ЖЕР ЖӘННАТЫНДАҒЫ ЕКI КҮН

ЖЕР ЖӘННАТЫНДАҒЫ ЕКI КҮН

ЖЕР ЖӘННАТЫНДАҒЫ ЕКI КҮН
ашық дереккөзі
475

Кеше Елбасы екi күндiк жұмыс сапарымен Алматы облысын аралап қайтты. ҚР Президентiнiң әуелгi ат басын тiреген орны Талдықорған қаласындағы «НұрОтан» ХДП облыстық өкiлдiгiнiң жаңадан салынып бiткен ғимараты болды.

«Бiздердiң бүгiнгiдей жарқын күндерге жететiнiмiзге сенбегендер қатары көп болып едi кезiнде. Елдiң бiрлiгi, халықтардың ынтымақтастығы арқасында қазiргi кезде Қазақстанды әлем таниды әрi мойындайды. Алматы облысының әлеуметтiк-экономикалық дамуы жаман емес. Оның iшiнде елдiң шетiнде шекаралық аймаққа орналасқан облыс орталығы Талдықорған қаласының болашақта көрiктi де керемет қалаға айналатынын осыдан бiрер жыл бұрын айтқан едiм. Сол болжамым бүгiнде шындыққа айналды. Сiздермен жолыққан сайын жақсы жаңалықтар мен жарасымды өзгерiстерге куә болып жүрмiн»,-деген Елбасы Жетiсу жерi жайлы бiрқатар жақсы пiкiрiн жеткiздi.

Өнiмдерi Алматы облысында ғана емес, елiмiздiң барлық аймақтарында танымал үлкен өндiрiс ошақтарының бiрi — «АСПМК —519» ЖШС мен «Гранита Плюс» ЖШС бар. Екi iрi өндiрiс ошағы бүгiнде жетiсулықтардың табыс көзiне айналған. «АСПМК-519» ЖШС холдингi электр желiсi құрылысы саласындағы аса iрi кәсiпорынның бiрi. Мұнда барлығы сегiз жүзге жуық адам жұмыс iстейдi. Қызметкерлердiң орташа жалақысы — 40543 теңгенi құрап отыр. Елбасы жаңа заман талабына сай өнiм шығарып жатқан желiнiң басқару тетiгiн қосып, зауыттың жұмыс барысымен танысты. Ал «Гранита Плюс» өндiрiс орталығы облыстағы өнiмдерi тұтынушыларын қанағаттандырып отырған бiрден-бiр зауыт болып табылады. Құрылыс нысандарына арналған керамикалық-гранит жабындылар мен қаптамаларды шығаратын зауыт осыдан екi жыл бұрын ғана iске қосылған болатын. Елбасы тұсауын кескен аталмыш кәсiпорын келешекте жылына 2 млн. шаршы метр керамикалық-гранитты плиталар шығарады деп күтiлуде.

Елбасы сондай-ақ, Алматы облысының бүгiнгi жетiстiгi мен болашақтағы дамуын көрсететiн көрмелермен де танысты. Бүгiнде жер жәннаты саналатын Жетiсу жерiнiң жағдайы жаман емес. Жалпы, Алматы облысының 2015 жылға дейiнгi дамуы бес бiрдей аймақ бойынша өркендемек. Әр аймақтың өзiндiк ерекшелiктерi болады. Бiрiнде үлкен өндiрiс ошақтары қарқынды дамитын болса, ендi бiрiнде — халықаралық сауда-саттық өркендейтiн болады.

Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары