ТIЛ ТУРАЛЫ БАҒДАРЛАМАҒА ТАЛАП КҮШТI

ТIЛ ТУРАЛЫ БАҒДАРЛАМАҒА ТАЛАП КҮШТI

ТIЛ ТУРАЛЫ БАҒДАРЛАМАҒА ТАЛАП КҮШТI
ашық дереккөзі
415

Мәдениет министрi ұсынған "Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы" жобасы елiмiздiң жер-жерiнде қызу талқылануда. Жақында ғана Тiл комитетiнiң төрағасы Бауыржан Омаров бастаған топ аталмыш бағдарлама жөнiнде халықтың ұсыныс-пiкiрiн бiлу үшiн Шымкент қаласына атбасын тiреген-тұғын. Осы сияқты кеңейтiлген кеңес Алматы қаласының әкiмшiлiгiнде де дүркiн-дүркiн өтiп, тiл жанашырлары мен зиялы қауым өкiлдерi күрмеуi қиын — тiл мәселесiн тағы да қаузай түстi.

Сонау 1980-90 жылдары мемлекеттiк тiл үшiн табанды күрес жүргiзген қоғамдық ұйымдар некен-саяқ едi. Сол кездiң өзiнде "Қазақ тiлi" қоғамы бiршама iске мұрындық болып, ана тiлi тасының өрге домалауына айтарлықтай еңбек сiңiрдi. Мiне, содан берi Қазақ тiлiнiң өгей баланың күйiн кешiп жүргенiне алаңдаулы "Қазақ тiлi" қоғамының президентi, академик Өмiрзақ Айтбайұлы бағдарлама жөнiнде ой-пiкiрiн ортаға салды. "Құжатта төрт мақсат белгiленген. Сол мақсаттардан туындайтын мiндеттердiң iшiнде қоғамдық ұйымның жетекшiсi ретiнде көңiл аударғым келiп отырғаны – мемлекеттiк тiлдi оқыту орталықтар жүйесiн дамыту мiндетi. Оларды аккредиттеу мәселесiнiң ескерiлгенi. Яғни, бiз ендi мемлекеттiк тiлдi оқыту мәселесiн кез келгеннiң үлесiне салмай, тiкелей мемлекеттiк реттеуге алмақшымыз деген сөз. Оның негiзiнде де статистика, яғни нәтижелi көрсеткiштер тұрғандығын аңғаруға болады. Ендi саннан гөрi сапалық көрсеткiштерге баса назар аударуымыз керек", – дейдi тiл жанашыры.

Ол сондай-ақ, әсiресе, мемлекеттiк тiлдердi қолдану саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды, көрнекi және жарнамалық ақпарат құралдарында қазiргi әдеби қазақ тiлiнiң орынды қолданылуын қадағалауды, тiлдiк ортаны қалыптастыруда БАҚ-тардың рөлiн күшейту, шетелдегi қазақ диаспорасы өкiлдерiне ана тiлiн оқып-үйренуде саяси дипломатиялық, әдiстемелiк және ұйымдастырушылық қолдау көрсету бүгiнгi бағдарламаның жетiстiгi болып табылатынын атап өттi.

Қазiргi кезде мемлекеттiк тiлдi оқыту орталықтарының қызметi әр өңiрде әртүрлi екенi белгiлi. Мемлекеттiк тiлдi оқытудың инфрақұрылымын дамыту мақсатында орталықтардың аккредиттелген желiсiн құру мәселесi олардың қызметiн бағалауды енгiзу алғаш назарға алынып отырғаны да құптарлық. Сондай-ақ, академик сынақ-бiлiктiлiк орталықтар желiсiн құрып, оқытушыларды аттестациядан өткiзiп, олардың деңгейiн анықтайтын сертификаттарды "Қазтест" жүйесi арқылы ұштастыру оңтайлы шешiм екендiгiн сөзсiз құптайтынын бiлдiрдi.

Әрине, кез келген жобаның жетiстiгi мен кемшiн тұстарының болуы заңдылық. Мемлекеттiк тiл саясатын одан әрi жетiлдiру жобасын талқыға салған тiл жанашырлары көбiнесе нақты ұсыныстан гөрi, сыңаржақ пiкiр айтумен болды. Ал, аталмыш бағдарлама жобасында бiрқатар мәселелердiң ескерiлмей қалғанын тiлге тиек еткен "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы Дос Көшiм бiрқатар ұсыныстарын ала келiптi.

– Мұндай бағдарлама жасау оңай емес. Атқару органдары көп жұмыс атқарды. Бiрақ, дәл бүгiнгi халық күткен мәселенi көре алмадым. Себебi, бағдарлама "10 жыл iшiнде не жасауымыз керек? Не жасалмай жатыр? Нелiктен жасалмай отыр?" деген мәселенi қарастыруы керек едi. Менiңше, бағдарламадан үш заңдылық мәселе тыс қалған. Бiрiншi, Ата заңдағы 7-бап басты назарға алынбаған. Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi екенi бағдарламада көрсетiлуi керек едi. Екiншi, "Мемлекеттiк тiл туралы" Заңның қабылдануы керектiгi туралы сөз жоқ. Үшiншi – әлi күнге шешiмiн таппай келген жер-су атаулары, яғни, ономастика мәселесi назардан тыс қалған. Тағы бiр айта кетерлiк жайт – бағдарламаны орындауда жауаптылықтың жоқтығы. Әрбiрден соң бұл бағдарлама бұрынғы бағдарламаның жалғасы емес пе? Бұған дейiнгi қабылданған тiл туралы бағдарламада не жасалды? Нелер жүзеге аспай қалды? Мiне, бұл туралы талдау жоқ. Есесiне, мұншама мектеп, балабақша, орталық аштық деумен шектелген, – дейдi "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы Дос Көшiм.

Ал, қазақ тiлi үшiн жаны шырылдап жүрген Асылы Осман өз сөзiн мемлекеттiк тiлдi бiлудi барлық мекеме қызметкерлерiне мiндеттеу керектiгiнен бастады. "Тек Елбасынан ғана емес, барлық министр, әкiмдерден қазақ тiлiнен емтихан алу қажет. Қазақ тiлi ортақ тiл болмайынша, бұл мәселенi әлi де талай жырлай беретiнiмiз анық. Мемлекеттiк тiлге деген сұранысты артқызып, қоғамның барлық саласына енгiзудi қолға алу тиiс. Мемлекеттiк тiлдi бiлу – әрбiр қазақстандықтың мiндетi. Бiз 20 жыл бойы басқа ұлт өкiлдерiнiң қас-қабағына қарадық, ендi олар бiздiң көңiлiмiзге қарауы керек", – деп жиналған көпшiлiктiң ойындағысын дөп басты.

Демек, жаңа бағдарлама қазақ тiлiнiң қолданыс аясын кеңейтуде осындай оңды iстерге серпiн беруi керек. Әсiресе, мемлекеттiк тiл қоғамның бар саласында үстемдiк жасап, ешқандай қағажу көрмеуi қажет. Терминология мен ономастика саласындағы жұмысты жақсарту арқылы, қазақ тiлiнiң лексикалық қорын жетiлдiрiп, бiр жүйеге келтiру iсi – кезек күттiрмейтiн шаруа. Бұл мемлекеттiк бағдарлама бойынша сөз алған тiл жанашырларының ортаға салған ойларының жиынтығы.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары