ӘНШIЛЕРДIҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛАТЫН БОЛДЫ

ӘНШIЛЕРДIҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛАТЫН БОЛДЫ

ӘНШIЛЕРДIҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛАТЫН БОЛДЫ
ашық дереккөзі
214

Кеше Ұлттық баспасөз клубында баспасөз-мәслихатын өткiзген Қыдырәлi Болманов бастаған бiр топ өнер жұлдыздары «ендi әншiлердiң де орындаушылық құқығының қорғалатындығын» жеткiздi.

Қазақстанда ақындар мен композиторларды қорғайтын одақ бар, ал, орындаушылардың құқығын қорғайтын бiрде-бiр қоғам немесе бiрлестiк болмаған екен. Әншiлердiң орындауындағы әндердiң көбi пираттық жолмен таратылып жатқанын ешкiм де жоққа шығара алмайды. Әншiлер өз қаржысына түсiрген бейнеклиптерiнiң де жағдайы жоғарыдағыдай.

Ал, құрылғанына бiрнеше жыл болса да, орындаушылық құқықты қорғауға қол жеткiзе алмай жүрген «Демеу» ендi заңды түрде әншiлердiң қорғаушысы бола алады. Өйткенi, бүгiннен бастап, «Демеу» продюсерлер мен орындаушылар одағы» республикалық қоғамдық бiрлестiгi Қазақстан республикасы Әдiлет министрлiгiнiң зияткерлiк меншiк құқығы комитетi өткiзген ұжымдық негiзде мүлiктiк құқықтармен басқарып отырған мекемелердiң аккредитациясына қатысып, өз куәлiгiн алды. Ендi әншi бiткен өз орындауындағы әндерi мен бейнеклиптерi үшiн қабырғасы қайысып, қиналмайтын болады.

Заңды бекiтiлген куәлiктердiң арқасында аталмыш орталық келiсiмшарттар жасаспаған құқық иеленушiлер үшiн сыйақы жинауға құқығы бар. Кез келген орындаушының фонограммасын әншiнiң келiсiмiнсiз сахнаға шығару да жүзеге аспайтын болды. Қымбат мейрамханалар мен арнайы орталықтарда әншiлердiң рұқсатынсыз фонограммалардың берiлуiне де ендi жол жоқ.

«Демеу» орталығында қазақстандық әншiлердiң 130-дан астамы өз құқықтарын басқаруға сенiм бiлдiрiп отыр екен. Қыдырәлi Болмановтың айтуына қарағанда, бұл аккредитация әншiлердiң құқығын қорғауға және әншiлердiң арасында қордаланып қалған көптеген мәселелердiң шешiмiн табуға септiгiн тигiзетiн болады. Қазiрдiң өзiнде бұл бiрлестiкте елге танымал көптеген әншiлерiмiз бар. Қазақтың бұлбұл қызы Бибiгүл Төлегенова бастаған топта Ескендiр Хасанғалиев, Нұрғали Нүсiпжанов, Тоқтар Серiков, Қарақат Әбiлдина, Мәдина Сәдуақасова, Ұлықпан Жолдасов, «Ұлытау» тобы, «МузАРТ», «Дос-Мұқасан» сияқты танымал әншiлерiмiз бен елге белгiлi топтарымыз бар.

Бүгiнгi күнге дейiн әншiлердiң көбi өздерiнiң аудио таспаларынан бiрде-бiр рет пайда тауып көрмептi. Есесiне, пираттық жолмен сатылып жатқан үнтаспалар мен бейнеклиптер өзгелердiң қалтасын қомпайтып, кейбiреулердiң қоржынын молайтып жүр.

Баспасөз-мәслихатында сөз алған Тоқтар Серiков өзiнiң осы уақытқа дейiн әндерiнiң үн таспасынан бiрде-бiр тиын алып көрмегенiн айтады. «Тоқтар Серiктiң үнтаспасы» деп жазылған ән жинақтарға менiң орындауымдағы бiр танымал әндi қосып, жинақ шығарып жатқандар көп. Мұның бәрiне тоқтау болатын кез келген сияқты», – дейдi әншi.

– Орындаушының да құқығы қорғалатын кез келдi, ендiгi мақсат – серпiндi жұмыс iстеу, – дедi Қыдырәлi Болманов мәслихат кезiнде. Аталмыш орталық құқық қорғайтын аккредитацияға қол жеткiздi. Бiрлестiк Қазақстан республикасы Әдiлет министрлiгiнде тiркелгендiктен, жарғыға сәйкес жұмыс iстейтiн болады. Әрi оның елiмiздiң бүкiл территориясында жұмыс iстеуiне мүмкiндiгi зор.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары