СЕНIМГЕ ДЕ САҚТЫҚ КЕРЕК

СЕНIМГЕ ДЕ САҚТЫҚ КЕРЕК

СЕНIМГЕ ДЕ САҚТЫҚ КЕРЕК
ашық дереккөзі
304

"Дiни сенiм – әркiмнiң жеке басының құқығы" десек те бүгiнде соның атын жамылған ағымдардың сорақы iстерi туралы аз айтылып жүрген жоқ. Оны сөз етпеуге де болмайды. Өйткенi, қоғам үшiн қашанда дiнаралық татулық пен ынтымақ аса қымбат.

– Тап қазiр облысымыздағы дiни ахуал қалыпты. Төтенше оқиғалардан да дiн аман. Құдайға шүкiр, бiзде жағдай жақсы, – дейдi Орал қалалық мешiтiнiң бас имамы Руслан Тыныштықұлы. –Байқағаным, өңiрiмiзде жыл өткен сайын имам ағзам Әбу-Ханифаның бағытына бас ұрғандар көбейiп келедi. Демек, дiни тұтастығымыз берiк. Екiншiден, өзге жат ағымдардан гөрi, халық бiздiң имамдардың уағызына, үгiт-насихатына құлақ түре бастады. Жекелеген адасқан бауырларымыз да жаңсақ қадамын аңғарып, дәстүрлi исламға керi оралуда. Мұны нұр үстiне нұр деп бағалайық. Нағыз иманжүздi жандар жат қылыққа бармайды. Ал жастардың ата-бабамыздың сенiмiне адалдығын сақтауы-айрықша ғанибет.

– Елбасымыз Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесiнде, – дедi Орал қаласындағы Ескi шiркеудiң архимандритi Анастасий әкей, – тәуелсiз Қазақстан мемлекетi дәстүрлi дiндер –ислам мен христиандықтың православие тармағымен заңды, парасатты және келешегi кемел қарым-қатынас орнатқан. Мемлекет дiннiң, дiн мемлекеттiң iшкi iсiне араласпайды. Атеизм сынды сұрқиялық келмеске кеттi. Көптеген қоғамдық-саяси мақсаттар, соның iшiнде дiнаралық және ұлтаралық татулық, өзара төзiмдiлiк пен ынтымақ бойынша мемлекеттiң де, дәстүрлi дiндердiң де мүдделерi ортақ. Менiңше, өңiрiмiздегi дiни ахуал әзiрге алаңдауға келмейдi. Өйткенi, Ақжайық дiндәрларының басым көпшiлiгiн мұсылмандар мен христиан православтар құрайды ғой. Әрi қос дәстүрлi дiн өкiлдерiнiң арасында тараптарға тиiмдi ынтымақ пен өзара түсiнiстiк ахуалы қалыптасқан. Әрине, жекелеген секталар мен жүгенсiз дiни ағымдардың бүлдiргi iстерiн елемеуге болмайды. Бiрақ олар қазiр пәлендей зиян келтiрiп, қоғамдық тұрақтылыққа елеулi қатер төндiрiп тұрмаған сыңайлы. Әрине, қауiптiң алдын алу керек. "Сақтанғанды Құдай сақтайды ғой".

Архимандрит өзiнiң хиджабқа қарсы еместiгiн де айтып қалды:

– Бiрде ислам дiнi иелерiмен осындағы арнаулы орта бiлiм беретiн оқу орнында болдық. Сонда алдымызда малынып сәндi киiнген, тек бетiн тұмшаламаған, әп-әсем қазақ бойжеткенi отырды. Неге екенi белгiсiз, бiр оқытушы әйел бойжеткенге: "Мұсылманша неге киiнесiң?" деп, дүрсе қоя бердi. Бiраздан соң, шыдай алмадым, ара түстiм: "Қай дiндi ұстаса, сол дiннiң киiмiн киюге оның құқы бар. Сiз адамның дiни құқығына шектеу қойып отырсыз. Бұл – бiр. Екiншiден, ол пәрәнжi қолданып, бетiн жауып отырған жоқ. Киiмi сәндi де мәндi. Бiздiң православиеде де әйелдiң жалаңбас жүруi немесе ашық-шашық киiнуi айыпталады. Сондықтан қарапайым киiнген оны айыптағанша, қоғамдық орында омырауын тырситып, бөксесiн бұлтитып, кiндiгiн ашып отырған анау қазақ қызына неге ескерту жасамайсыз?" дедiм. Оқытушы үнсiз қалды. Айтқым келгенi, бiздегi адамдардың iшiнде дiнге, дiн жоралғыларына әлi күнге дейiн өшпендiлiкпен қарайтындар, ештеңенi түсiнгiсi келмейтiндер бар. Соның салдарынан араздық туады, дiни сенiмге селкеу түседi…

Облыстық iшкi саясат басқармасы үкiметтiк емес ұйымдар және дiни бiрлестiктермен жұмыс бөлiмiнiң бастығы Жамал Сағынғалиқызының пiкiрiнше, дiни ахуал қалыпты болғанымен, бейқамдыққа негiз жоқ.

– Қой терiсiн жамылған қасқыр сынды терiс ағымдар мен секталар, – дейдi Жамал Ихсанова, – үнемi өз әдiстерiн жетiлдiрiп, адамдардың санасын рухани жағынан улаудың жаңа, оңтайлы тәсiлдерiн ұдайы қолданып отырады. Сондықтан бiз де соған бейiмделiп, қарсы тұрудың iс-әрекетiн жетiлдiруiмiз қажет. Бүгiн жым-жырт ахуалдың күнi ертең қандай боларына ешкiм де кепiлдiк бере алмайды. "Жаман айтпай, жақсы жоқ" деген…

Ресми тұлғаның аузынан естiгенiмiз, облысымызда Әдiлет басқармасында тiркелген және қызметiне рұқсат етiлген 80 дiни бiрлестiк бар. Соның 46-сы мұсылман жамағаты. 17-сi христиандықтың православие тармағына тиесiлi. Егер мұсылман мешiттерi облыстың бүкiл аудандарында жұмыс iстесе, тек төрт ауданда ғана православие дiндәрлары шiркеуге мiнәжат етедi. Бұлардан басқа, католик костелi мен буддистiк орталыққа, 14 протестанттық ұйымға рухани әрекет еркiндiгi берiлген. Протестанттардың iшiнде белсендi жұмыс жасайтындар – "Жаңа өмiр", "Иегова куәгерлерi" секталары мен баптистер. Протестанттық ағымнан болып келетiн жоғарыдағы секталар өздерiне өзгелердi қызықтыру үшiн тартымды атаулар қойып алып, айла-шарғыларды жиi қолданады. Елiмiздегi дәстүрлi дiн өкiлдерiн сан алуан тәсiлмен қатарына тартатын да, тартып та жатқан осылар. Мiне, солардың iс-әрекеттерiнiң көбiне қоғамдық пiкiр тарапынан наразылық туғызып, дiнаралық қалыпты жағдайға көлеңкесiн түсiрiп жататыны құпия емес. Ал дәстүрлi ислам ұйымдары және православие тарапынан ондай заңға қайшы әрекеттер байқалған жоқ. Керiсiнше, заң шеңберiнен шықпай, бiр-бiрiмен ынтымақтаса әрекет жасауда.

2010-2011 жылдарға арналған мемлекеттiк және құқық қорғау орындарының бiрлескен жұмыс бағдарламасы бойынша, облыстық iшкi саясат басқармасы, заң орындары және дәстүрлi дiн өкiлдерi мақсатты және жүйелi түрде ортақ шараларды байыптылықпен жүзеге асырып келедi. Шараларда ақпараттық жұмыстарға басымдылық берiлген. Оның бәрi жастар мен мектеп оқушыларының санасына дiни сенiмдер жөнiнде дұрыс та қарапайым деректер мен дәйектердi сiңiруге бағытталып отыр. Мәселен, биыл 12-ақпан мен 4-мамыр аралығында аталған департаменттiң ұйымдастыруымен қала мектептерiнде оқушылар және ата-аналарымен кездесулер өткiзiлiп, ҚМДБ-ның өкiл имамы С.Сейiтбек пен өңiрiмiздегi православие дiнiнiң өкiлдерi жастарға кеңейтiлген және жан-жақты түсiнiк бердi. Сондай-ақ, студенттермен, соның iшiнде дiн ұстайтын жастармен кездесулер де тартымды және өзара мүдделi жағдайында өткен екен. Ендiгi кезекте – кәсiптiк-техинкалық бiлiм беретiн оқу орындары. Облыс орталығымен шектелiп қалмай, Сырым, Ақжайық, Қаратөбе аудандары және Егiндiкөл, Қоскөл ауылдық округiндегi және өзге де өткiзiлген кездесулерде мемлекеттiк қызметкерлер, дәрiгерлер мен мұғалiмдер де, ауылдың қатардағы тұрғындары көкейлерiнде жүрген көптеген сұрақтарға терең де толыққанды жауап алғандарына риза болып, iшкi саясат басқармасының өкiлдерiне, дiн иелерiне шын жүректен алғыстарын айтыпты.

Бұдан басқа, облысымызда "Жайық" атты терiс бағыттағы ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталығы ашылып, қос тiлде көптеген буклеттер мен көрнекi құралдар шығарылып, бейнетаспа роликтерi дайындалуда. Жыл бойына облысымыздағы дiни ахуалға қатысты, рухани зардаптың алдын алуға арналған ғылыми-танымдық конференциялар, дөңгелек үстелдер және басқаларын жүйелi өткiзу жоспарланып отыр.

– Өз басым, хиджаб кию мен қауға сақал қоюды-нағыз дiндәрлiк деп санамаймын. Сенiм адамның тек жүрегiнде болуы тиiс, – деп сөзiн аяқтады Жамал Сағынғалиқызы.

Сөз соңында айтарымыз, талай жыл бойы таласқа түсiп, күнi бүгiнге дейiн қабылданбай жатқан Қазақстан Республикасының "Дiни бiрлестiктер туралы" Заңы да елдегi ахуалға тiкелей қатысты. Егер аталмыш заң қабылданып, онда түрлi секталардың тiмiскi әрекеттерiне қатысты баптар қатайтылса, онда қоғамдағы дiни ахуалдың да қалыпты болары сөзсiз. Әзiрге аталмыш заңның қабылдануына қоғам енжарлық танытып отыр. Сонда бүгiнгi қоғамдық өмiрiмiзге аса қажеттi заңды қабылдау тағы да келешекке ысырылмақ па?!..

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ

Серіктес жаңалықтары