1152
Орбұлақта қойылған ескерткіш
Орбұлақта қойылған ескерткіш
«Туған жер» бағдарламасы аясында Алматы облысындағы Орбұлақ шайқасы болған жерге ескерткіш қойылды. Салмағы жарты тонна тақтада «Қазақ елінің тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін жоңғар басқыншыларымен шайқаста жеңіске жеткен айбынды қазақ сарбаздарына ұрпақтары атынан» деген жазу бар. Тасбелгіге орнатылған QR-код арқылы «Орбұлақ» шайқасы туралы егжей-тегжейлі ақпарат алуға болады. Бұл – осыдан төрт ғасырға жуық уақыт бұрын жоңғардың 50 мың әскерін 700 қолмен тоқтатқан қазақ сарбаздарының рухына бағышталған шара. Себебі мұндай жеңіс әлем тарихында болған емес.
Ескерткіш Жетісу өңірінде өткен «Орбұлақ шайқасының ізімен» атты ақпараттық квестте ашылды. Оған Орбұлақ шайқасын зерттеп жүрген бір топ азаматтар, атап айтқанда, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Жазылбеков, Орбұлақ шайқасы негізінде жазылған «Воскрешающие легенды» атты романның авторы Т.Ермашев, «Табиғат» эко-бірлестігінің, Қазақстандық караванинг пен кемпингтің төрағасы Б. Шапағатова, «Ауылды көтереміз – Возродим село» қоғамдық бірлестік төрағасы К.Жанабілов, ғалымдар, жазушылар, белгілі журналистер мен блогерлер қатысты.
«Біз 374 жыл бұрын Орбұлақ шайқасы болған жерде тұрмыз. Қазақ батырлары 50 мың әскері бар жоңғарларды бірнеше күн бойы Жалаңтөс батырдан көмек келгенше шекараға кіргізбей ұстаған. Осындай ақыл-айламен өткен шайқас – үлкен өнер. Себебі небәрі 600 адам 50 мың әскерге төтеп беру мүмкін емес жағдай еді. Бұл ауызбіршіліктің жеңісі. Сол жеңіске, міне, 375 жыл толуы қарсаңында еңселі ескерткіш орнатылды. Келесі жылғы үлкен тойдың алдындағы бұл үлкен бір шара болды», – деді ескерткіш алдында сөз сөйлеген жазушы Бексұлтан Нұржекеев.