ҚҰРСАҚТАҒЫ СӘБИДI ТҰНШЫҚТЫРЫП...

ҚҰРСАҚТАҒЫ СӘБИДI ТҰНШЫҚТЫРЫП...

ҚҰРСАҚТАҒЫ СӘБИДI ТҰНШЫҚТЫРЫП...
ашық дереккөзі
421

"Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар" дейдi қазақ. Сондықтан да болар, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елiмiздiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын талдаған Қазақстан халқына Жолдауында "2015 жылға дейiн халқымыздың саны 20 миллионға жетуi тиiс. Әйтпесе, экономикалық жағдайымыз қиын болады", – делiнген.

Иә, шындығында халықтың өсiмi – мемлекеттiң алдында тұрған үлкен мәселе, оны шешпеске болмайды. Неге десеңiз, осыншама кең байтақ, қазба, табиғи байлықтарға бай жерiмiз бола тұрып, халықтың саны өспей, азая берсе бұл ертең жақсылыққа апармайды. Ұлтқа үлкен қатер, еңселi ел болуымызға қауiп. Iргелi де мықты мемлекет болуымызға кедергi.

Осы мәселеге орай Үкiмет арнайы жоспар жасап, нақты бағдарламалар бойынша iске кiрiсiп те кеткен. Өйткенi, қазақ санының қиялмен көбеймейтiнi, оған нақты әрекет керек екенi белгiлi. Олай дейтiнiмiз, қазақтың қазiргi табиғи өсуi Орта Азия және Әзiрбайжан Республикаларымен салыстырғанда 2-3 еседей артта қалған. Бұған себеп, өкiнiшке қарай, бүгiнде үйреншiктi жайтқа айналған жан түршiгерлiк, ұлтымызға жат құбылыстардың бiрi – жасанды түсiк дәл бүгiндерi, бiздiң елiмiзде өршiп тұрғаны белгiлi жайт.

Дәйектi дәлел келтiрер болсақ, салауатты өмiр салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығының мәлiметтерiне жүгiнсек, жыл сайын 500 мыңдай әйел бала көтерсе, солардың 170 мыңнан астамы жасанды түсiк арқылы балаларын алдыртып тастайды екен.

Ғалым-дәрiгерлердiң зерттеу еңбектерiне ден қоя үңiлсеңiз, адам өмiрi нәрестелiк, балалық, жасөспiрiмдiк, егделiк, кәрiлiк деп әр кезеңге бөлiнсе де, ол негiзiнен ұрықтану сәтiнен басталатынына көз жеткiзесiз. Адам ұрықталған тұқыммен бiрге пайда болады. Ұрықталған аналық тұқым клеткасы – жай клетка емес, ол толық және шын мәнiндегi адам тiршiлiгiнiң бастамасы. Демек, ұрық – адам. Сондықтан да, жасанды түсiк (аборт) ана құрсағындағы тiрi адамды қасақана өлтiрумен бiрдей. Өйткенi, Құранда айтылғандай, ана құрсағындағы бала қозғалысқа енген күннен бастап, Алланың пендесi саналады. Жасанды түсiк арқылы баланы алдырып тастау, адамның өмiр сүруiн ең алғашқы бастамасында тоқтату – бiле бiлсек, адам өлтiргеннен де өте ауыр қылмыс. Осы орайда, бiз жасанды түсiкке қатысты заң тармақтары қайта қаралатын уақыт жеттi деп ойлаймыз. Ендiгi жерде жасанды түсiк туралы сөз болса, әйелдердiң құқығы бұзылатынын сылтауратудың ешқандай негiзi жоқ. Керiсiнше, өз еркiмен операциялық үстелге жатып, денсаулығына көп залал келтiрiп, өзiнiң баласын өзi жасанды түсiк жасау арқылы өлтiретiн әйелдер арасында дәрiгерлер дұрыс насихат жұмыстарын жүргiзгенi абзал.

Жасанды түсiкпен күрес – маңызы зор, әлеуметтiк мәселе. Осы әрекеттi бизнеске айналдырып жүрген кейбiр дәрiгерлерiмiздiң кесiрiнен жасанды түсiктi бiрiншi жасаған әйелдердiң 45-50 пайызы әртүрлi асқынған жыныс және басқа ауруларымен науқастанады. Үштен екiсi бедеу болып қалады. Мұны ғалымдарымыз дәлелдеп те отыр. Сондай-ақ, жасанды түсiктi бiрнеше қайтара жиi жасатқан әйелдердiң арасында қатерлi iсiкпен (ракпен) ауыратындар соңғы жылдары көптеп кездесуде.

"Осыну қасiреттi кесепаттан жедел арылудың қандай жолдары бар?" – деген заңды сұрақ та туындайтыны орынды. Ол үшiн ана мен баланы қорғау жөнiнен ұлттық мүддемiзге сәйкес келетiн арнайы заң қабылдануы қажет. Осы заңда әйелдiң денсаулығына байланысты емес әйелдi жасанды түсiкке операция жасағн дәрiгерлердi жауапқа тартатын арнайы бап енгiзiлгенi жөн. Сондай-ақ, жасанды түсiк жасау өте ауыр қылмыстардың қатарында саналуы керек. Дәрiгерлерiмiз жасанды түсiктiң ана денсаулығына залалы жайында үгiт-насихат жұмыстарын өрiстете түссе, құба-құп едi.

Кезiнде демограф Мақаш Тәтiмов мырзаның халық санын көбейту үшiн айтқан көпшiлiкке белгiлi пiкiрi де бүгiнгi таңда дәрменсiздеу болып қалды. Себебi, құрсақтағы баланы жарық дүниеге келтiрмей, "жанын жаһаннамға жiберуге" заң жүзiнде қатаң тыйым салынбайынша, ешқандай нәтижеге жете алмаймыз.

Қорыта айтқанда, халық санын 2015 жылға дейiн 20 миллионға жеткiзу керек деген Елбасымыздың Жолдауында айтылған көкейкестi мәселенi түбегейлi шешудi қолға алар болсақ, ең алдымен баланы құрсақта өлтiруге қатаң тыйым салатын жаңа заң қабылдау қажеттiгiн өмiрдiң өзi талап етуде. Нақты iстерге көшпейiнше бос қиялмен көбейе алмайтынымыз баршаға аян. Осы орайда, – балаларым болса екен деу – табиғи нәрсе, бала болмаса, адам мен адамның арасындағы табиғи байланысының болуы да мүмкiн емес. Ал бұл байланыс жойылса, тiршiлiк ортақтығы да жойылатындығын әсте естен шығармасақ екен. Олай дейтiнiмiз, жер бетiнде адамнан артық еш нәрсе жоқ екенi мәлiм. Өзiң үшiн ғана өмiр сүру – озбырлық…

Болат ШАЙМАНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Серіктес жаңалықтары