"НҰР ОТАН" 200 БАЛАҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

"НҰР ОТАН" 200 БАЛАҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

"НҰР ОТАН" 200 БАЛАҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ
ашық дереккөзі
481

Жаңа оқу жылы да келiп қалды. Бiлiм күнiне дайындық шаралары жер-жерде қызу жүрiп жатыр. Алайда, баласына қажеттi құрал-жабдық сатып алу кейбiр әлеуметтiк жағдайы төмен отбасыға салмақ салып отырғаны рас. "Нұр Отан" партиясы "Балаларды мектепке даярлайық!" атты қайырымдылық акциясы аясында 200 балаға киiм-кешек, құрал-жабдықтар тарту етiп, жүздеген ата-ананың алғысына бөлендi.

Қайырымдылық шарасы елiмiздiң барлық аймағында қолға алынған. Бұрын-соңды мұндай игi бастамамен жекелеген азаматтар ғана айналысса, қазiр қоғамдық ұйым өкiлдерi де қал-қадiрiнше көмектерiн аямауда. Арнайы iс-шараға орай, "Нұр Отан" ХДП ұйымдастыруымен әлеуметтiк жағынан аз қамтылған отбасындағы балаларға демеушiлiк жасалып, қажеттi оқу-құралдармен қамтамасыз етiлуде. Ата-ана мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтаған "Нұр Отан" ХДП Төрағасының бiрiншi орынбасары Нұрлан Нығматуллин: "Елбасымыз, партиямыздың төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ана мен балаға ерекше қамқорлығының, қолдауының арқасында осындай шаралар бiздiң партиямыздың да негiзгi жұмыстарының бiрiне айналды деуге болады. Бүгiнгi таңда елiмiзде көптеген жаңа мектептер құрылысы аяқталып, жаңа мектептер ашылуда. Бұл – сiздердiң болашақтарыңыз үшiн жасалып жатқан үлкен шара. Әрине, мектепке дайындалу оңай шаруа емес, сол үлкен жұмысты кiшкене де болса жеңiлдетуге үлес қоссақ деген ниетпен өздерiңiздi арнайы шақырып отырмыз. Жаңа оқу жылы сiздер үшiн табысты болатынына сенемiз", – дедi.

Құдайға шүкiр, бүгiнгi таңда көпбалалы отбасы қатарына iлiгiп жатқандар көп. Кемiнде 2-3 баласы мектепте оқитын болса, оларды киiндiру де, құрал-жабдығымен қамтамасыз ету де оңайға соқпайды. Оның үстiне оқу жылы қарсаңында қажеттi оқу-құралдарының бағасы аспандап кететiнi тағы бар. Мiне, осындай тығырыққа тап келген уақытта "Нұр Отан" партиясы ұйымдастырып отырған игi бастаманың алатын сауабы мол. Қасиеттi Рамазан айымен тұспа-тұс келген шараның басты мақсаты – балалардың оқудан тыс қалмауын қадағалау болып табылады. Бiр күнде 200 балаға қуаныш сыйлаған нұротандықтарға ата-аналардың да алғысы шексiз. Олар көпбалалы отбасы балалары мұқтаж болып отырған игi бастаманың жалғасын табуына тiлектестiк бiлдiрдi. "Балаларды мектепке даярлайық!" қайырымдылық шарасы ауқымында қыркүйекке дейiн әлi жүздеген балаға көмек қолы созылады. Осы аптада Алматы қаласы Медеу ауданы әкiмшiлiгi де "Мектепке жол" акциясы аясында жетiм және ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға қуаныш нұрын септi. Медеу ауданы әкiмi Махамбет Бейдали оқушыларды Бiлiм күнiмен құттықтап, естелiк сыйлықтар табыс еттi.

Уәлихан Қанаев

Серіктес жаңалықтары