Автобуста ұрлық азаяды

Автобуста ұрлық азаяды

Автобуста ұрлық азаяды
ашық дереккөзі
233
Алдағы аптадан бастап Алматыда қоғамдық көліктердің кіреберісіне бейнебақылау орнатылады. Бұл автобустарда соңғы уақытта өршіп кеткен қалта ұрлығына тосқауыл болмақ. IТ технологиясы бойынша орнатылатын құрылғылар бұрын істі болған әккі ұрылардың түс келбетін бірден бақылап, орталық базаға жібереді. Қалалық ішкі істер департаменті өкілдерінің айтуынша, Алматыда бір тәуліктің ішінде 100-ге жуық қылмыстық оқиғалар орын алады. Бұзақылық, жеңіл дене  жарақаттарын салу, тонаудың көрсеткіштері тыйылмай тұрған көрінеді. Әсіресе, ұялы телефон ұрлығы көбейген.  Былтырдың өзінде ел көлемінде 100 мыңнан астам қалта телефоны қолды болған. Тәртіп сақшылары келесі аптадан бастап қоғамдық көліктердің кіреберісіне бейнебақылау орнатылса, ұрлық-қарлықтың жолы кесіледі деп сенеді. Пилоттық жоба бойынша алғашқы автобусқа орнатылған камера арқылы бір аптада үш ұрлықшы ұсталған. Қалалық полицейлер жан-жақты жасаған жұмыстың нәтижесінде биыл қаладағы ауыр қылмыс 37,6 пайызға, орташа бұзақылық 4,9 пайызға азайған.  «Биыл 4074 қылмыс тіркелсе, былтыр аудандағы қылмыс саны 4571 болған. Яғни, көрсеткіш 10 пайызға азайды. Ауданда 141 ауыр қылмыс жасалды. Былтыр 378-ге жеткен. Тонау – 13, өзгенің мүлкін иемдену – 2,6, пәтер ұрлығы – 68, бұзақылық – 58, алаяқтық – 28 пайызға төмендеді», – дейді Медеу аудандық ІІБ басшысы, Есен Ысқақов. Алматы тұрғындарының қауіп­сіздігін арттыру үшін көп қабатты үйлерді орталық  күзет дабылына қосу жұмыстары жалғасын таппақ. Қаладағы 111 мыңнан астам ғимарат тұрақты күзетке алынып, автоматты күзет дабылына қосылған нысандар тонау оқиғасын 44 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік берген.

Серіктес жаңалықтары