330
Н.Назарбаев: Өзін-өзі жұмыспен қамту - салық төлемеудің тікелей жолы
Н.Назарбаев: Өзін-өзі жұмыспен қамту - салық төлемеудің тікелей жолы
Бүгiн Парламент палаталарының бiрлескен отырысында Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаев елiмiзде енгiзiлiп жатқан Медициналық сақтандыру жүйесiнiң толық жетiлмегенiн айтты. Елбасы 3 млн-ға жуық өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар санатына кiмдердiң жататынын анықтауды тапсырды, деп хабарлайды Baq.kz.
«Бүкiл әлемде сақтандыру жүйесi жақсы дамыған. Бiздiң елде де сақтандыру саласын дамытып, сақтандыру қызметтерiнiң қолжетiмдiлiк деңгейiн арттыру қажет. Мен бұл жерде медициналық сақтандыру жайлы айта кеткiм келедi. Бұл прогрессивтi бағыт. Дегенмен, ЕЫДҰ ұйымына мүше елдердiң ішінде алтауы ғана сақтандыруды енгiзген. Ал Грузия сақтандырумен 5 жыл жұмыс iстеп, бұрынғы жүйесiне қайта оралған. Ал бiзде бұл «100 қадамда» жазылған. Бiз кейбiр жайттарды қарастыруымыз керек. Менiң бiлуiмше, қазiр жарналар түсiп жатыр. Дегенмен, бұл жүйенi қарастырсақ, бiрқатар сұрақ туындайды. Бiзде 2,7 млн адам өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар болып саналады. Мен халықты әлеуметтiк қорғау саласын басқарған барлық министрлерден «бұл не? әлемнiң қай жерiнде «өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар» деген сөз бар?» деп ылғи сұраймын. «Өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар» деген салық төлемеудiң тiкелей жолы. Мен Үкiметке өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар кiм екенiн анықтауды тапсырған болатынмын. Бiзде өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар қандай болу керек, айтыңыздаршы. Олар, яғни 3 млн-ға жуық азамат медициналық сақтандырумен қамтылмай қалайын деп тұр. Сонда бiз басқаларға бұрынғыша емделе бер, ал оларға төле деуiмiз керек. Көшсек көшейiк, бiрақ қателеспейiк. Мәселенi толық қарастырғаннан кейiн бiрлескен шешiм қабылдаймыз», - дедi елбасы премьер-министр мен Денсаулық сақтау министрiне. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды, салық саясатын, жекеменшiк банктердiң жұмысын жетiлдiрудi, дәрi-дәрмек бағасын реттеудi тапсырды. Елбасы өз сөзiнде қазақстандықтарға заң жобалары жан-жақты түсiндiрiлу керектiгiн де қадап айтты. «Кейде бiзде түсiндiру жұмыстары дұрыс жүргiзiлмейдi. Бiз халыққа түсiнiксiз ұғымдармен және терминдермен айтып, адамның түсiнiктi тiлiмен жеткiзбеймiз. Бұл жұмысқа билiктiң барлық тармақтары атсалысуы керек», - дедi Назарбаев. Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандыру жүйесіне мемлекет пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қосылады. Мемлекет жеңілдігі бар 14 санаттағы 10 млн азамат үшін жарна төлейді.