280
Маңызды жолға мән берілуде
Маңызды жолға мән берілуде
Республикалық маңыздағы «Өскемен-Зырян-Рахман қайнары» автокөлік жолы облыс орталығын Катонқарағай ауданымен жалғастырып жатыр. Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданында туризмді дамыту мақсатында «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ емдеу санаторийлері мен туристік базаларға жақсы жағдайда жету үшін автокөлік жолдарын қайта жөндеу мақсатында бірқатар шараларды жүзеге асыру үстінде. Катонқарағай ауданында туризмді дамыту үшін мемлекеттік маңызы бар осы автокөлік жолын жаңғыртуға ерекше мән берілуде.
Бүгінгі күні «Осинов» асуының 56-72 шақырымында айналма жолдың құрылысы жүргізілуде, ал келесі жылы 72-88 шақырымдағы жолды қайта жөндеу қолға алынбақ. Бұл жұмыстарды «АБК АВТОДОР НС» ЖШС бас мердігер атқаруда. Автокөлік жолын салудың нәтижесінде сел жүру қаупі бар және күрделі бұрылыстарды айналып өтуге, оның үстіне қашықтықты төрт шақырымға қысқартуға мүмкіндк туатын болады. «Осинов» асуын айналып өтетін жол құрылысы 2020 жылы аяқталмақ. 72-88 шақырымдағы жолды қайта жөндеу нәтижесінде қашықтықты 16 шақырымға қысқарту, жолды кеңейту, елді мекендерді айналып өту, сәкілі демалыс орындары мен қолайлы әжетханалар, автопавильондар орнату көзделінген. Қайта жөндеу жұмыстары Бұқтырма су қоймасындағы демалыс базаларына апаратын (Көгілдір бұғаз, Бұқтырма) жолдармен түйістіріледі. Бұл учаскедегі жұмыс 2018 жылдың аяғына дейін аяқталмақ.
Сондай-ақ, «Осинов» асуындағы істеп тұрған жолдың 56-70 шақырымындағы аралық жөнделіп (асфальтбетон төсеу) бітті. Қауіпті бұрмаларға апатты жағдайда жолдан шығып кетпеу үшін темір шынжырлар тартылды, қарсы келе жатқан автокөліктерді көріп отыруға арналған көрініс айналары орнатылды.
Үстіміздегі жылы Соловьево селосынан Катонқарағай ауданының шекарасына дейінгі ұзындығы 16 шақырымға созылған жол орта жөндеуден өткізілді. Өрелден Берелге дейінгі жолды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл учаскедегі жұмыстарды бас мердігер «Катонқарағай өндірістік – жол учаскесі» ЖШС атқаруда. Қашықтығы 19,5 шақырымға созылып жатқан бұл жол торабы күрделі жөндеуден өткізілгеннен кейін Берел қорғанына, емдеу санаторийлері мен туристік базаларға жайлы жетуге болады. Жөндеу жұмыстары осы жылдың аяғында аяқталады. Облыстағы республикалық маңызы бар жолдарды жаңғыртуда игілікті істер атқарып жатқан «Қазавтожол»ҰҚ» акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Нұрланбек Балықбайұлы Өмірбаев басқаратын ұжымды мақтан етуге болады.
Мира Берікболова