ИПОТЕКА ЖӘНЕ ЖЕҢIЛДIК

ИПОТЕКА ЖӘНЕ ЖЕҢIЛДIК

ИПОТЕКА ЖӘНЕ ЖЕҢIЛДIК
ашық дереккөзі
509

Елiмiздiң 4 банкi ұсынған кешендi тәсiл

Елiмiздi экономикалық қаржы дағдарысы қыспаққа алғанда, ипотекалық несиемен баспаналы болған жұрттың ұйқысы қашқан едi. Тiптi, статистикалық мәлiметтер осыған байланысты жүйке ауруына және психологиялық ахауларға шалдыққандардың саны артқанын дәлелдеген. Ендi қарапайым халықты мазалаған мәселеге банктiң өзi көмекке келiп, төлем қабiлетi төмен борышкерлерге арнайы жеңiлдiктер қарастырып жатыр.

Мұндай жеңiл шартты әуелгiде "БТА Ипотека" АҚ ұсынған болатын. Былтыр компания тарапынан борышкерлерге төлем мерзiмiн шегеру, несиелеу мерзiмiн ұзарту, жеңiлдiк мерзiмiн ұсыну, мемлекеттiк бағдарлама аясында қайта қаржыландыру, үйдi жалдау сияқты бiрсыпыра жеңiлдiк қарастырылды. Сондай-ақ, 19 миллиард теңгеге есептелген ипотекалық қарыз бойынша 2 мыңнан астам борышкердiң қарызын қайтару кейiнге қалдырылып, 5 млрд. теңгеден астам мөлшердегi несие бойынша үстемақы алынып тасталды. Осы тұрғыда "БТА Ипотека" президентi Сағындық Құсайынов: "Бiз несие төлеуге қатысты қиындыққа кезiккен кез келген тұтынушыға аталған бағдарламалар аясында көмек көрсетуге дайынбыз. Бұл бағдарлама қарызгерлерге үйiнде тұра берiп, төлем қабiлеттiлiгiне байланысты туындаған мәселелердi өздiгiнен шешуге мүмкiндiк әпередi. Дәл осындай жеңiлдiк биыл да жалғасын табады", – деген-дi. Осы жолы ипотекалық несие алушылардың қамын елiмiздегi белдi 4 банк қарастырып отыр. Апта басында мемлекеттiң үлесi бар қазақстандық банктер – "БТА Банкi" АҚ, "Альянс Банкi" АҚ, "Темiрбанк" АҚ және "БТА Ипотека" Ипотекалық ұйымы" АҚ ипотекалық несиелеу нарығында жұмыс жүргiзудiң бiрыңғай стандартын бiрлесе отырып қабылдауға келiстi. Бұған себеп – несие алушылардың төлем қабiлетiнiң төмендеуi және қазақстандық банктердiң несиелiк портфелдерi сапасының нашарлауы. Осындай қарама-қайшы тенденцияны жеңу мақсатында және ипотека саласында қордаланған мәселелердi шешу үшiн бiрыңғай кешендi тәсiлдi қолдану қажеттiгi сезiлген.

Қарапайым халықтың басындағы жағдайды ескерген 4 банк ипотекалық несие арқылы тұрғын үй алған клиенттер үшiн жүйелi жеңiлдiктiң үш пакетiн жасады.

"БТА Ипотека" Ипотекалық ұйымы" АҚ вице-президентi Қайрат Алтынбековтың айтуынша, 4 банктiң ұжымы "Несие алушыларға қандай көмек көрсете аламыз?" деген сұраққа жауап iздеп көрiптi. "Бағдарламаның ерекшелiгi, несие мерзiмiн созу, пайызын төмендету, жеңiлдiктер беру. Бiрiншi пакет әлеуметтiк жағынан қорғалмаған, ипотекаға сатып алған жалғыз тұрғын үйi бар несие алушыларға арналған. Несие алушылардың бұл тобына ипотекалық заемды қайта құрылымдау механизмi ұсынылмақшы. Ең негiзгiсi, ай сайынғы төлемнiң 10 пайызға азайып және екi жылдық жеңiлдiк қарастырылды. Менiңше, бұл үлкен көмек", – дейдi "БТА Ипотека" Ипотекалық ұйымы" АҚ вице-президентi Қайрат Алтынбеков.

Екiншi пакетке ипотекаға сатып алынған тұрғын үйдi жалға беру механизмi енгiзiлген. Бұл пакет ай сайынғы төлемдердiң 50 пайызынан астам сомасын төлей алмайтын несие алушылар тобына ұсынылады. Осы механизмдi iске асыру несие алушылардан тұрғын үйдi ағымдағы нарық бағасымен сатып алып, әрi қарай 2 жыл бойы жалға берудi көздейдi. Яғни, несие алушылардың бұл тобы тиiмдi шарт арқылы өз үйiнде тұра беру мүмкiндiгiне ие болады. Ал ай сайынғы жалдау төлемi қазiргi несие өтемдерiнiң 50 пайызынан аспайды. Мұның нәтижесiнде несие алушы 2 жыл өткеннен кейiн үйдi қайта сатып алады. Бұл кезде тұрғын үй бағасы клиенттiң банк алдындағы қалған берешегiне теңелетiн көрiнедi. Ал үшiншi пакет – үстемақы мөлшерлемесiн азайту мүмкiндiгi мен несиелеу мерзiмiн 3 жылға ұзартуды қарастырады. Әрбiр жағдай бойынша шешiм жеке қабылданады.

Естерiңiзде болса, былтыр ипотекалық нарықтағы дағдарыс белгiлерiне нақты қарсылық ретiнде ипотекалық заемдарды қайта қаржыландырудың мемлекеттiк бағдарламасы қабылданып, "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ мен бiрқатар отандық банктер арқылы жүзеге асып едi. Оған мемлекет 120 млрд. теңге бөлген-тұғын. Бұл бағдарлама аясында 15,3 мыңға жуық несие қайта қаржыланып, олардың үстемақы мөлшерлемесi 4,5 пайызға азайып, несие алушының қарыздық жүктемесi орташа есеппен 17 пайызға жеңiлдеген. Сондай-ақ, "Альянс Банкi", "БТА Банкi", "БТА Ипотека" және "Темiрбанк" 13 мыңға жуық төлем бойынша мерзiмдi ұзартып, кешiрiлген өсiмпұл сомасы 32,5 млрд. теңге құрады.

"Осы бағдарламаның жалғасы iспеттес жаңадан қабылданған кешендi тәсiл ипотекалық несиелеу нарығында туындаған түйткiлдердi шешуге өз септiгiн тигiзедi" деген "БТА Ипотека" Ипотекалық ұйымы" АҚ вице-президентi Қайрат Алтынбеков несие пайызын төмендетудiң арқасында 4 банктiң 15 мың несие алушысына көмек бердiк дегендi айтады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары