ӘБIЛЯЗОВ ОРЫС БАНКТЕРIН САЗҒА ОТЫРҒЫЗА МА?

ӘБIЛЯЗОВ ОРЫС БАНКТЕРIН САЗҒА ОТЫРҒЫЗА МА?

ӘБIЛЯЗОВ ОРЫС БАНКТЕРIН САЗҒА ОТЫРҒЫЗА МА?
ашық дереккөзі
303

Жақында Мұхтар Әбiлязовқа қатысты елең еткiзер ақпарат пайда болды. АМТ – Банк деп атын өзгерткен ресейлiк БТА Банктiң қожайындарының бiрi — Мұхтар Әбiлязов екен.

«Дельта-Торг» компаниясы арқылы, ол банктiң 19,77 пайыз акциясын иеленедi. Ал, 18,98 пайыз акциясы бар «АМК-инвест» және 19,6 пайыз акциясы бар «Туран-Алем Капитал» атты екi компания да айналып келгенде оның меншiгi боп шықты.

Оған қоса, Әбiлязов АМТ-Банктiң директорлар кеңесiнiң төрағасы, ал Солодченко мен Жарымбетов – директорлар кеңесiнiң мүшелерi. Соған қарағанда, Әбiлязов iскерлiк пен ептiлiгiнен айырылмаған. 2007-2009 жылдары «БТА-Банк» АҚ-ның ресейлiк банктегi үлесiн 22,3 пайызға дейiн азайтып, ол АМТ-Банктi қазақстандық банктiң қарамағынан алып шыққан болатын.

Бiрақ, БТА-Банктiң төрағасы болып тұрғанда ресейлiк өкiлдiктi пайдаланып, қаражатты жымқарған банкир, Ресейде де қылмыстық iстiң басты кейiпкерiне айналған сияқты.

Осылайша, 2009 жылдың қазан айында РФ IIМ Тергеу Комитетi Мұхтар Әбiлязовқа қатысты қылмыстық iс қозғады. Оған алаяқтық арқылы БТА-Банктiң 70 миллион доллар қаражатын жымқырды деген айып тағылған. Мәскеу қаласының Iшкi iстер басқармасында ресейлiк «БТА-Банк» ЖШҚ-дағы Қазақстандық «БТА-Банк» АҚ-ның үлесiнiң азаюы жайлы тергеу бастады.

Тергеу кезiнде, 2006-2008 жылдары Мұхтар Әбiлязовтың «Евразия» және «Евразия Логистик» жауапкершiлiгi шектеулi қоғамдары арқылы «БТА-Банк» АҚ-нан 776,4 миллион рубль, 19 миллион евро және 1,4 миллиард доллар несие алғаны анықталды. Яғни, бұл қаражат қасақана ұрланған. БТА-Банктiң дағдарысқа ұшырағанына себеп болған факторлардың бiрi осындай несиелер.

2009 жылдың басына дейiн Әбiлязов, «БТА-Банк» АҚ арқылы Ресейдегi жекеменшiк компанияларын қаржыландырған. Қазақстаннан қаражатты алып шығуға бағытталған бұл қитұрқы жоспарда басты рольдi атқарған — «Евразия» холдингi.

Бұл холдингтiң басты «активтерiнiң» қатарында: Мәскеудiң Домодедово ауданындағы Константиново қалашығын салу жобасы бар. Бұл жобаға жұмсалған инвестиция көлемi – 15 миллион доллар. Бұған қоса, Павелецкий вокзалының алаңында салынып жатқан көлемi 100 мың шаршы метрлiк ойын-сауық орталығы, көлемi 500 мың шаршы метр болатын логистикалық орталықтар және салынып жатқан 75 қабаттық «Евразия Tower». Бұл ғимарат Мәскеудiң iскер орталығы «Москва-Ситиде», Mos City Group компаниясымен бiрлесiп салынып жатқан.

Бұл «бизнес-бастамалардың» басым бөлiгi құрылыс саласына инвестиция салу деген сылтаумен қазақстандық қаржыны жымқыру үшiн ұйымдастырылған.

2008 жылдың соңында «iскер банкир» алынған несиелердi «БТА-Банктiң» мойнына жүктеуге тырысты. Несиелiк портфельдердi алмастыру деген желеумен банкрот болған «Аркада», «Марта», «Диксис» компанияларының несиелерiн ұсынды.

Осыдан кейiн ол ұйымдасқан топ құрады. Бұл топқа «БТА-Банк» АҚ ресейлiк несие портфелiн оффшорда тiркелген фирмаларға аудару жайлы жалған концессия келiсiмдерiн дайындау тапсырылады. Сонымен қатар, 2,4 миллиард доллар тұратын ипотека келiсiмдерiнiң күшiн жою, және бұл келiсiмдердi Ресей Федерациясының құзырлы органдарында тiркеу тапсырылды.

Дайындалған құжаттардың негiзiнде Әбiлязов өзiне қарасты компанияларға «БТА Банкке» төлемдердi тоқтатуды және кепiлдiктегi ғимараттарды сатуды тапсырады. Бұл жоспар жартылай жүзеге асты.

Мысалы: «БТА-Банк» АҚ мен «Аист» ЖШҚ арасында 2008 жылдың 7-қарашасында қол қойылған несие келiсiмi бойынша, Мәскеудiң Кутузов даңғылында орналасқан қымбат ғимарат кепiлдiкке қойылады.

24 миллион доллар несие үшiн «Аист» ЖШҚ компанияның 100 пайыз үлесi мен Кутузов даңғылындағы 1464 шаршы метрлiк ғимаратты банкке кепiлдiкке қойып, кепiлдiк құжаттарын үш айдың iшiнде Федералды Тiркеу Қызметiнiң Басқармасында заңдастыруы керек едi. Бiрақ, «Аист» ЖШҚ несиеге алынған ақшаны оффшордағы компанияларға аударып жiбердi де, кепiлдiкке қойылған ғимаратты 2009 жылдың желтоқсан айында екi нысанға бөлiп, жарғылық капиталы небәрi 10 мың рубльдiк екi компанияның иелiгiне бередi.

Биылғы жылдың наурыз айында Мәскеудегi Тверской аудандық соты бұл қылмыстық топты тұтқынға алу туралы үкiм шығарды. Аталған қылмыстық топқа Әбiлязовпен қатар, «Евразия Логистик» компаниясының директорлар кеңесiнiң төрағасы Артур Трофимов, «Евразия Логистиктiң» қаржы жөнiндегi директоры Артем Бондаренко, осы компанияның экономика жөнiндегi директоры Алексей Белов, тағы басқалары кiредi. 7-сәуiр күнi Мәскеу қалалық соты бұл iс бойынша кассациялық шағымды қанағаттандырмады.

Әбiлязов АМТ – Банктi қолға алғанын жасырмайды да. Бұл банктiң де халi мәз емес. Бұрынғы банкир жеке басының пайдасы үшiн қаржылық институттарды тақырға отырғызуды әдетке айналдырған.

2009 жылдың 1 қаңтарында АМТ-Банк Ресей банктерiнiң iшiнде капитал көлемi бойынша (14,47 млрд рубль) 33-шi орында; активтер көлемi бойынша (71,57 млрд рубль) 47-шi орында болатын. Бiрақ, ол кезден берi банктiң қаржылық көрсеткiштерi нашарлады.

Қазiр Moody“s агенттiгiнiң бағалауы бойынша, АМТ-Банктiң қаржылық тұрақтылық рейтингi «Е» деңгейiнде және банктiң болашағы бұлыңғыр. Ал, Fitch агенттiгiмен ынтымақтасып жұмыс iстеуден банк 2009 жылдың басында бас тартқан. Себебi: бұл агенттiк банктiң рейтингiн бiрнеше сатыға түсiрiп тастаған.

Пассивтi базаны толтыру үшiн АМТ-Банк Ресей Банкiнен қарыз алды. Ресейлiк ақпарат көздерiне сенсек, АТМ Орталық Банкке ең көп қарызданғандардың бiрi.

Несие портфелiнiң сапасы да бiрiншi тоқсанда нашарлады. 1-сәуiр күнгi ақпарат бойынша, жеке тұлғалар бойынша төлемдердiң кешiгуi 6,2 пайыз болса, корпоративтi клиенттер бойынша – 7,4 пайыз құраған. 1-ақпан мен 1-сәуiр арасында депозитке ақша салған жеке тұлғалардың 16 пайыз, заңды тұлғалардың 30 пайыз ақшасын керi қайтарып алған. Бiр таңданарлығы, соңғы бiр жылда АМТ-Банкке салынған депозиттер 5,7 млрд. рубльден 8,2 млрд. рубльге дейiн артқан. Әбiлязов сенгiш халықтың басын айналдыруға келгенде алдына жан салмайтыны анық.

«РБК-daily» хабарлауынша, 2009 жылдың аяғында бiлiктi мамандар Орталық Банктiң басшылығына АМТ-Банктiң 12,427 млрд. рубль қарызын бесiншi классификациялық топқа, яғни, «өтелуi екiталай» қарыздардың қатарына жатқызуға кеңес берген.

Бiрақ, Орталық Банк АМТ-Банктiң жетегiне iлесiп, 11,8 млрд. рубль несиенi 2010 жылдың сәуiрiне дейiн пайдалануға рұқсат бередi. Ал биыл сәуiр айының басында Орталық Банктiң директорлар кеңесi АМТ-Банктiң несиенi өтеу мерзiмiн 2010 жылдың қазан айына дейiн созуды ұйғарды.

Алайда, соңғы алты айдың iшiнде 12 миллиард рубль қарызының 1,5 миллиардын ғана қайтарған банк, алдағы жарты жылда 10,5 млрд. рубльдi қайтаруы екiталай.

Яғни, Әбiлязовтың АМТ-Банктiң активтерiн жымқыруға уақыты бар. Оның Орталық Банктi сан соқтыруы кез келген алаяқтың қолынан келе бермейтiн iс.

Әбiлязовтың бұрынғы iскерлiгiн еске алсақ, АМТ-Банктiң болашақ тағдыры да белгiлi.

Халықтың ақшасын жинап алып, несие берген Ресей Банкiн сан соқтыртып, пайда әкелетiн активтердi алдын ала жалған компанияларға аударып алып, ол Лондонда отырып «қазақ демкоратиясының жанашыры» бейнесiнде әдiлдiк туралы аузы көпiргенше сөйлейдi. Қазақстандағы сияқты, бұл жолы да қарапайым ресейлiктер мен қатардағы бизнес зардап шегедi.

Алайда, қылмыскерлердiң барлығын қанатының астына басып отырған Британияның өзiне де қауiп төнiп тұр. Ядролық физика маманы әлемдiк қаржы орталығының қыруар байлығына қол сұқпай тыным таппасы анық.

Әлихан РАХМЕТОВ, экономист

Серіктес жаңалықтары