ӘЧ-2017: Қазақстан құрамасы үшінші орын иеленді

ӘЧ-2017: Қазақстан құрамасы үшінші орын иеленді

ӘЧ-2017: Қазақстан құрамасы үшінші орын иеленді
ашық дереккөзі
230

Бокстан Германияның Гамбург қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионаты аяқталды. Бір алтын, екі күміс, үш қола медаль еншілеген Қазақстан құрамасы жалпы есепте үшінші орын алды деп хабарлайды vesti.kz.

Төрткүл дүниенің кіл мықты боксшылары жиналған додаға еліміздің атынан 10 боксшы аттанған болатын. Оның алтауы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтар болсақ, Жомарт Ержан (49 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі) пен Василий Левит (91 келі) жартылай финалда сүрініп, қола медальді қанағат тұтты. Финалға шыққан боксшылар арасында Қайрат Ералиев чемпион атанды. Ірі халықаралық жарыстарда қола медальді қанағат тұтып келген отандасымыз осы жолы барын салды. Финалда америкалық Дюк Роганды жеңді. Ал Әбілхан Аманқұл мен Қамшыбек Қоңқабаев финалда қарсыластарына есе жіберіп, күміс медальмен күптелді. Жалпыкомандалық есеп бойынша Куба елінің боксшылары алдына жан салмады. Барлығы жеті медаль жеңіп алды. Оның бесеуі – алтын, екеуі – күміс. Екінші орынды Өзбекстан құрамасы иеленді. Олар бір алтын үш күміс екі қолаға ие болды. Ал бір алтын екі күміс үш қола медаль еншілеген Қазақстан құрамасы үштікті түйіндеді. Жалпы есеп: 1. Куба – 7 медаль (5 алтын, 2 күміс) 2. Өзбекстан - 6 (1+3+2) 3. Қазақстан - 6 (1+2+3) 4. Әзірбайжан - 2 (1+0+1) 5-6. Франция - 1 (1+0+0) 5-6. Украина - 1 (1+0+0) 7. АҚШ - 3 (0+1+2) 8. Ресей - 2 (0+1+1) 9. Ирландия - 1 (0+1+0) Австралия, Англия, Армения, Германия, Грузия, Үндістан, Камерун, Колумбия, Моңғолия, Эквадор және Оңтүстік Корея елдері бір-бір қола медальмен қайтты. Бокстан келесі әлем чемпионаты 2019 жылы Сочиде (Ресей) өтеді.

Серіктес жаңалықтары