ОРАЛМАННАН ДЕПУТАТ САЙЛАУ КЕРЕК ПЕ?

ОРАЛМАННАН ДЕПУТАТ САЙЛАУ КЕРЕК ПЕ?

ОРАЛМАННАН ДЕПУТАТ САЙЛАУ КЕРЕК ПЕ?
ашық дереккөзі
254

Сонымен депутаттар жазғы каникул қамымен жүр. Олар көп ұзамай Парламенттiң таратылатынына сенiмдi. Демек, күзде тағы да сайлау додасы келе жатыр. Бұл сайлаудың басқалардан өзгешелiгi – Қазақстандағы ұлттар өкiлдерiнен квота арқылы 9 депутаттың сайланатыны. Бәлкiм сайланады, бәлкiм тағайындалады. Ол өз алдына жеке әңгiме.

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫН ЖIКТЕУ КIМГЕ ТИIМДI?

Дәл осы сауал Президент сайлауы алдында да көлденең тартылған едi. Ол кезде бiз «Қазақстан қоғамын екiге жару кiмге тиiмдi?» деген мақала жариялаған болатынбыз. Себеп жалғыз, Қазақстандағы халықты орыстiлдi және қазақтiлдi электоратқа бөлгендiктен, бiз көкейге келген осы бiр сауалды ел алдына қойған едiк. Ал, Қазақстанның Конституциясына жақында енген жаңа өзгерiстер бұл сауалды тiптi тереңдетiп жiбердi. Қазақстан қоғамы бiрiгiп, бiрлесе түскеннiң орнына, тағы бiр қадам артқа шегiндi. Сөйтiп, ыдырау күн өткен сайын күш ала түстi. 9 депутат Қазақстандағы ұлттар атынан сайланатын болды. Бұл кiмге тиiмдi, кiмнiң қолайына жағады? Ол жағы беймәлiм. Бiрақ, бiр нәрсе айқын. Қазақстан тәуелсiздiгiн алған күннен бастап, күнi бүгiнге дейiн елiмiзде тұрып жатқан ұлт өкiлдерiн бiр жұдырыққа жұмылдыру саясатынан гөрi, бөлшектеу саясатына иек артты. Бұл өзгеден бұрын iргемiздегi Ресейге тиiмдi болса керек. Ресей Қазақстандағы орыс диаспорасын өзiнiң саяси қолшоқпарына айналдырды. Бұндағы басқа ұлт өкiлдерi әлi күнге дейiн өздерiн «қонақ» сезiнедi. Жүгi жинаулы, чемоданы қаттаулы тұр. Егер, қажет болса, кетiп қалуға дайын. Яғни, бiзде саяси интеграция өз деңгейiнде жүргiзiлген жоқ. Керiсiнше, қос ұлттың идеологиясын таңу арқылы – ұлттардың ара-жiгiн ажырата түстiк. Бiз қаншама рет Қазақстанда 100-ден астам ұлт өкiлдерi тұрады деп жар салсақ та, негiзгi идеология екi тiлде – орыс және қазақ тiлдерiнде жүргiзiледi. Бiз қазақтың ұлттық мүддесiн өзгеге емес, кеше отары болған елдiң ыңғайына жығып берiп отырмыз. Бiзден өзге бiрде-бiр мемлекет кеше үстемдiгiн жүргiзген, митрополиядан бойын аулақ салып келген. Өйткенi, «қожаң айтса, құл көндi» дейдi. 2-3 ғасыр бодандық қамытын киген ел кешегi қожасының алдында маймөңкелемей қайтсiн. Ал, қожасы қожаңдамай қайтсiн. Посткеңестiк мемлекеттердiң көбiнiң Ресейден бойын аулақ салғанының басты себебi де осында. Олар санадағы құлдық сезiмдi тазартпай болмайтындығын сездi. Бiзден басқа мемлекеттердiң барлығында бiр тiл, бiр ұлт идеясы жүргiзiлiп жатыр. Бұл қоғамды саяси және тiлдiк тұрғыдан интеграциялауға өз септiгiн тигiзбей қойған жоқ.

ОРАЛМАН ЖЕКЕ ӘЛЕУМЕТТIК ТОП ПА?

Оралман деген кiм? Қазiр қоғамда шеттен келген 1 миллионға жуық қандасымызды жеке әлеуметтiк топқа қосып жүргендер бар. Тiптi, оларды қазақтың өз бауыры деуге ауыздары бармайды. Сөйтiп, жаңадан өсiп келе жатқан жас ұрпаққа бауырмалдық сезiм ұялатқаннан гөрi, тағы да бөлiнушiлiк, қазақты қазаққа қарсы қою мәселесi өрiс алып барады.

Егер, оралман жеке әлеуметтiк топ болса, онда олар да өз арасынан депутат сайлауға құқылы болмай ма? Халықтар ассамблеясына Парламенттен бөлiнген 9 квота ел арасында тағы бiр әңгiменiң шоғын қоздырды. Ол — «оралманнан да депутат болсын» деген әңгiме. Қазақстанға шеттегi қандастарымыздың орала бастағанына да 15 жылдың жүзi. Бiрақ, бiр өкiнiштiсi, осы 15 жылда миллионға жуық қандасымыздың арасынан мемлекеттiк қызметтiң жоғары лауазымын ұстағандар некен-саяқ. Қолмен қойып, саусақпен санарлықтай. Көбi дерлiк көшi-қон саласында қызмет iстеп жүр. Бұл елiмiздiң шеттегi қандасының рухани байлығын, интеллектуалдық әлеуетiн пайдалануға құлықсыздығын танытса керек. Ендеше, 15 жылда 15 оралман мемлекеттiк қызмет тұтқасын ұстамаған болса, әрине, олар да депутаттыққа квота сұрауға құқылы әрi мәжбүр. Өйткенi, қазақ мәселесiне келгенде үнемi кежегесi кейiн тартып тұратын биiк мiнбер қазақ мәселесiнiң құрамдас бiр бөлiгi саналатын оралман мәселесiне де қырын қарайды. Осы мәселеге орай өз пiкiрiн бiлдiрген Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының төралқа төрағасының I орынбасары Талғат Мамашев мырза: «Шеттен келген 1 миллион қазақ, бұл да үлкен электорат. Ал, олардың мұң-мұқтажын ұғатын, жағдайын түсiнетiн адамның депутат болып отыруы – проблеманың шешiлуiне септiгiн тигiзбей қоймайды. Сыртта қазақтың үштен бiрi жүр. Ендеше олардың да мұң-мұқтажын сөйлейтiн адам керек. Қазiр көптеген проблеманың шешiлуi – Үкiмет пен Парламентке тiрелетiн болды. Жақында «Шеттегi отандастарды қолдаудың мемлекеттiк бағдарламасы» қабылданды. Ондай құжатты қабылдай салу оңай. Бiрақ, iске асудың қандай қиын болатындығын бiле бермейсiздер. Оның әрбiр тетiгi әр министрлiктерге қатысты. Мысалы, Қаржы министрi былай тартады, Еңбек министрi былай, Бiлiм және ғылым министрi тағы басқаша. Әйтеуiр, оны орындатудың амалдарын жасау үшiн титықтайсың. Осындай құжаттан бастап, «Халықтың көшi-қоны туралы» Заңға дейiн шешуiн күтiп жатқан түйткiлi мол мәселелер көп. Қазiр Қазақстан халықтары ассамблеясының тәртiбi бекiтiлген жоқ. Оның қандай бағыт алатыны белгiсiз. Дегенмен, 9 орынға сайланатынның бәрi басқа ұлт өкiлi болмауы да мүмкiн. Оның арасында 1-2-еуi қазақ болуы да мүмкiн. Мен сол ассамблеяның мүшесiмiн. Ақыры, квота ассамблеяға бөлiнiп отыр екен. Одан үлес алып қалуға мен де ұмтыламын» дейдi.

Демек, қоғамда қозғалып жатқан бұл әңгiменiң қисыны жоқ емес. Биiк мiнбер шеттегi қазағын елiне шақырып, азаматтығын бергенiмен, биiк мiнберден орын беруге немкеттi. 4 рет шақырылған Парламентте өзге ұлт өкiлдерi жеткiлiктi, ал оралманнан өкiл сайланған жоқ. Бұл ненiң белгiсi? Яғни, күнi бүгiнге дейiн Қазақстан қоғамы шеттен келген қандасына үрке қарап отыр. Осы бiр олқылықтың орнын толтыру үшiн оралманнан депутат сайлау, оған квота бөлу мәселесiнiң көтерiлуi де орынды. Егер, бұл iс орындалатын болса, Парламент мiнберiнен оралман мәселесiн егжей-тегжейлi бiлетiн, басынан кешкен адам қозғайтын болар едi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары