379
Бір жылда ел халқының саны 235 мың адамға өсті
Бір жылда ел халқының саны 235 мың адамға өсті
2017 жылдың 1 тамызында еліміздегі халық саны 18 054 мың адамға жетті, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
«Оның ішінде қалалықтар - 10 351,7 мың (57,3%), ауыл тұрғындары- 7 702,3 мың адамды (42,7%) құрады. 2016 жылғы 1 тамызбен салыстырғанда халық саны 235,4 мың адамға немесе 1,32% өскен», - делінген хабарламада.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2017 жылғы қаңтар-шілдеде 222,8 мың сәби дүниеге келген. Бұл 2016 жылғы қаңтар-шілдеге қарағанда 6,5% аз.
Туудың жалпы коэффициенті 1 000 адамға шаққанда 21,27. 2017 жылғы қаңтар-шілдеде республика халқының табиғи өсімі 2016 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 15,3 мың адамға немесе 9,5% кеміп, 145,5 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 13,89 адамды құрады. Аталмыш кезеңде саны 77,3 мың адам қайтыс болған, бұл 2016 жылғы қаңтар-шілдеге қарағанда 0,4% аз.
Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2017 жылғы қаңтар-шілдеде елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 2016 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 39,1% көбейіп, 9 711 адамды құрады. Елімізден кеткен көшіп-қонушылардың тіркелу саны 2,3% көбейіп, 19 407 адамды құрады, көші-қонның айырымы - 9 696 адам болды.