КӘСIПКЕРЛЕР КӨМЕККЕ МҰҚТАЖ
КӘСIПКЕРЛЕР КӨМЕККЕ МҰҚТАЖ
Жақында "Оңтүстiк Қазақстан облысының жолшылар мен құрылысшылар Қауымдастығы" заңды тұлғалар бiрлестiгi құрылды. Бұл Қауымдастыққа iскер, бiлiктi басшы "Түркiстан Жолсервис" ЖШС-нiң директоры Каюпов Қамбар төраға болып тағайындалды. Қауымдастықтың алдағы мақсаттары мен мiндеттерi туралы пiкiр алмасып, сұхбаттасқан едiк.
– Қамбар Кикбайұлы, қауымдастықты құру идеясы қалай туды?
– "Жалғыздың үнi шықпас, жаяудың шаңы шықпас" дейдi дана халық. Негiзi ынтымақ пен бiрлiк бар жерде тiрлiк болады. Қауымдастық құру пiсiп-жетiлген мәселеге айналды. Жол құрылыс салаларында жоба жасау мен оны iске асыру кездерiнде көптеген "әттеген-айлар" болып жатты. Осы жайт кейiннен мердiгер мекемелердiң шешiлмеген түйiндi мәселелерiне айналады. Кезiнде тапсырыс берушi мемлекеттiк мекемелердегi кейбiр мамандардың кәсiби еместiгi осы фактiнiң орын алуына себепшi болды. "Көз қысты, бармақ басты" шенеунiктердiң кесiрiнен нормативтiк актiлер сақталмай, сапасыз жұмыс атқарылды. Сондықтан бiздiң басты мақсатымыз – кәсiби кеңес беру, сондай-ақ жол, құрылыс саласындағы кәсiпкерлердiң құқықтарын қорғау болып отыр. Тың идеяның тууы да осы мақсатта жатыр. Сондай-ақ, халық игiлiгi үшiн бюджеттен бөлiнетiн қаржылардың мақсатты жұмсалуы жұмыс сапасының артуына ықпал етедi деп отырмыз.
– Бұл қауымдастықты құру барысында пiкiр қайшылықтары болған шығар. Бiрiккендердiң бәрi де мүйiзi қарағайдай заңды тұлғалар екен. Бұл жөнiнде қандай ойдасыз?
– Жол құрылысында қызмет атқарып жатқан кәсiби мамандарда ешуақытта да пiкiр қайшылықтары туындамаған. Тек кейiннен компания, фирма құрылтайшылары түрлi сала мамандары болғандықтан бiршама пiкiр қайшылықтар орын алды. Қауымдастық құру 2009 жылы көтерiлiп, көпшiлiкпен ақылдаса отырып, құрылыс фирма басшылары мен мамандардың, тапсырыс берушi мемлекеттiк мекемелер тарапынан талданып барып, iске асуға бағыт түзедi. Бұл дегенiмiз өз ерiктерiмен ертеңгi ел экономикасы мен болашағы үшiн жұмыс iстеуге ниет еткен қоғамдық негiздегi қауымдастық. "Төртеу түгел болса, төбедегi келедi, алтау ала болса, ауыздағы кетедi" демекшi, бiз әрдайым ынтымақтастықпен жұмыс iстесек деген ойдамыз. Бұл – ерiктi ұйым. Бiрақ мұнда да ҚР Заңнамаларына сай бекiтiлген Ереже бар. Жарғыда мiндеттер мен құқықтар айқын көрсетiлген. "Тәртiпке бағынған құл емес" деп Бауыржан Момышұлы айтқандай әрбiр қауымдастық мүшесi заңға, тәртiпке бағынатын болады. Өз жұмыстарына жауапсыз қарайтын қауымдастық мүшелерi заң шеңберiнде жауап бередi. Шаян, шортан, аққу сияқты ары тарт, берi тарт жағдайы орын алмайды. Әрине қандай да бiр iрi мекеменiң шеше алмай жатқан түйiндi мәселелерi болады. Сондықтан барлық мәселенi кеңесiп шешсек деген ойдамыз.
– Қауымдастықтың мақсаты мен мiндетi өте ауқымды көрiнедi. Осының бәрi жүзеге асатынына сенiмдiсiз бе?
– Бiр ұлы данышпан "Сенiм – байлыққа апаратын жолдың басы" дептi. Сондықтан қауымдастық аясында сенiм принциптерiмен жұмыс iстегелi отырмыз. Егер ақын шабыты келмесе тамаша өлең жаза алмауы мүмкiн. Сондықтан қай iске де ынта, шабыт керек. Қай iстi де адам жүрек қалауымен, жан-тәнiмен iстесе нәтиже шығады. Шабыт адамның барлық күш-жiгерiн жұмсауға итермелейдi. Бiз өз мақсатымызға жету үшiн бағдарламалар жасап, мiндеттемелер қабылдап, жоспарлы түрде жұмыстар жүргiземiз.
– Жоспарларыңызда кәсiпкерлерге әртүрлi көмек қолын созбақ ниетте екенсiздер. Бұл қандай қажеттiлiктен туындап отыр?
– Елбасы Назарбаевтың кәсiпкерлерге үлкен қолдау көрсетiп отырғанын қауымдастық мүшелерi жақсы бiледi. Бiз осы мүмкiндiктердi барынша пайдаланып, әлi де аяққа тұрып үлгермеген кәсiпкерлерге көмек қолын созу ниетiндемiз. Кәсiби мамандар даярлап, жаңа технологиялармен оқыту, нормативтiк-құқықтық актiлермен таныстыру бiздiң жоспарымызда бар. Жаңа оқу бiтiрген мамандарға, кәсiпкерлiк iстi бастаймыз деген азаматтарға бағыт-бағдар берiп отырамыз. Сондай-ақ, елiмiздiң жаңа буын кадрларын даярлауға да үлес қоссақ деймiз.
– Жол-құрылыс саласында проблемалар шаш-етектен. Көптеген түйiндi мәселелердi шешуге қауымдастықтың қауқары жете ме?
– Рас, жол-құрылыс саласындағы проблемалар жетерлiк. Жобалық сметалық құжаттарға бастапқы өлшем бiрлiк дұрыс берiлмегендiктен жұмыс кестесi кешеуiлдеп, айыппұл төлетiп, келiсiмшарттар қайта бұзылып, мердiгерлердi сарсаңға түсiретiн жағдайлар әркез ұшырасып қалады. Ал құрылысшыларға келсек, кейбiр кәсiби мамандар өзiм бiлермендiкке салынды. Осы қателiктердi қайталамау үшiн Астана мен Алматыдағы ғылыми зерттеу институттарымен тығыз байланыста жұмыс жүргiзгелi отырмыз. Қазiргi таңда алдын ала өзара келiсiмшарт түзiп жатқан жайымыз бар. Ортақ меморандумға қол қойып, бiрлесiп жұмыс iстеуге бiз де мүдделiмiз.
– Жарғыға қарағанда, қауымдастық кәсiпкерлер мәселесiн қозғайтын газет, журналдар шығармақшы екен. Бұл – құптарлық идея. Қазақ ақпарат айдынында бизнеске, кәсiпкерлiкке, жол құрылыс саласына арнайы шығарылып жатқан басылымдар некен-саяқ. Өйткенi, бұл саланы терең зерттеп, сараптап жазатын мамандар жоқтың қасы. Мойындарыңызға көп жүк артып алған жоқсыздар ма?
– Бұл жерде пайда табуды көздеп отырған жоқпыз. Жол-құрылыс саласындағы әлемдiк тәжiрибелер мен жаңалықтарды өмiр практикасына енгiзу оңай емес. Облыс көлемiндгi атқарылып жатқан жұмыстар жөнiнде мәлiметтердi ақпарат құралдары арқылы тарату да ойымызда бар. Ахмет Байтұрсынов атамыз айтқандай "Газет – халықтың көзi, құлағы һәм тiлi". Оның үстiне жауапкершiлiк жүгi өте ауыр. Менiң мақсатым – креслода шалқайып отыру емес. Мен – шен қуған азамат емеспiн. Оңтүстiк Қазақстан облысында орын алып жатқан көптеген игi iстердi ары қарай жалғастырсақ деймiз. Қауымдастық мүшелерiнiң сенiмiн ақтау үшiн өмiрден алған бай тәжiрибем мен бiлiмiмдi толық жұмсауға күш-жiгерiмдi жұмсаймын.
Тұрғылықты жерде әлi де болса түгел зерттелiп бiтпеген шаруа көп. Табиғи-құрылыс материалдарын пайдалану үшiн ғылыми тұрғыдан қайта қаралса деген ой бар. Мемлекеттiң құрылыс материалдар тiзбесiне енгiзу, тас, құм қоспаларын өзен қойнауларынан өндiрудi азайту бас қатыратын басты мәселелер болып отыр.
– Жасыратыны жоқ, жол-құрылыс саласында сыбайлас жемқорлық кең етек алған. Оған көптеген фактiлер келтiруге болады. Дегенмен, қауымдастық бұл мәселеге де назар аударғаны дұрыс қой деп ойлаймын.
– Сыбайластық неден туындайды? Жаңа өзiңiзге айтқан құрылыс жол саласында, мемлекеттiк сатып алу аясында нормативтiк құқықтық актiлердi кәсiпкерлердiң әлi де болса терең бiлмейтiндiгi байқалады. Қатенi түзетуге ерiнiп, екi жақ та заңды бұзып, “көз қысты, бармақ бастыға” жол бередi. Сыбайластықтың туындауы осы себептен. Сыбайластық – қоғамдық дерт. Онымен күрес бұқаралық сипат алуы тиiс.
– Қамбар Кикбайұлы, қауымдастықтағы жол-құрылыс және ғимарат, тұрғын үй құрылыс саласында қызмет iстейтiн әрiптестерiңiз туралы ("Шымкентдорстрой" ӨК, "Отау строй" ЖШС, "СМК и Ж-7" ЖШС, "А.Р.Т. – Құрылыс" ЖШС, "ГХ "Шымкент газ" ЖШС, "Нұрлытас-2002" ЖШС, "Жiбек жолы – 2008" ЖШС, "Лидер НК" ЖШС) не айта аласыз?
– Аталған мекемелердiң атақ абыройын, ел үшiн жасап жатқан тiрлiктерiн жұрт ақпарат құралдары арқылы жақсы бiледi. Мысалы, "Жiбек жолы – 2008" ЖШС қазiргi кезде өте сапалы техникалық қадағалаушы мекеме ретiнде көзге түсiп отыр. Жауапкершiлi шектеулi серiктестiк орын алған кемшiлiктердi дер кезiнде анықтап, уақытында түзетiп отыр. Ал қалған мекемелер өздерiнiң жұмыстарын сапалы атқарып жатыр деп айтуға болады. Өздерi салып жатқан үй, мектеп, жол саласындағы тiрлiктерiн тындырымды атқаруда. Компаниялар кәсiби мамандар мен заманауи техникалармен жарақтанған.
– Өзiңiз басшылық жасап отырған "Түркiстан Жолсервис" ЖШС-нiң қазiргi және болашақта атқарар жұмыстары да ауқымды шығар?
– "ТЖС" ЖШС-гi азаматтық және автомобиль жолдарын салу мен жөндеуден өткiзу саласында жұмыс iстеп келе жатқан бiрден-бiр сенiмдi компания. Жұмыс iстеген жылдар iшiнде жетi iрi жобаны жүзеге асырдық. Барлық санаттағы автомобиль жолдарын салу, мектептер мен көпiрлер саласында үлкен тәжiрибеге иемiз. Күн сайын өсiп отыратын нарық талаптарына сай келу үшiн құрылыс өндiрiсiнiң жаңа технологияларын игеру мақсатында инвестиция құйып, қазiргi заманға сай құрылыс құрал жабдықтары мен жол құрылыс техникаларын алып отырмыз.
Компанияның Мақтаарал, Сарыағаш, Қазығұрт, Сайрам, Ордабасы аудандары, Арыс қаласында инерттi материалдарды тиеп-түсiретiн темiр жол тұйығы бар, жалпы аумағы 50 га-дан асатын он өндiрiстiк базалары мен Шымкент қаласында бес базасы бар. База территориясында екi қабатты әкiмшiлiк ғимараты, өндiрiс цехтары, қоймалар және құрылыс пен арнайы техникалар паркi орналасқан. Компанияның иелiгiнде 150-ден астам техника, әрқайсысының өндiрiс қуаты сағатына 100 тонна болатын 2 асфальтобетон зауыты бар. Құрылыс жұмыстарының тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында 2010 жылдың мамырында Италияның "Rondo" маркалы асфальтобетонды зауыты Арыс қаласында iске қосылды. 2008 жылдан бастап Шымкент қаласында Германияның "Lintec" маркалы асфальтобетон жасайтын зауыты жұмыс iстеуде.
Өз қаржымыздың есебiнен Абай саябағында бабаларымыздың есiмiн сақтау мақсатында "Даңқ аллеясы" кешендiк – монументiн тұрғыздық. Оңтүстiк Қазақстан облысы арқылы өтетiн "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" жолын қайта жарақтануына үлес қоспақ ниеттемiз. Жұмыс көп, мақсат айқын!
Қазiргi облыс әкiмi Асқар Мырзахметов мырза ел үшiн көптеген тiрлiктердi тындырып тастады. Сондай-ақ, бұл азамат кәсiпкерлердiң қамқоршысы, жанашыры да. Дегенмен, жалғыз ағаш орман болмайды ғой. Ол кiсiнiң жүргiзiп жатқан саясатына тiреу, сүйеу болатындар көбейсе деймiн. Облыс әкiмi уақыттың қай мезгiлiне қарамай, қарапайым киiнiп келiп, облыста жүргiзiлiп жатқан құрылыс нысандарын аралап, үнемi iскерлiк танытып жүредi. Елдi ойлаған азаматтың тiрлiгi осындай болу керек шығар. Iстi керi тартып, әкiмнiң абыройына нұқсан келтiретiндерден абай болсақ екен деймiн.
– Тартымды әңгiмеңiз үшiн рахмет! Жұмыстарыңызға табыс тiлеймiн!
Сұхбаттасқан Балтабек ТҮЙЕТАЕВ