанның тиімді мемлекеттік аппараты әлемдік стандарттарға сай қалыптасады деп сенемін.