ӘКЕ РУХЫНА ТАҒЗЫМ

ӘКЕ РУХЫНА ТАҒЗЫМ

ӘКЕ РУХЫНА ТАҒЗЫМ
ашық дереккөзі
640

Әкем Күреңтай – ұста адам едi. Ел арасында ол кiсiнiң жасаған сандық, бесiк, ат-шана, жүзiктiң көзiнен өтетiндей шебер жасаған тұрмыстық құрал-саймандарын әлi күнге дейiн көздiң қарашығындай сақтап ұстап жүрген адамдар бар. Жастайынан тағдырдың тауқыметiн арқалаған әкем – әке-шешесiнен iнiсi Қоңыртай екеуi жетiм қалып, Аягөз балалар үйiнде тәрбиеленiптi. Қиын заманда «Балалар үйiнен» әкемнiң iнiсiн Қоңыртайды ағасынан бөлiп бiр топ балалармен басқа қалаға жөнелтiптi. Сөйтiп, әкем iнiсiнен тiрiдей көз жазып қалған. Кейiннен iнiсiн қанша iздестiрсе де таба алмады.

Әкем Күреңтай, 1942 жылы 16 жасында соғысқа аттанады. Алдымен артилерист оқуын оқып, ел басына күн туғанда Сталинград шайқасының қанды қырғынында болған, әкем аман-есен Ұлы Жеңiстi қарсы алып елiне оралады. Тумысынан бiртоға момын, адамға сөз айтпайтын әкем ел арасына сыйлы адам болды. Қолындағы мина жарықшағы күн бұлыңғыр кезде сыздап жанына бататын. Сонда да сыр бiлдiрмейтiн. Алты баласы, жиырмадан аса немересi, 5-6 шөбересi бар ардақты әке едi. «Тау алыстаған сайын биiктейдi» деген, қатты сөз айтып, бетiмiзден қақпаған әкемiз Күреңтайдың Сталинградты азат еткенiн, бұл күнде ұрпағы мақтаныш сезiммен еске алады. Соғыста көрсеткен ерлiгi ескерiлiп «За Обарону Сталинграда», «За Отвагу» тағы да бiрнеше мәрте орден, медальдарына қарап өзiм Әке рухына бас иемiн.

Әкем Әзiмбайұлы Күреңтайдың есiмi Аягөз қаласындағы «Мәңгiлiк Алау от» тақтасында есiмi алтын әрiппен» жазылып тұр. «Әкең өлсе де, әкеңнiң көзiн көрген өлмесiн» дегендей, әкемiздi, анамызды көргендердiң қатары бiртiндеп азайып келедi. Көзi тiрiсiнде соғыста еске алғысы келмейтiн, соғысқа лағнет айтатын, ешқашан қайталанбауын, баянды бейбiтшiлiк орнауын тiлейтiн аяулы әкемдi мақтаныш етемiн.

Соғыс жылдарында анам майдангерлерге күндiз-түнi киiмдер тоқыған екен. Әкем мен анамның өмiрi тыл мен майданда өтiп, ауыр кезеңдi бастан өткерсе де, «бiз солай iстедiк, осылай болды» – деп бiрде-бiр көкiрек қаққан емес. Анам балаларына, туған-туыстарға, жүрегi елжiреп, солардың балаларын еркелетiп, болашағын ойлап отыратын. Өте балажан едi. Қазiр ұл-қыздары бiр-бiр үй болып олардан туған балалары елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде оқып, еңбектенiп жүр. Әке-шешем туралы естелiктердi айтып тауыса алмаймын.

Жеңiс күнi қарсаңында бейбiт өмiр сыйлаған барлық майдангерлердiң ерлiгiне басымды иiп, тағзым етемiн.

Гүлбаршын КҮРЕҢТАЙҚЫЗЫ, журналист

Серіктес жаңалықтары