«АЛТЫН ПРОМЕТЕЙ» КIМНIҢ ЕНШIСIНДЕ?

«АЛТЫН ПРОМЕТЕЙ» КIМНIҢ ЕНШIСIНДЕ?

«АЛТЫН ПРОМЕТЕЙ» КIМНIҢ ЕНШIСIНДЕ?
ашық дереккөзі
271

«Expo.kz» қазақстандық көрме-конференциялық компаниясы 6-7 қыркүйекте Астанада «Munai-Gaz.kz» мұнай және газ апталығы өтетiнiн хабарлады.

Мұнай-газ, отын, энергетика саласы мамандарының кәсiби мерекесiне дөп ұйымдастырылып отырған бұл жоба үш шарадан тұрмақшы. Айталық, «Munai-Gaz.kz» қазақстандық 2-шi мұнай және газ халықаралық конференциясы; қазақстандық мұнай және газ жөнiнде 2-шi халықаралық конференция; мұнайшылардың жыл сайынғы өтетiн «Алтын Прометей» сыйлығын тапсыру салтанаты өтедi деп күтiлуде. Осы рәсiм аясында «Алтын Прометей – 2007» жүлдесi қазақстандық мұнай, газ өндiрiсiмен айналысатын компаниялар арасынан озық шыққан мықтыларға тапсырылатын болады.

Аталмыш шараның Астана қаласында өтiлетiнi де тектен-тек емес. «Expo.kz» халықаралық көрме-конференция компаниясының атқарушы директоры Сәуле Астанованың айтуынша, Астана – Қазақстанның бас қаласы әрi Еуропа мен Орта Азияны ұштастыратын тiкелей көпiр. «Оның үстiне бүгiнде Астана қаласының құрылысы жанданып, жылдан-жылға түрленiп келе жатыр. Еңбек күшi жұмыспен қамтылып, елдiң экономикалық-әлеуметтiк жағдайы да түзелiп келедi. Мәселен, Астанада 113 бiрлескен кәсiпорындар мен 200 шақты халықаралық өндiрiс мекемелерi жұмыс iстейдi. Ұлттық және халықаралық компаниялардың көбi соңғы бес жыл көлемiнде өз елшiлiктерiн ашып, қызу қарқынмен еңбек етуде. Сондықтан да, Астана – аталмыш сала өкiлдерiнiң басын қосатын, бiрлiкке шақыратын орда» дегендi айтады. 6-7 қыркүйекте өтiлетiн апталыққа мұнай-газ саласына қатысты елiмiздiң жер-жердегi барлық кәсiпорындары мен компаниялары қатысатын болады. «Expo.kz» компаниясының да алға қойған мақсаты – әзiрге әлемдiк аренаға шыға қоймаған орта және шағын қаладағы кәсiпорындармен тығыз қарым-қатынас орнату екен. Шынында, кез келген осы тақылеттес жоба Қазақстанның алыс және таяу шетелдермен iшкi экономикалық тұрақтылығын дамытуға, бизнестiң қанат жаюына, сондай-ақ сауда, инновациялық жобалардың жүзеге асуына айтарлықтай үлес қосады. Демек, мұндай шараның жиi болып тұруы, ұлттық рыногымызды қалыптастыруға, туризм мен қалалық инфраструктура саласына жан бiтуге септiгiн тигiзедi.

Жобаның мақсаты – қазақстандық және шетелдiк өндiрiсшiлердiң соңғы жылдағы мұнай өңдеу, мұнай-газ, мұнай-химия аумағында қол жеткiзген жетiстiктерiн паш ету әрi бөгде мемлекеттердiң тәжiрибесiмен танысып, салыстыру. Мұны теория жүзiнде дәлелдеу үшiн әр компанияның өкiлi арнайы тақырыпта баяндама жасап, өз ұсыныстарын бiлдiрiп, пiкiр-талас өрбiтедi.

Ал мұнай-газ саласы қызметкерлерi мерекесiне орай дәстүрлi түрде өтiп келетiн «Алтын Прометей» салтанатты шарасы «Жыл жобасы»; «Ең ұтымды инновациялық бағдарлама»; «Ең ұтымды әлеуметтiк бағдарлама»; «Ең ұтымды экологиялық бағдарлама»; «Жыл маманы» сияқты номинациялар бойынша сайысқа түседi. Естерiңiзге сала кетсек, былтырғы жылы «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның жобасы бас жүлдеге ие болған едi. Ал биыл қай компанияның бағы жанатыны әзiрге белгiсiз. Әрине, кез келген әлемдiк деңгейде ұйымдастырылатын жоба демеушiлерсiз алға баспайды. Аталмыш шараға қолұшын берiп отырған «КазРосГаз» АҚ, Маерск Ойл Қазақстан ГМБХ, Петроказахстан, Казахинстрах АҚ, «КазТрансКом» АҚ, «AGIP» сынды белдi компанияларды атап айтпасқа болмас.

Серіктес жаңалықтары