ҚАСIРЕТТI КЕСЕЛДIҢ КIСЕНIНДЕ

ҚАСIРЕТТI КЕСЕЛДIҢ КIСЕНIНДЕ

ҚАСIРЕТТI КЕСЕЛДIҢ КIСЕНIНДЕ
ашық дереккөзі
232

Етекке оралғы болып келе жатқан аурудың бiрi-iшкiлiкке құмарлық. Сонда бұл маскүнемдiк деген қандай кесел? Iшкiлiкпен әуестенушiлiк тек сол арақ құмар адамның өзiне ғана емес, жалпы қоғамдық тұрмысымызға, демографиялық ахуалымызға, тәрбиемiзге келтiрер залалы қаншалықты! Мысал ретiнде айтар болсақ, тек өткен жылдың өзiнде ғана Алматы қаласында үш мыңдай жас отау шаңырақ көтерсе, 117 неке бұзылыпты. Орта есеппен қала бойынша АХАЖ бөлiмiне тiркелген адамның әрбiр төртiншiсi жолдасымен ортақ тiл табыса алмаған. Көбiнде осыған кiнәлi – iшiмдiкке салынушылық. Оған бiздiң аудандық сотта болып, төмендегiдей қайғылы жағдайлармен танысқанда көзмiз жеттi.

ОТБАСЫНДАҒЫ ОЙРАН

"…Бiз 2007 жылы некеге тұрдық. Екi жылдан соң Ермек атты ер баламыз дүниеге келдi. Бiр шатыр астында кешкен екi жыл өмiрiмде көрмегенiм жоқ. Тойға дейiн ол iшiмдiктi аз iшетiн. Бiрақ, нәрестелi болған соң ол арақ-шарапқа әуестiгiн арттырды. Жолдастарымен кетiп, үйде түнемейтiндi де шығарды. Ертесiне ұсақ-түйекке бола тиiсетiн. Жалындым, жалбарындым. Бiрақ, ол райынан қайтпады. Ұрып-соғатынды шығарды. Келе-келе бұл мiнез әдетке айналды. Екi мәрте одан кетiп те қалдым. Тағы да iздеп келiп, кешiрiм сұрады, уәдесiн бердi. Айтқанына иланған мен сәбиiм үшiн босағаны қайта аттайтынмын. Апта өтпей жатып баяғы тiршiлiк қайта орнайтын. Айлығын түгел iшiмдiкке жұмсайтын. Ол аз дегендей балам екеумiзге берiлетiн жәрдемақыны да тартып алып, араққа жұмсайтын. Бермесем күн көрсетпейдi. Соның лаңынан үйде кейде нан да болмай қалатын. Сауыққанда осыларды айтсам "есiмдi бiлмеймiн" деп ақталатын. Бiрнеше рет пышақпен қорқытты. Материалдық жағдайымыз қиын болғандықтан сәбидiң кiшкентайлығына қарамай, жұмысқа араластым. Көрсеткен көмегi болуы керек, ендi апталап жоғалатынды шығарды. Бiрде жұмыстан келсем, ес-түссiз мас екен. Жолай сәбиiмдi алып, шаршап келiп отырған менiң екi жерiмнен пышақпен жарақаттады. Қансырап жатқанда тепкiнiң астына алды. Ендiгi жерде Кәрiммен бiрге тұруға ешқандай мүмкiндiгiм жоқ. Сондықтан бiздi ажыратуды өтiнемiн". Жұбайы заң орнына осылай арызданған.

– Мiне, бұл небәрi 20-21-дегi жастардың арасындағы болған оқиға. Аты-жөндерiн әдейi өзгертiп алып отырмыз, – дедi Жетiсу аудандық сот судьясы бiзбен әңгiме арасында. – Бұл екi жасты да осындай күйге жеткiзген әрине арақ-шараптың әсерi. Арақ әзәзiлдiң әлегiнен кiсi өлтiру, әйел зорлау, адамдарды тонау секiлдi қылмыстар да бiздiң тәжiрибемiзде көптеп ұшырайды. Бiр өкiнiштiсi, осындай қылмыстар қазақтар арасында да өсiп барады.

Қала тұрғыны Бегалы да маскүнемдiкке салынуын отырыстардағы 100 грамдардан бастаған. Өзi ұнатқан қызбен отау құрып, үш сәбидiң әкесi атанып, бақытты тұрмыс құра бастағаны сол едi, бөтелкеге бүйрегi бұрып тұратын қылығы су түбiне кетiрдi. "Кейiн қойып кетем ғой" деген арзан үмiтi ақталмады. "Ұрттап" қоя беретiн болған соң жұмыс орнын да жиi ауыстыруға тура келдi. Отбасында жанжал көбейiп, айықтыру орындары "тұрақты мекенiне" айналды.

Жуырда көршiлерi полиция шақыртып, ақыры оны наркологиялық кабинетке ұсқынсыз жандармен қатар отырғызғанда, намыстан жылап жiбере жаздаған. Бiрақ, бәрi кеш – диспансерлiк есепке алынды.

Осылайша ертеңнiң ақыры әттеңге ұшыратты. Маскүнемдердiң тең жарымына жуығының басындағы кебi бұл. Екеуiнiң бiреуiмен сөйлесе қалсаңыз, өкiнiштен аһ ұрып жатқаны.

Кабинетке жүдеу өңдi көнелеу киiмдi әйел кiрдi. Бұл әйел тапқан-таянғанын iшiмдiкке жұмсайды екен. Ана деген аяулы да ардақты атты қор етiп, жан-жағына жасқаншақтай қараған маскүнем әйелдiң қор болған есiл өмiрi жаныңды қинайды. Өкiнiшке орай, дәрiгерлiк есепке алынғандардың iшiнде әйелдер де бар.

– Мен қазiр таныстарымның үйiнде тұрып жатырмын. Үй-iшiме сиыспадым, кетiп қалдым. Жағдайым қиын, – деп бастады әңгiменi Р.А.

– Балаларыңыз бар ма?

– Иә, 5-шi және 2-шi сыныпта оқитын екi қызым бар. Кiшiсi мүгедектер тәрбиелейтiн арнайы мектепте оқиды.

– Балаңыздың жарымжан болып туғаны сiздiң iшiмдiкке құмарлығыңыздың нәтижесi емес пе?

Келiншек үнсiз қалды. Жауап таба алмай дағдарған сыңайда. – Мен оларда болып тұрамын, – дедi сәлден кейiн. Осы сөздердi ғана айтуға шамасы жеткендей булыға жылап жiбердi. Нарколог-дәрiгердiң бұдан кейiнгi сұрақтарына жауап бергенде де көз жасын тыя алмай қойды. Бәлкiм өзiнiң дәрменсiздiгiне күйiнген шығар. Аяғын шалыс басқан сәттерi өкiнiш боп өзегiн өртедi ме? Ол жағы тек Р.А-ның өзiне ғана белгiлi.

– Арақ-шараптың адам организмiне, әсiресе ми мен нерв жүйесiне әсерiн, мас болу жағдайын И.Сеченов, И.Павлов, А.Дажилевский сияқты физиологтар талай рет зерттеген. Олар алкогольдi ми клеткаларының, нерв жүйесi қызметiнiң және жалпы организмнiң уы деп және оның басқа улардан айырмашылығы – елiктiргiш, баурағыш, есiрткiш деп санаған, – дейдi дәрiгер В.П.Ребрикова бiзбен әңгiме арасында.

Шындығында арақ жеңген адамның ой-пiкiрi саяздап, бiр нәрсенi тиянақтап ойламай, бос сөзге құмар болатыны, бiр айтқанын қайталай беретiнi, өзiн өзгелерден жоғары санап, сәл нәрсеге өкпелегiш, тұрақсыз болып кететiнi, қабiлетiнен мүлдем айырылып, дөрекi, қатыгез болатыны ғылыми түрде де, тәжiрибе жүзiнде де дәлелденген.

"МЕНI АРАҚ ЖЕҢДI"

…Арыстай азаматтың тапа-талтүсте өз үйiнiң төрiнде өзiн-өзi мерт қылуы шағын қала тұрғындарын дүр сiлкiндiрген. Үстел үстiндегi бiр бет қағазға: "Мен арақты жеңе алмадым, менi арақ жеңдi. Дәл осылай бәрiне жексұрын болып жүргенше, өлгендi артық санадым" деген жазу қалдырған.

– Әмiр бидай өңдi, бұйра шашты әдемi жiгiт едi. Қатар-құрбысының арасында түр-тұлғасымен де, өнерiмен де ерекше көрiнетiн. Ойын-тойдың көркi болды. Екеумiз бiр жиында таныстық. Сонан кейiн көп ұзамай отау тiктiк. Ол кезде мен он сегiзде, Әмiр он тоғыз жаста едi, – деп бастады жанарына жас үйiрiлген жас келiншек өз әңгiмесiн. – Алғашқы кезде оның iшiмдiк iшетiнiне онша мән берген де жоқпын. Iшiмнен арақты кiм iшпейдi, түсiнер, қояр деп те ойлаған кездерiм болды. Екеумiз бес жыл бiрге тұрдық. Осы жылдар iшiнде менiң қуанғанымнан мұңайған, қайғырған кездерiм есiмде көбiрек сақталып қалыпты.

Жолдас-жоралары терiс айналып кеттi. Жұмыс iстейтiн ұжымында де беделi болмады. Ол кiсi танымайтын дәрежеге жеттi. Көз алдындағы адамдардың бәрi оған құбыжық болып көрiнетiн сияқты. Бiр күнi түнде қатты ауырып шықты. Екi қолымен басын тас қылып ұстайды да отырады. Белгiсiз науқас меңдеп барады. Денесi күйiп-жанып, жүрегi айнып, миы шаншиды. Келе-келе сандырақтайтынды шығарды. Қасында күзете отырып шаршағасын көзiм iлiнiп кетiптi. Бiр нәрседен шошып ояна кетсем, қарсы алдымда қолында ағаш жаратын балтасы бар күйеуiм тұр. Шыңғырып аунап түстiм, балта еденге қадалды.

Ертеңiнде наркологиялық ауруханаға түстi. Дәрiгердiң айтуынша жүйке ауруына шалдыққан. Ұзақ жатып емделiп шықты. Бiрақ, iшуiн тоқтатпады. Ақыры өзiне-өзi қол жұмсады.

СӨЗ СОҢЫ

Иә, күрмеуге келмейтiн қысқа жiптей жас өмiрдi мақсатсыз тiрлiкке айналдыру қандай қасiрет десеңiзшi. Қолына шарап толы стакан ұстайтын жас буын осыны ойласа ғой, шiркiн!

Бұлай деуiмiздiң жөнi бар. Оңтүстiк астанамыздағы әрбiр мейрамхана, кафе, сырахана, ойынханаларды аралап байқасаңыз, арақ-шарап, сыра iшiп, кекiрiк атып, көздерi күлдiреп теңселiп отырғандардың денi өзiмiздiң ұлттың өкiлдерi екенiн көрiп, қарның ашады.

Олай деп ашына айтып отырған себебiмiз – өзбек, әзербайжан, тәжiк т.б. осы сияқты түркiтiлдес халықтар бiз құсап ана тiлiн тәрк етiп, бала тууды шектеп, керiсiнше арақ iшудi мәртебе көрiп отырған жоқ. Өмiрiмiзге нарықтық экономика дендеп енiп, қымбатшылық пен дағдарыс қыспаққа алып тұрған шақта, балалардың аузынан жырып, араққа тойып, алшаңдай басып, арқаны кеңге салып жүре берер болсақ, ұлтымыздың саны да, мәдениетi де өрге баспас, сiрә. Кейiнгi отыз-қырық жыл көлемiнде халқымыздың басына пәле болып жабысқан арақ-шарап деген "арам затты" төрiмiзге жайылған ақ дастарқанға жолатпауға, одан тiптен аулақ болуға әдеттене бастасақ, өсiп келе жатқан ұрпағымыз үшiн үлгi болар едi.

Болат ШАЙМАНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағы

сыйлығының лауреаты

Серіктес жаңалықтары