ДIНИ ФАНАТИЗМ – ҚАУIПТI ДЕРТ

ДIНИ ФАНАТИЗМ – ҚАУIПТI ДЕРТ

ДIНИ ФАНАТИЗМ – ҚАУIПТI ДЕРТ
ашық дереккөзі
380

Ислам дiнi – әлемдегi ең таза дiн екенi жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Басқа дiндермен салыстырғанда, адам бойына рухани нәр құятын, тәрбие беретiн, тазалыққа, имандылыққа, жақсылыққа, игi iске жетелейтiн ислам дiнi екен. Сондықтан болар жаһанда ислам дiнiн мойындап, оған бас иетiн, мойынсұнатын жандар саны басқаларға қарағанда неғұрлым басым көрiнедi.

Дiн дегенiмiз – адамды имандылыққа баулу, жақсылыққа шақыру, өмiрдi жақсы көру, сүйiспеншiлiкке, бауырмалдыққа тәрбиелеу. Қазiр елiмiздiң дiни қызметкерлерi арасында медреседен дәрiс алып, дiни орта бiлiм оқу орындары мен ислам-дiни университеттерiн тәмамдаған, терең, жан-жақты бiлiмдi, сауатты имамдар баршылық. Бiрақ дiн жолына "жолдан қосылған" кейбiр шала, сауатсыз жандар бiлiмi мен ой-санасы, қарымы мен түйсiгi жетпей жатып, арасына түсiнбеушiлiк пен iрiткi салып, миын улап, тiптi терiс жолға түсiрiп жүргендерi де өмiрдегi шындық

Өткен жүзжылдықтың 90-жылдары Кеңес заманы ыдырап, тәуелсiздiктiң қоңыр самалы ескен шақта, қазақтың белгiлi азаматы академик-жазушы Қалтай Мұхамеджанов: "Бұрынғы кезде барлығымыздың жауымыз Қызыл империя едi. Бәрi содан қорқатын. Ал, келешектегi қауiп ендi дiн жағынан болады. Дiннiң әртүрлi бағыттары iшiмiзге дендеп ене беретiн болса, түбiнде қазақ бiр-бiрiмен жауласады" деген екен. Ия, қазiргi қауiп – дiни экстремизм, дiни фанатизм екенiн өмiрден көрiп, жүрекпен сезiнiп жүрмiз. Мысал үшiн алысқа бармай-ақ, өткен көктемдегi Мәскеудiң метроларында болған террорлық қайғылы оқиғаларды еске алайық. Арнайы дайындалған, санасы дiни фанатизмге уланған жап-жас әйелдер денелерiне жарылғыштар таңып алып, оларды көпшiлiк арасында тал-түсте жарып, еш күнәсiз көптеген адамдардың асыл өмiрiн қиды. Өздерi де "Аллаһ жолында" мерт болды. Ресей Федарация құрамындағы Кавказ мемлекеттерiнде арагiдiк қарапайым халықты дүр сiлкiндiретiн террористiк акт болып тұрады. Ирак пен Пәкiстанда, Индия мен Ауғанстанда да терроризм көп жылдардан берi айылын жимай отыр. Солардың барлығына басты себеп – дiни фанатизм. Өз өмiрлерiн қолдан қиюуға, бiреудiң айдауымен басы тұманданып жан тапсыруға солардың дәтi қалай баратыны жұмбақ, денi сау адам түсiнбейтiн ерекше құбылыс. Тiптi, кейде “әлгiлер терең гипнозға түскен бейшара пенделер ме екен?” деген ойға кетесiң.

Дiни секталардың кейбiр жандардың санасына қатты әсер етiп, ойын улайтыны, тiптi психикасы мен мiнезiн адам танымастай өзгертiп, "миын" терiс айналдырып жiберетiнiн өмiрден көрiп жүрмiз. Мысалы, дiни секталардың шырмауына iлiккен бiр танысымның әйелi бала-шағадан, үйiнен безiп, әлгi, дiни топқа қосылып, жүгенсiз қала-қаланы аралап кеткенiн бiлемiн. Сөйтiп, әп-әдемi отбасы нiлдей бұзылып, шаңырағы ортасына күл болып түстi. Тал түсте үкiдей жас балалар көздерi жәудiреп анасыз, тепсе темiр үзетiн әке жарсыз қалды.

Осындай оқиғалар бұл күндерi әр аймақтан кездесетiнiне күмән жоқ. Имандылық жолынан тайып басқа дiндi қабылдап, қаптаған сансыз секталарға (иогов куәгерi, баптистер, кришнаиттер т.с.с.) кiрiп алып, солардың қолшоқпары, орындаушысы болып жүргендерi қаншама? Жаның түршiгедi емес пе…

Шетелде бiлiм алып жүрген жастарымыздың арасында да қате дiннiң құрсауына түсiп, елi мен жерiн, дiлiн ұмытып, жеке бiр дiни секталарға мүше болып, бүкiл болысымен соларға қызмет етiп, қауiптi террористiк топтарға iлесiп, өмiрлерiн "Аллаһ" үшiн қиюға дайын ессiз зомбиге айналғандар да баршылық. Сол өрiмдей жастардың жанкештi қылықтарына жаның күйзелiп, жүрегiң сыздайды. Оларды сол қауiптi жолға алып барған қандай күш болды екен деп ойға кетесiң.

Соңғы кезде орта мектеп бағдарламасына "Дiнтану" пәнi енгiзiлгенi, базбiр мектептерде оны бастап кеткенi жайлы хабардармыз. Айтушылардың сөзiне сенсек, бiр-екi "Дiнтану" оқулықтары баспадан шығыпты. Олардың авторлары белгiлi ғалымдар мен дiни қызметкерлер көрiнедi. Әлгi оқулықтармен танысқандар, оқулықтардың төмен деңгейде жазылғанын айтып жүр. Не дегенмен кiтап авторлары бұрын-соңды дiни оқулықтар жазбаған, бұл iсте тәжiрибесi жоқ мамандар. Сондықтан да олар дайындаған оқулықтарда "әттеген-айлар" кездесiп жатуы заңдылық. Тiптi, пайдасынан зияны басымырақ болуы да ықтимал. Нашар оқулықпен дiни танымдылықты дұрыс ұқпаған, сауатын шала ашқан жеткiншек ертең өмiрде тегiс жерде сүрiнiп, кiбiртiктеп, қателiк жiберерi де түсiнiктi. Сондықтан "Дiнтану" оқулығын сауатты, дiни бiлiмi мен танымы мол, тәжiрибелi ғалымдар мен дiни қызметкерлер бiрiгiп жазғандары орынды.

Ата-баба салтынан ажырап қалмағанымыз да жөн. Мұхаммед пайғамбардың өзi кез келген дiн жергiлiктi халықтың салт-дәстүрiмен астасып отырғанда ғана өмiршең болатыны жайлы ескерткен екен

Дiнге соқыр мәулендей (мысықтың баласын қазақ мәулен дейтiнiн есiңiзге салғымыз келедi – С.О.) сенiп, "бұл шариғатқа жат" деп пәленбай заманнан қанымызға сiңген ұлттық дәтстүрден, қасиетiмiзден, ата-баба салтынан безу, дұрыс бола ма екен? Қазiр кез келген қалада (Астанада болсын, Алматыда болсын, Таразда болсын) шiлденiң ыстық күнiнде хиджапқа тұмшаланып, беттерiн көлеңкелеп қаратерге малынып жүрген жап-жас, көздерi мөлдiреген қандас қарындастарымызды көру таңсық болмай қалды. Әлгiлерге қарағанда: "Имандылық жолына түсу деген мiндеттi түрде хиджапқа орану емес шығар. Имандылық – мiнезден, қылығыңнан, атқарған iсiңнен, таза ойыңнан байқалу керек!" дегiң келедi. Әттең-ай, қазiр қазақ қыздары арасында хиджап модаға айналып бара ма деген күдiк басым "Әр елдiң салты басқа" дегендей, елiмiздiң бұрыннан келе жатқан салт-дәстүрiн, ұлтымыздың киiм тiгу өнерiн жиып тастап, неге хиджап киген араб әйелдерiне елiктеуiмiз керек? Кигiң келсе қазақтың ұлттық бүрмебел әсем көйлектерi, жиегi оюланған көз тартатын камзолдары, әдемi бешпеттерiн неге кимеймiз? Олардың басқа халықтардың ұлттық киiмдерiнен несi кем? Мерекелерде, концерттерде, спектакльдерде сахнаға шыққан әншiлер мен бишiлердiң қазiргi заманның талабына сай киген көз тартар әдемi ұлттық киiмдерiмiздi көргенде жаның жадырап, "Бiз тек қана мал айдап, мал жайған халық емеспiз! Бiздiң қазақ ұлтымызда да көзге iлiнер, әлемге танытар алдыңғы мәдениет болған, көптi тамсантар өнер болған. Оны айтасыз, тiптi, қол шеберлiгi кереметтей жақсы дамыған!" деп басқа елдердiң алдында масайрағың, мақтанғың келедi. Жастардың бойына әлгi ұлттық киiмдер қандай жарасымды, әдемi де тартымды болар едi.

Ресми ақпараттардың мәлiмдеуiнше, Қазақстан бұл күндерi дiни экспансия алаңына айналған секiлдi. Бiзде қазiр қандай дiни ағымдар жоқ? Олардан аяқ алып жүре алмайсыз. Христиан миссионерлерi, шоқындырушы-үгiтшiлер (олардың басым көпшiлiгi АҚШ-тан арнайы жолдамамен жiберiлгендер) ортамызға батыл енiп, ел арасына рухани ыдырау туғызып, миссионерлiк әрекет жасауда. Олар арнайы психологиялық дайындықтан өтiп, тиiстi ақпаратпен, мәлiметтермен жарақтандырылғандар (осындай миссионерлiк шiркеулердiң саны елiмiзде 20-дан асып жығылады екен). Көпшiлiк ортаға енiп, олар жергiлiктi халықты (қазақтарды) христиандыққа кiргiзу бағытында аянбай тер төгуде. Кейде олар ризашылықпен жеке адамдардың басындағы проблемаларын шешiп те бередi. Тiптi, қажет болса материалдық көмек беруге дайын. Мысалы, қаржыдан қиналып жүрген студенттерге қосымша шәкiртақы, жұмыссыз жүргендерге жәрдемақы төлейдi. Христиан (әсiресе иогова куәгерлерi) дiнiн уағыздаушылар түрлi-түстi кiтаптар мен кiтапшаларды халық арасында көптеп таратып, көшеде тоқтатып, мүмкiншiлiгiнше әңгiмеге тартып, сiздi өздерiнiң дiни қоғамына тартуға тырысып бағады. Базбiр аңқау, босбелбеулер олардың насихатына иланып, сол бөтен дiнге енiп жатқаны да қазiр өмiр шындығы. Осындай әрекеттердiң арқасында миссионерлер ой-санамызды улап, өз iс-әрекеттерiне қол жеткiзуде. Ия, бүгiнде өз дiнiнен безiп, басқа дiннiң құрсауына түсiп жатқандар аз емес. Бүкiл отбасы болып басқа дiнге кiрiп, солардың сойылын соғып, көрiгiн басып жүргендер ортамызда қазiр аз ба? Жүректе үрей туғызған бүгiнгi күннiң ащы шындығы осы. "Оның несi бар екен. Әйтеуiр бiр дiнге сенсе болды емес пе?" деп топшалайтындар бар. Бұл мүлдем қате түсiнiк. Басқа дiнге енген адамның өмiр салты, ойлау қабiлетi, өмiрге деген көзқарасы, менталитетi өзгередi. Ұлттық салт-дәстүрден, мәдениеттен алшақтайды, ұлтынан безедi.

Осындай қауiп барда елiмiздiң дiни экспансия алаңына айналмауына көпшiлiк болып атсалысуымыз керек. Қазақ ислам дiнiн қабылдағанына 1250 жыл болыпты. Сол дiнге берiктiлiгi соншама, қазақ халқы моңғол шапқыншылығы кезiнде қанша қысым болса да олардың дiнiн қабылдамады. Қайта олар керiсiнше қазақтың салт-дәстүрiн қабылдап, түркiлендi. Жоңғарлар, тiптi, қаһарлы Кеңес үкiметi де бiзге өз дiнiн енгiзе алмады. Сөйтiп қазақ халқы дiнге берiктiгiн, қайсарлығын, табандылығын көрсеттi. Бұл мысалдарды қазiргi жастарға, ой-санасы толқып жүрген замандастарымызға сабақ болсын деген оймен келтiрiп отырмыз.

"Жақсылық та, жамандық та – Құдайдан. Бiрақ, жақсы болу, жаман болу – адамның өзiнен" дейдi данышпан Абай. Ал ендi бiр сөзiнде "Көп айтса болды, жұрт айтса көндi. Әдетi жаман адамның" деп налиды ол. Бұл сөз дiни фанатизмге шалдыққан, қате ағымдардың жетегiмен құрбандық болуға дайын ойсыз жандарға айтылған сөз сияқты. Дiни нанымның байыбына бармай, оны өзiне қарсы қою барып тұрған қатiгездiк емес пе?

Сөз соңында айтарымыз, имандылықтан қашпайық, бiрақ дiни фанатизмнен iргемiздi аулақ ұстайық, ағайын!

Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы

Тараз қаласы

Серіктес жаңалықтары