ТОҒЫЗЫНШЫ МЕДИА ФОРУМНЫҢ ТЫҢ ТАҚЫРЫПТАРЫ

ТОҒЫЗЫНШЫ МЕДИА ФОРУМНЫҢ ТЫҢ ТАҚЫРЫПТАРЫ

ТОҒЫЗЫНШЫ МЕДИА ФОРУМНЫҢ  ТЫҢ ТАҚЫРЫПТАРЫ
ашық дереккөзі
234

Халықаралық мәселелерге ғана басымдық беретiн медиа форумның Қазақстан үшiн маңызы қаншалықты? Тоғыз жылдан берi үздiксiз өткiзiлiп келе жатқан форумда мемлекеттiк тiл неге ескерусiз қала бередi? Шетелдiк сарапшылармен терезесi тең, тiптi, кейде оларды он орап алуға қауқарлы қазақтiлдi сарапшылар ғаламдық мәселелердi талқылаудан неге шет қалдырылады? Биылғы медиа форумның бұрынғылардан несi ерекше?

2011 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАН – ИКҰ-ҒА ТӨРАҒА

Сейсенбi күнi Алматыда шымылдығы тоғызыншы рет түрiлген Еуразиялық медиа форум (ЕАМФ) тағы да халықаралық мәселелердi қаузады. Медиа форумды құттықтау сөзбен ашқан ҚР Президентi Н.Назарбаев: "Бүгiнде ғаламдық БАҚ-тың назары Қазақстан мен Орталық Азияға ауып тұр. Небары 18 жыл бұрын бiздiң өңiр әлемге беймәлiм аймақ едi. Ал қазiр Орталық Азия – ғаламдық экономика, қауiпсiздiктiң аймақтық және жаһандық жүйесiнiң аса маңызды бөлiгi. Тарихта тұңғыш рет Орталық Азиядағы мемлекет – Қазақстан ЕҚЫҰ-ны басқаруда. Бiздiң төрағалығымыздың ұраны – төрт "Т" – "траст" (сенiм), "традишн" (дәстүр), "транспэренси" (жариялылық) "толеранс" (жатсынбаушылық). Бiз ЕҚЫҰ Ванкуверден Владивостокқа дейiнгi кеңiстiктi қамтитындықтан, қауiпсiз ғаламның жаңа үлгiсiн қалыптастыруға барынша атсалысуы тиiс деп есептеймiз" дей келе, Астанада өткiзуге ұсыныс бiлдiрiлген ЕҚЫҰ-ның соңғы он жылда болмаған саммитiнде тараптардың Ұйымға қатысты барлық түйiндi түйткiлдердi шешу жолдарын қарастыруға және ЕҚЫҰ әлемдiк дамудың жаңа деңгейiне көтерiлуге, әскери-саяси және гуманитарлық өлшемнен экономика мен экология мәселелерiне дейiнгi қазiргi заманғы қауiпсiздiктiң күллi жүйесiн қамтамасыз ететiн барынша тиiмдi құрылымға айналуға қабiлеттi екендiгiн айтты. Назарбаевтың айтуынша, халықаралық саяси сахнада белсендi рөл атқаруға мүдделi елiмiз келешекте ЕҚЫҰ төрағалығымен шектелiп қалмайды: "2011 жылы Қазақстан Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етедi. Қазақстан мұсылман тұрғыны басым зайырлы мемлекет ретiнде ислам және христиан өркениеттерiнiң жақындасуына ықпал етедi. Сондықтан бiз ЕҚЫҰ мен ИКҰ арасындағы келiсiмнiң жандануына күш саламыз. Бүгiнде бiздiң тәжiрибемiзге Батыс пен Шығыс қызығады".

Әлемдiк қаржылық және экономикалық дағдарыстың салдарынан туындаған келеңсiздiктер мен қиындықтарды көлденең тартып, оның шешу жолдарын ұсынған Н.Назарбаев қару-жарақтан келетiн зиянды да назардан тыс қалдырмады: "Әрбiр дәуiрдiң өзiнiң басты мiндеттерi болады. Ал оларды шешу – адамзаттың басты мiндетi. Технологиялық прогресс ғаламдық қауiпсiздiктiң осал тұсын көрсеттi. Әлемге жаңа қатер төнуде. Көптеген мемлекеттер кедейшiлiк, қайыршылық және кесел атаулыны жоюда дәрменсiз. Жер бетiндегi аймақтардың әлеуметтiк-экономикалық дамуындағы теңсiздiк күшейе түсуде. Бүгiнде бiрқатар елге банкротқа ұшырау қаупi төнiп тұр. Шет елдерде нәпақасын табуға тырысатын заңсыз мигранттар саны артып келедi. Олар барған жерiнде түрлi әлеуметтiк қиындықтар туғызуда. Қазiр әлемнiң қырық мемлекетiнде қарулы қақтығыс бар. Әлеуметтiк түйткiлдердi шешуге арналған қаражат қару мен әскери бағдарламаларға жұмсалуда. Ядролық қаруды бақылаусыз таратылуы халықаралық лаңкестiк аса қолайлы болып тұр. Ешбiр мемлекет, тiптi, ең мықты ел жеке-дара қауiп атаулыны жоя алмайды. Сондықтан ғаламдық қауiпсiздiктi нығайту мәселесiнде халықаралық ынтымақтастыққа балама жоқ". Ұлттық қауiпсiздiк пен мемлекеттiк тұтастық мәселесiнде ҚР Президентi қырғыздар қанды қырғынға тоқталды: "Бiрнеше күн бұрын күллi әлем Қырғызстандағы қайғылы оқиғаның куәсi болды. Өкiнiшке қарай, қан төгiлдi, жазықсыз ондаған адам қаза тапты. Осы оқиға егер халықтың тұрмысы жақсармаса, қоғамның қауiпсiздiгi, этникалық және дiнаралық келiсiм мәселелерi шешiлмесе, апаттан қашып құтылу мүмкiн еместiгiн дәлелдедi". Президенттiң құттықтау сөзiнен кейiн мiнберге көтерiлген ЕАМФ ұйымдастыру комитетiнiң төрайымы Дариға Назарбаева Форум қонақтарына алғысын бiлдiре келе, "Өкiнiшке қарай, бiрнеше қатысушымыз Исландиядағы атауы мейiлiнше әуездi Эйяфьятлайокудль жанартауының атқылауынан Алматыға жете алмай қалды. Бiз бұған түсiнiстiкпен қараймыз. Олармен келесi мерейтойлық оныншы форумда кездесемiз деген үмiттемiз" дедi.

ЕҚЫҰ-НЫҢ ТӨРАҒАСЫНА ҚОЙЫЛАР ТАЛАП ҚАНДАЙ?

"Әл-Жазира Интернэшнл" телеарнасының жүргiзушiсi Стивен Коул тiзгiнiн қолға алған биылғы Форумның талқылаған алғашқы тақырыбы: "Қазақстанның Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы: маңызы, үмiт пен мүмкiндiктер". Елiмiздiң ЕҚЫҰ тiзгiнiн ұстаудағы басты мiндеттерi, әлемдi елеңдеткен саяси-қоғамдық құбылыс-оқиғаларға төраға ретiнде берер бағасы, жалпы осынау 35 жылдық тарихы бар халықаралық ұйымның келешектегi басты бағыт-бағдары таразы басына тартылған бiрiншi мәжiлiстi жүргiзген АҚШ Мемлекеттiк хатшысы Еуропа және Еуразия iстерi жөнiндегi Көмекшiсiнiң бұрынғы орынбасары Дэвид Меркель сөзсайысқа қатысқан АҚШ-тың Қазақстандағы тұңғыш елшiсi Уильям Кортни, Ұлыбритания парламентi Лордтар палатасының мүшесi, Британ-Қазақстан қоғамының төрағасы Питер Фрайзер, ЕҚЫҰ БАҚ бостандығы мәселелерi жөнiндегi өкiлi Дуня Миятович, NATO Бас хатшысының қауiпсiздiк саласындағы ынтымақтастық және серiктестiктi дамыту жөнiндегi көмекшiсi Роберт Симмонс, ЕҚЫҰ Бас хатшысы кеңсесiнiң директоры Пол Фритчтi "Қырғызстандағы күнi кеше болған саяси оқиғаның аймаққа, халықаралық ахуалға ықпалы қандай? ЕҚЫҰ осы орайда қандай рөл атқаруы тиiс? КСРО елдерiнiң арасында 35 жылдық тарихы бар ұйымға Қазақстанның төрағалық етуiнiң осы өңiрге маңызы қаншалықты? Төрағалық "жаңа посткеңестiк демократияларға" қатысты таптаурын көзқарасты өзгерте ала ма? Қазақстан ЕҚЫҰ-ға басшылық мәртебесiнен тараптар, яғни, ұйым мен Қазақстан не күтедi? Қазақстанның жаңа мiндетi – бедел жинау ма, әлде аймақтағы жауапкершiлiк жүгiнiң артуы ма? т.б. сауалдарға бiрге жауап iздедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары