«ДАҢҚ» АЛЛЕЯСЫ ГҮЛМЕН КӨМКЕРIЛУДЕ

«ДАҢҚ» АЛЛЕЯСЫ ГҮЛМЕН КӨМКЕРIЛУДЕ

«ДАҢҚ» АЛЛЕЯСЫ ГҮЛМЕН КӨМКЕРIЛУДЕ
ашық дереккөзі
318

1941-1945 жылдарғы соғыста қасық қаны қалғанша күрескен жауынгерлердiң есiмдерi мен еткен еңбектерi қай кезде де болмасын, халық жадынан ұмыт қалмақ емес. Ардагерлерге қандай құрмет, қандай iлтипат көрсетiлсе де, аздық етпейдi.

Бүгiнде майдангер қарттардың қатары да сиреп барады. Қазiргi таңда Шымкент қаласында 495 Ұлы Отан соғысының ардагерлерi тұрады. Оларға әрдайым әлеуметтiк, материалдық, коммуналдық тұрғыда жан-жақты көмек көрсетiлiп, жәрдемдер қарастырылуда. Ендiгi кезекте Жеңiстiң 65-жылдығы мерейтойы қарсаңында да көптеген ауқымды iстер қолға алынып отыр. Қаладағы 495 майдангер қартқа "Восход" ЖШС тiгiн фабрикасынан арнайы тапсырыспен костюмдер тiгiлiп отыр. Олар 9-мамыр мерекесiн осы киiммен қарсы алмақ. Ардагерлердiң өз талғамдары мен таңдауларына сәйкес костюмдер қара, қоңыр, көкшiл түстермен дайындалуда. Оларды дайындауға 3 млн. 465 мың теңге бөлiнген. Әр костюмнiң құны 7500 теңгенi құрайды. Ардагер қарттар қатарында ақ жаулықты аналарымыз да бар. Оларға да бас киiмнен бастап әйелдерге лайық киiмдер дайындалуда.

Ардагер қарттардың әрқайсысының баспанасын ретке келтiру мәселесi де басты назарда. Жөндеу жұмыстарына бюджеттен 10 млн. теңге бөлiнсе, сонымен қатар бұл игi iстi жүзеге асыруға қолдау көрсетуге ниет бiлдiрген азаматтар арасында арнайы акция ұйымдастырылып, 10 млн. теңге жиналған. Ендi барлық ардагерлердiң баспаналарында жөндеу жұмыстары жүргiзiлмек. Бұл тұста қала әкiмдiгiнен арнайы мамандар жұмыс атқарады. Жөндеу жұмыстарын өз тарапынан жүргiзудi қалаған ардагер болса, жөндеу жұмыстарын жүргiзуге бөлiнген қаржы оның жеке есеп-шотына аударылатын болады.

26 сәуiрде Шымкент қаласының әкiмi Арман Жетпiсбаевтың қатысуымен "Данқ" аллеясына гүлдер отырғызу жұмысы басталды.

Абай атындағы саябақта орналасқан "Данқ" аллеясының негiзгi жұмыстары толық аяқталған. Бүгiнгi күнi аллеяның айналасына, яғни 1200 шаршы метр жерге голландтық гүлдер отырғызылмақ. Бұл туралы қала әкiмi Арман Жетпiсбаев аллеядағы көгалдандыру жұмысының барысымен танысу кезiнде мәлiмдедi. "Жеңiс мерекесiне дайындық жұмыстары қарқынды жүргiзiлуде. Бүгiнде "Данқ" аллеясына гүл егу жұмыстары басталды. Гүл көшеттерi негiзiнен дәл осындай мезгiлде отырғызылуы қажет болатын, сондықтан бiз бұл жұмысты бастап кеттiк. Негiзi қала көлемiнде 40 гектар жерге раушан гүлдерiн отырғызу жоспарланса, соның 36 гектарына гүлдер егiлдi". Гүлдердiң негiзгi тұқымы Голландиядан әкелiнген. "Гүл өсiру технологиясын бiз сол жақтан үйрендiк, әлiге дейiн сол жақпен тәжiрибе алмасып тұрамыз" дедi гүл өсiрушi кәсiпкер Жұмагүл Омарқызы.

Едiге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары