Әсет ИСЕКЕШЕВ: БАР ЖҰМЫСТЫ БЕС ЖЫЛДА БIТIРСЕК ДЕЙМIЗ

Әсет ИСЕКЕШЕВ: БАР ЖҰМЫСТЫ БЕС ЖЫЛДА БIТIРСЕК ДЕЙМIЗ

Әсет ИСЕКЕШЕВ: БАР ЖҰМЫСТЫ БЕС ЖЫЛДА БIТIРСЕК ДЕЙМIЗ
ашық дереккөзі
275

Индустриялы-инновациялық стратегияны қабылдағанымызға жетi жылдың жүзi болыпты, 30 корпоративтi жетекшi жобаларды жүзеге асырамыз деп ұрандатқалы да бiрталай уақыт өттi. Ал, Президенттiң "әлемдегi бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң қатарына енуiмiз керек" деген талабы әлi өз күшiнде. Елбасы биылғы өзiнiң 70 жылдық мерейтойына Индустриалды бағдарламаның қарқынды дамуын сыйға тартуды тiлек еттi. Осы орайда, алдағы 10 жылдықты қамтитын тағы бiр бағдарлама қабылданды.

Осы бағдарламаның ойдағыдай жүзеге асуына тiкелей жауапты ҚР Премьер-министрiнiң орынбасары, индустрия және жаңа технологиялар министрi Әсет Өрентайұлы Исекешевке бiрнеше сауал тастадық.

— Әсет Өрентайұлы, Сiз индустрия және сауда министрi болып тұрған кезiңiзде елiмiздiң жедел индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бесжылдығын жүзеге асыру мойныңызға жүктелген едi. Ендi жаңа министрлiк құрылғаннан соң, бұл мiндеттiң жауапкершiлiгi артқан сияқты. Қазiр елдiң индустисталды-инновациялық дамуы қандай? Индустрияландыру стратегиясына дейiнгi бағдарламалардың тағдыры не болды?

— Санап көрсек, осы уақытқа дейiн түрлi деңгейдегi 52 жоба-жоспар әзiрленген екен. Оның арасында мемлекет басшысы бекiткен көлiк стратегиясы да, министрлер мақұлдаған салааралық даму бағдарламалары да бар. Осыншама қаптаған құжаттарды саралай келе оларды ықшамдау туралы шешiмге келдiк. Ақыр аяғы, идеясы анық, бояуы қанық, 5 жылдық екi кезеңнен тұратын 10 жылдық стратегия жарияланды. Ендi заңнамалық тұрғыдан санаулы құжат бойынша жұмыс iстеймiз. Сiз меңзеп отырған 30 корпоративтi жетекшi, стандарттау секiлдi мәселелерге келсек, бiрiздiлiк сақталады. Ол шаруалар осы индустрияландыруға енетiн болады.

— Индустриялық-инновациялық бағдарламаны әзiрлеу барысында осыған дейiнгi кемшiлiктер, кәнiгi мамандар мен iскер қауымның ұсыныс-пiкiрi ескерiлдi ме?

— Бiз осы уақытқа дейiнгi стратегиялардың барлығын дерлiк зерттеп шықтық. Қайсысы iске жарады, қай тұсы татымады, бәрiне қанық болдық. Сонымен бiрге кәсiпорындарды сүзгiден өткiзiп, дағдарыс қалай әсер еткенiн, ендi олардың қолынан не келетiнiн бiр кiсiдей бiлдiк. Осындай шынайы деректердi алға тарта отырып, бағдарлама әзiрлеудi барынша жария түрде жүргiзуге тырыстық. Бизнес-қауымдастықпен бiрге маңызды мәселелердi талқылайтын Үйлестiру кеңесi құрылды. Барлық аймақта салалық қауымдастықтар мен кәсiпкерлердiң қатысуымен ондаған кездесулер өттi. Ақыры, Президент тапсырмасына сай әзiрленген құжат барлық орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдармен келiсiлдi. Салалық қауымдастықтар мен қаржы институттары тарапынан да қолдау тапты.

— Министр мырза, алғашқы 5 жылдық бағдарламадан қандай жетiстiк күтемiз?

— Алдын ала жасалған жоспар бойынша, 2015 жылы Iшкi жалпы өнiмдi 2008 жылдың деңгейiмен салыстырғанда 50 пайызға ұлғайту көзделiп отыр. Сонымен қатар, қайта өңдеу саласында еңбек өнiмдiлiгiн 50 пайызға арттыру, экономиканың жекелеген салаларында бұл көрсеткiштi 100 пайызға жеткiзу, шикiзатқа жатпайтын экспортты 40 пайызға көбейту, Iшкi жалпы өнiмнiң энергияға тәуелдiлiгiн 2008 жылмен салыстырғанда 10 пайызға азайту, инновациялық кәсiпорындардың үлесiн 10 пайызға жоғарылату — осы бағдарламаның басты мақсаты.

Бiз үш мiндеттi орындауымыз керек. Бiрiншi — индустрияландыру; екiншi — үдемелi индустрияландыру; үшiншi – инновациялық индустрияландыру.

Көптеген елдерде мұндай жоспар әр жылда, түрлi кезеңде iске асқан. Бiздiң алдымызда тұрған жоспар — бас-аяғы бес жылда бар жұмысты тындыру. Сондықтан бар күштi салуға тура келедi. Осы уақыт iшiнде бiз бәсекеге қабiлеттi экономика қалыптастыруымыз керек. Өнiмдiлiк деңгейiн арттырмайынша, ол биiктi бағындыру тiптi мүмкiн емес. Ал, өнiмдiлiк жаңа технологиялар енгiзуге тiкелей байланысты. Түптеп келгенде, бiз шикiзатқа сүйенгендi қойып, түбегейлi өңдеумен айналысуымыз қажет. Сонымен қатар, инновациялық даму жолына түскен абзал.

— Айтпақшы, осы инновацияны даму жолына салудың жолы қандай? Елiмiзде ғылым мен өндiрiстiң арасы алшақтап кеткелi қашан?! Оның үстiне, ғалымдарымыздың заман сұранысына жауап беретiндей еңбегi бар ма, ол да — бiр мәселе. Егер бар болса, оны өндiрiске жiберудiң тетiктерi қандай? Тағы бiр проблема — жастар ғылымға зер салуды қойды. Индустрияландыру саясаты арқылы кейiнгi буынның ынтасын қалай оятуға болады?

— Модернизациясыз, жаңа технологиялар енгiзбей, инновацияға басымдық берiлмей, бұл шаруаны тындыру тiптi мүмкiн емес. Әлемдiк тәжiрибеге сүйенсек, Еуропа елдерiмен қатар Малайзия, Сингапур, Оңтүстiк Корея, Жапония секiлдi дамыған мемлекеттердiң экономикасын iлгерiлетушi басты тiрек — инновация. Сондықтан да жаңа индустриалды саясатта инновацияның маңызы зор.

Ал, Қазақстандағы қазiргi жағдайға келсек, Iшкi жалпы өнiмнiң ғылымға жұмсалатын шығыны соңғы кездерi 1,1 пайыздан аспай тұр. Сол себептен, бұл жүйеде әлi де пысықтауды талап ететiн жұмыстар баршылық. Дегенмен, елiмiзде инновациялық инфрақұрылым қалыптасып үлгерген. Технопарктер, индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар және Ұлттық инновациялық қор жасақталды. Келесi жылы жоғары технологиялы және ғылымды қажет ететiн өндiрiс орындарын құрып, өңдеу өнеркәсiбiндегi инвестиция көлемiн арттырып, iргелi және қолданбалы зерттеулердiң қаржыландырылуын ұлғайтуымыз қажет. Орайы келгенде айта кетейiн, инновация ең әуелi аймақтардағы нақты бiр кәсiпорынға енгiзiлуi тиiс. Ол үшiн әкiмдiктердiң араласуымен барлық аймақтарда шағын инновациялық кәсiпорындар құрылып, олардың өнiмiне алып зауыттардан тапсырыс түсуiн қамтамасыз ету керек. 2010-2012 жылдары Шығыс Қазақстан, Оңтүстiк Қазақстан және Солтүстiк Қазақстан облыстарында технопарктер құрылып, Астанада коммерцияландырушылық технологиялар орталықтарының ашылуы жоспарланған. Ол жерлерде инноваторлар барлық мүмкiндiктермен қамтамасыз етiледi. Сонымен бiрге, осы жылдан бастап тәжiрибелi-конструкторлық зерттеулер мен инновациялық технология енгiзушiлерге арнайы грант бөлу қарастырылған. Бұл университеттiк ғылымға, атап айтқанда студенттердiң инновациялық жобаларға араласуына серпiн бермек. Грант беруге арналған байқау таяу арада өтедi. Келешекте бөлiнетiн грант түрлерiн көбейту де жоспарда бар. Бұдан бөлек арнаулы қорлар да құрылады. Соның бiрi — аймақтардағы инновациялық жобаларды қаржыландыруға арналған технопарк жобаларының қоры.

Әрине, бұл фундаменталды ғылым кейiнге ысырылады деген сөз емес. Алайда, ғылымның әкiмшiлiгi мен қаржыландыру жүйесi елдiң үдемелi даму үрдiсiндегi мiндеттерге сай реформаланады. Сайып келгенде, бiз экономикалық тұрғыдан тиiмдi ғылымға бәс тiгуiмiз шарт. Осы айтып отырған коммерцияландыру мен тың зерттеулерге жүгiну – инновациялық дамудың өзегi.

Жоғарыда келтiрiлген мiндеттермен қатар кәсiпкерлердiң де осы амалға ынтасын оятқан абзал. Ол үшiн келешегi бар қолданбалы ғылыми идеяларды қолдауға машықтанған және сол жоспарды қаржыландырып, одан кейiн сатумен айналысатын iскерлер шоғырын қалыптастыру қажет. Содан ғана еңбектiң тиiмдi тепе-теңдiгi сақталады. Ғалымдар мен өнертапқыштар идея табады, ал, кәсiпкерлер оны iске асырады. Инновацияны дамыту үшiн жасалып жатқан iс-әрекеттердiң парқы мен нарқы осы.

— Ал, стратегияны iске асыру ең әуелi қай салаларға байланысты?

— Әу баста мемлекет басшысы келешегi зор жетi бағытты айқындап берген. Олар: агроөнеркәсiп кешенiн дамыту, металлургия, мұнай өңдеу, энергетика, химия және фармацевтика, құрылыс индустриясы, көлiк және ақпараттық коммуникация. Бұған қоса бiз тағы бес саланы ұсындық. Машина жасау, уран және жеңiл өнеркәсiп, туризм, ғарышты игеру. Егер жоғары өнiмдiлiк пен экспорттық қырынан танылған кәсiпорындар шығып жатса, бұл тiзiмдi әлi де толықтыруға дайынбыз. Айтпақшы, бұл тұрғыда мемлекет басымдық берiлген салалардың барлығына бiрдей емес, тек жаңа талапқа сай келетiндерiне ғана қолдау көрсетедi. Ол талап тiзбесi мынандай: мекеменi модернизациялау, жоғары өнiмдiлiк шартына сай келетiн жаңа кәсiпорындар ашу және келешекте мiндеттi түрде iске асуы тиiс жоспарлармен шұғылданатын кәсiпорындарды қарастыру (IT, энергияның балама түрi т.б.).

— Қазақстанда алты арнайы экономикалық аймақ бар екен. Осы аймақтар бойынша қандай нақты жетiстiктерге жеттiк? Қай аймақта қандай жобалар жүзеге асады?

— Осы жылы кем дегенде 144 индустриалды және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын бiтiру мiндетi алдымызда тұр. Олардың жалпы құны — 800 млрд астам теңге. Бүгiнде республикалық және аймақтық индустрияландыру картасына кiруi мүмкiн құны 7,5 трлн. теңге болатын 237 жобаны қарастырып отырмыз. Үкiметтiң қаулысына сәйкес, 30-дан астам үлкен жобаларға министрлiктер мен ұлттық холдингтер тiкелей жауапты. Мәселен, Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң қарауында бiр үлкен инфрақұрылымдық жоба бар. Ол — "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" тас жолының құрылысы. Төтенше жағдайлар министрлiгi "Көксарай" су реттеуiшiне жауапты. Ауыл шаруашылығы министрлiгi "Нұра-Есiл" арнасының қайта құрылуын қадағалайды.

Үкiмет құрамының қайта жасақталуына байланысты бұрынғы Энергетика және минералды ресурстар министрлiгiнiң қарауына берiлген 10 жоба бiздiң құзырымызға — Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiнiң жауапкершiлгiне өттi. Олардан басқа бiздiң бақылауымызда 98 жоба болды. Уақыт өте келе кейбiрi әкiмдiктерге берiлдi. Ал, "Самұрық-Қазына" ұлттық-әл-ауқат қорының құзырында — Битум зауыты, Астана мен Шымкент қалаларындағы "Химфарм" фармацевтикалық фабрикасы, Жетiген-Қорғас және Өзен бойында екi темiржол желiсiн тарту секiлдi 8 жоба бар. "Қазагро" ұлттық компаниясына 7 жоба тиесiлi. Олардың бастысы — Астанадағы 3 гектар жерге жылыжай кешенiн салу, құс фабрикаларын жасақтау. Тұтастай алғанда, "Қазагроның" қаржыландыруымен 30 инвестициялық жоба жұмыс iстей бастады. Мұның бәрi ең алдымен Агроөнеркәсiп кешенiн дамытудың қамы. Ал, аймақтарға келсек, Алматының еншiсiнде бiр iрi жоба бар. Медеу-Шымбұлақ демалыс кешенiн дамытуға 30 млрд. Теңге бөлiнiп отыр, бұл жоба жүзеге асқанда Азиада қарсаңында қысы-жазы қызмет көрсететiн әрi әлемдiк стандартқа сай тау шаңғысы курорты пайдалануға берiлетiн болады. Ал Астанада 2 жоба қолға алынады. Оның iшiнде "Абу Даби Плаза" көпфункциялы кешенiнiң құрылысы ерекше атап өтуге тұрарлық. Мұнша көп жобаларды iске қосу бұрын-соңды болған емес. Бұл — соңғы жылдары жүргiзiлген индустриялық саясаттың арқасы.

Жоспарды абыроймен орындау үшiн санға емес, сапаға мән берген жөн. Ол үшiн жобалардың өнiмдiлiгi жоғары, озық инновациялы, экспортқа бағытталған болуы шарт. Сондықтан тек министрлiкте ғана емес, аймақтарда да жұмысты күшейту керек.

— Қазақстан шикiзатқа тәуелдi жылдары инвестиция тарту iсi жемiстi болды. Ендi индустрияландыруға келгенде сондай қарқын бола ма? Оның үстiне, дағдарыстан кейiн дүниежүзiнде тiкелей шетел инвестициясына деген зәрулiк байқалып отыр.

— Дұрыс айтасыз, халықаралық капитал нарығында қаржы ресурстарына қол жеткiзу қиындағалы әлемде тiкелей шетел инвестициясына деген талас басталды. Сондықтан инвестицияға мемлекеттiк қолдау шараларын қарастырып, инвестиция ағыны бәсекелес елдерден аймақтарға бұрылуы үшiн қарекет жасаған абзал. Бұл орайда фискалды, қаржылық және инфрақұрылым жағынан қолдау көрсетудiң маңызы зор. Оның iшiнде салық жеңiлдiгi Арнайы экономикалық аймақ аумағында, сонымен бiрге жекелеген инвестициялық келiсiмдерге қарай жасалады. Ал, жобаларды жанама қаржыландыру мәселесi Даму институттары арқылы шешiледi. Қазақстандық үлес комиссиясы арқылы шетелдiк инвесторларға берiлуi мүмкiн минималды кепiлдендiрiлген мемлекеттiк тапсырыс пен ұлттық компаниялар тапсырысы бұл шаруада күштi құрал болар едi.

Келесi мәселе — инвесторларға қызмет түрлерi жағынан қолдау көрсету. Әлемнiң 160-тан астам елiнде инвесторларды тартумен айналысатын арнайы агенттiктер шұғылданады. Олардың ресурсы мен өкiлеттiгi де жоғары. Елiмiзде мұндай институттың жоқтығы инвестордың санын азайтпаса, көбейтпейдi. Сондықтан бiз Кореядағы "КОТRА", Австралиядағы "АUSTRADE" және Бразилиядағы "АPEX" секiлдi "KAZNEX" АҚ базасында "KAZNEX INVEST" — экспорт және инвестиция мәселелерiмен айналысатын Ұлттық агенттiк құруды ұсынып отырмыз. Ол агенттiк бизнес-форумдар, түрлi тұсаукесер шараларын ұйымдастырумен айналысады. Бұған қоса, шетелдiк инвесторлар да, отандық бизнес өкiлдерi де серiктес табуы үшiн бiрыңғай интернет-портал ашу көзделiп отыр.

Ал, қазiргi жағдайымызға келсек, Президенттiң келiссөздерiнен кейiн министрлiкке 150-ден астам инвестор түрлi ұсыныстармен келе бастады. Арасында француздың "Альстом", "ОСЕА", финдердiң "Sepecal Oy", "Outotec", америкалық "CNH International S.A.", "DuPont", кореялық POSCO и STX Group, итальяндық "Finmeccanica", үндiстандық "Torrent Pharmaceuticals Ltd." және түркиялық "Кибар Холдинг" және "Чалык Холдинг" компаниялары бар. Инвесторлдардың қатысуымен осы шақта 49 жоба пысықталып жатыр. Оның қатарындағы Жамбылдағы цемент зауыты, Алматы облысындағы "Данон" сүт зауыты секiлдi сегiз кәсiпорын биыл пайдалануға берiледi. Бiрақ, жоспардағы мақсат орындалуы үшiн әлi мұндай жобалардың санын арттыру керек. Осы жерде әкiмдiктердiң белсендiлiгi өте маңызды. Олар инвесторларға ұсыныстар жасап, қажеттi инфрақұрылымдарды, басқа жағдай жасап, дәстүрлi түрде бизнес-форумдар ұйымдастырып тұруы тиiс. Айта кету керек, аймақтарға бiраз күш түседi. Өйткенi, салынып жатқан нысандардың көбiсi — осы аймақтарда.

Жалпы индустрияландыру бағдарламасын iске асыруына барлық тараптар бiрлесiп жұмыс атқару қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңiл» — дейдi халқымыз.

Дайындаған Гүлбиғаш ОМАРОВА

Серіктес жаңалықтары