992
Отбасы құндылықтары құлдырамауы тиіс
Отбасы құндылықтары құлдырамауы тиіс
«Нұр Отан» партиясы «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасы аясында 4-11 қыркүйек аралығында «Отбасын қолдау апталығы» республикалық акциясын өткізді. Акция шеңберінде Қызылорда қалалық партия филиалының мәжіліс залында «Отбасы – тәрбие ұясы» тақырыбында отбасылармен кездесу өтті.
Шараға көпұлтты отбасылар, отбасылық династиялар, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қатысушылары, психологтар, партия белсенділері, жасотандықтар қатысты.
«Еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуінің шарттары тек саяси-экономикалық өрлеумен ғана шектелмейді. Ол қоғамдық өмірдің мәдени-рухани өркендеуімен де астасып жатыр. Халықтың әлеуметтік көңіл күйінің тұрақты және жарқын болуымен де тығыз байланысты.
Қазіргі таңда әлемде отбасылық құндылықтарды сақтау мен тұрақтылық төңірегінде өзекті мәселелер баршылық. Осы орайда «Нұр Отан» партиясы өзінің саяси Доктринасында отбасы қоғамымыздың құндылықтарын сақтаудың маңызды институты деп белгілеп, жүйелі жұмыстарды жүргізіп келеді», – деді кездесуді ашқан «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов.
«Қазіргі техногендік даму мен жаһандану дәуірінде заман ағымы тез өзгеріп, құндылықтар ауысып, таным-түсінігіміз де кеңейіп келеді. Дегенмен күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздегі сақталуы тиіс абсолютті ақиқаттардың бірі – дәстүрлі отбасы мен оның тұрақтылығы екендігі сөзсіз. Бұл – Мәңгілік ел идеясының мәңгілік құндылықтарының бірі», – деп атап өтті өз кезегінде сөз алған «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңінің жүлдегері Ақылбек Иманов.
Кездесу барысында қатысушы отбасылардың отбасылық құндылықтары мен дәстүрлері жайында әңгіме болды. Қазақ отбасына келін болып түскен орыс қызы Наталья Сейіткамалованың жүрекжарды сөзі тыңдаушыларды сүйсінтпей қоймады. «Қазақстан – көпұлтты ел. Қазақстанда туып-өсіп, отбасын құрғанымды мақтанышпен айтамын. Қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, қазіргі таңда екі баланы тәрбиелеп отырған отбасымыз. Қазақи ортада өскесін, қазақ отбасына келін болу қиынға соққан жоқ. Ұл-қыздарыма қазақы тәрбие беріп отырмыз. Біз – бақытты отбасылардың біріміз», – деді ол.
Шара барысында әртүрлі саланың мамандары отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек жайында, отбасы құндылықтары, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кеңестер беріп, өзара пікір алмасуға ұласты.
Отбасы күні Петропавлда да кең көлемде аталып өтті. Қалада аймақтық партия мүшелерінің қатысуымен «Жақсы тәрбие – жеке мысал» атты іс-шара ұйымдастырылды. Ата-аналар және балалар үшін зияткерлік ойындар, отбасылық спорттық эстафеталар, шығармашылық кеш және облыс орталығының үздік жаттықтырушысының мастер-классы өткізілді. Мерекені ұйымдастырушы – «Бүкілқазақстандық кекушинкай каратэ ұйымы» РҚБ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы.
Шара барысында ұйымның филиал директоры, «Нұр Отан» партиясының белсендісі Владимир Витченконың басшылығымен бірлескен жаттығу өтті. Оның айтуы бойынша, отбасында ұрпақтар сабақтастығы, үлкендерге құрмет, өзара қолдау, еңбексүйгіштік және білімге ұмтылу қалыптасады.
Бұдан басқа, Петропавл қаласының Жастар ресурстық орталығы спортшылардың ата-аналары үшін «Өзіңнің чемпионыңды тәрбиеле» атты семинар өткізді. Флорист Елена Семидоцких гүлдерден композиция құру бойынша мастер-класс өткізді.
Сонымен бірге, балалар және олардың ата-аналары спорттық эстафеталарға және шығармашылық нөмірлерге қатысты.
– Бұл іс-шаралар ата-аналардың балаларымен өзара белсенді іс-қимылын көрсетті, ал «Березка» балалар сауықтыру лагерінің аумағы «бақыт аралы» болды. Осындай махаббат, өзара түсіністік және салауатты өмір салты салтанат құрған ортада біз Отбасы күнін тойладық, – деді Жастар ресурстық орталығының нұсқаушысы, қалалық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Екатерина Старостина.