236
Ішімдік ішіп, ұшаққа отырған «Эйр Астана» ұшқышы жұмыстан шығарылды
Ішімдік ішіп, ұшаққа отырған «Эйр Астана» ұшқышы жұмыстан шығарылды
Мас күйінде ұшаққа отырған «Эйр Астана» ұшқышы Сұлтан Нұрмағамбетовты жұмыстан шығарылды.
Әуе компаниясының корпоративтік коммуникациялар департаменті хабарлағандай, ішкі тергеу жұмыстарынан соң компания Airbus A 320/321 екінші ұшқышы Сұлтан Нұрмағамбетовпен еңбек туралы келісімшартты бұзған.
Айта кету керек, 20 шілде күні «Эйр Астана» рейсі Амстердамнан ұшпай қалған болатын. Скипхол әуежайында екінші ұшқыш Сұлтан Нұрмағамбетов алкогольді тексеру тестінен өтпей қалды. Жүргізілген талдаулар нәтижесінде оның мас екендігі анықталды. Ұшқыш еуропалық заңға сәйкес айыппұл төлеген соң, Алматыға жіберілді. Осыған байланысты «Эйр Астана» Амстердам-Атырау бағытындағы KC 904, Атырау-Алматы бағытындағы KC 890 әуе рейстерінің ұшуына тыйым салды. Әуе тасымалдаушысының агенттері жолаушылардың билеттерін 21 шілдеге ауыстырып берді.
«Эйр Астана» ұшу құрамының ішімдік ішіп, есірткі шегуіне түбегейлі қарсы. Үнемі осы бағытта тесттер өткізіліп тұрады. Біздің компанияда басты басымдық қауіпсіздікке беріледі. Қалыптасқан қауіпсіздік мәдениетіне сәйкес қауіпті төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында бұл жайлы компания басшылығына да мәлім етіледі», - деді компанияның ұшу өндірісі директоры Игорь Сегедин.
Компания басшылығы бұл төтенше жағдайдан жапа шеккен жолаушылар customer.relations@airastana.com сайты арқылы өтемақы ала алатынын ескертті.