836
Театр - оның ғұмыры
Театр - оның ғұмыры
Қазақстан драма театрларының жыл сайынғы театр фестивалі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығайдың мерейтойына орай ұйымдастырылып, ХХV республикалық фестиваль барысында бар ғұмырын театр өнеріне арнаған сыншы-қайраткердің шығармашылығын, мұраларын жаңғырту, есімін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында қыркүйектің 9-13 аралығында Астана қаласында дүркіреп өтті.
Фестивальге екі-үш театр маусымында тұсауы кесілген, театр сыншыларының жоғары бағасына ие болған үздік қойылымдарымен еліміздің драма, музыкалық драма, музыкалық-комедия, сатира, балалар мен жасөспірімдер театрлары қатысты. Олардың арасында, атап айтар болсақ, республикалық Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры, Республикалық академиялық неміс драма театры, Ақмола облыстық орыс драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Астана Жастар театры, Шығыс Қазақстан облысы «Дариға-ай» жастар театры, «Жас сахна» театрлары бар. Бес күнге созылған өнер фестивалін қала қонақтары мен тұрғындары Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, «Қазақстан» Орталық концерт залы мен Жастар театры сахналарынан тегін тамашалады. Спектакль барысында қоғам және мемлекет қайраткері Әшірбек Сығайдың өмірбаяны, атқарған қызметтері жайлы да деректер ұсынылды. Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген соң, осы өнер ордасында ұстаздық қызметке қалған Әшағаң 1974-1994 жылдары республика Мәдениет министрлігінің театр бөлімін, өнер басқармасын басқарып, Қазақстан КП Орталық Комитеті Мәдениет бөлімінің жауапты қызметкері, Мәдениет министрінің орынбасары, бірінші орынбасар, Т.Жүргенов атындағы Театр және кино институтының ректоры қызметтерін абыроймен атқарғанынан хабардар етті.
Ғұмырын қазақ театр өнеріне арнаған сыншының қаламынан туған «Іңкәр шақ», «Сыр сандық», «Сахнаға сапар», «Жарнама алдындағы ой», «Сахна саңлақтары», «Театр тағлымы», «Толғам», «Талдықорған театры», «Ой төрінде –театр», «Ән тағдыр», «Актер әлемі», «Сахна әлемі» атты кітаптары бүгінде өнер әлеміне қадам басқан студент-жастардың бағдаршамына айналды десек, артық айтқандық емес. Бұл қазақ мәдениеті мен өнеріне қосылған баға жетпес байлық, мол мұра!
– Әшірбектің әлі де туған халқының өнеріне қосары мол еді. Жазғанынан жазары мол досымыздың аса білімдар, парасатты ойлары, қазақ театр өнері әлі де құнарлы шығармалармен толығуына қосар үлесі де жеткілікті болатын. Көзі ашық, көкірегі ояу, қазақтың ұлттық өнері жайлы жазамын деп жүргендерін ара-арасында айтып қойып отырушы еді, жазамын дейтін,– деп еске алды жазушы Төлен Әбдік.
– Әшекеңнің ұқыптылығына таң қалатынмын. Өте білімді, сауатты еді. Ол дүниежүзіндегі мемлекеттердің барлығының дерлік театрларын, ондағы актер-актрисалардың ғұмырнамаларын, қойған туындыларын шатастырмай, жеке-жеке пікірін білдіріп, ашық сынап отыратын-ды. Өйткені өзі аудармамен де айналысты ғой. Ж.Мольердің «Еріксіз үйлену», К.Гольдонидің «Күлкілі оқиға», О.Иоселианидің «Арбаның ізімен», Ш.Роквидің «Мазасыз әжей» сынды драмалық шығармаларын аударып, республика театрларында қойды. Сондықтан болар, кез келген елдің өнер туындылары жөнінде өзіндік пікірі қалыптасты, – деп еске алады жары Күләш Сығай.
Қайталанбас тұлғаның мерейтойы тек театр сахналарында ғана емес, әсем Астананың қоғамдық орындарында да аталып өтіп жатты. Орталық кітапханада Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Сын сардары» атты кітаптың тұсаукесері де осындай игі шаралардың бірі.
Иә, ұлтына-ұлысына қарамай, ізінен ергендерге адалдықтың, тазалықтың рухын сезіндірген Әш-ағаң, Әшірбек Сығай жайлы әлі талай естеліктерге толы кештер өтеріне сенеміз.