252
Николас Кейдж әуежайға қазақтың шапанымен аттанды
Николас Кейдж әуежайға қазақтың шапанымен аттанды
«Оскар» сыйлығының иегері, Голливудтың танымал актеры Николас Кейдждың бүгінгі жұмыс кестесі де тым тығыз болды. Актер алдымен Астана әкімі Әсет Исекешевпен бірге тал екті. Осыдан кейін «Бес құрлық» атты балалар фильмдерінің фестиваліне қатысты, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Фестивальдің ашылуына орай қызыл кілем төселді. Онда да Николас Кейдж кілеммен жүрмей, өзінің жанкүйерлеріне асықты. Қолын беріп, бәрімен фотоға түсіп шығуға тырысты. Тіпті, қызыл кілемді екі рет айналып шықты. Ал фестивальдің ашылу салтанында «Сәлеметсіз бе!» деп, жиналған жұртпен қазақ тілінде амандасты.
Кейдж жас актерларға да өз кеңесін берді. «Кино сіздің қиялыңыз бен қоғам арасындағы айна іспетті. Сіз бейтарап позицияны ұстауыңыз қажет. Аудиторияның өзі қиялын шарықтатып, биік армандарға ұмтылуы тиіс. Ал қиялды дамыту үшін мифология, шежірелер, ертегілер және тағы басқа әдеби шығармаларды жиі оқу керек», - дейді Николас Кейдж.
Фестивальден кейін актер Қазақ ұлттық өнер университетіне барды. Сол жерде ол қазақтың «Адай » күйі мен «Көзімнің қарасын» тыңдап, қиялды дамытуға қатысты әңгімесін жалғастырды. Актерлік жолға түсу оңайға соқпағанын да ашық айтты. «Шынымды айтсам, басында кастингтер кезінде маған ылғи «Жоқ!» деп жауап беретін. Жоқ, жоқ, жоқ... Өз-өзіме деген сенім жоғала бастады. Бір ретте қатты алаңдап кеткенім сонша, жаңағы «жоқтардың» кесірінен ауруxанаға да түстім. Содан кейін тағы бір кастингке баруға бел будым. Өтіп кеттім! Негізі, менен жақсы жазушы да шығатын еді», - дейді Кейдж.
Университетте болған жиында Голливуд жұлдызына қазақтың дәстүрі бойынша шапан жабылды. Сол жерден ол бірден әуежайға аттанды.