ЕЛДIК ПЕН ЕРЛIК МУЗАСЫ
ЕЛДIК ПЕН ЕРЛIК МУЗАСЫ
Күн өткен сайын, жыл өткен сайын өнер де, сол өнердiң бiр бұтағы өлең де құлпырып, түрленiп, толысып, пiсiп келе жатыр десек, ол толып-болып қалғандығымыз емес. Қайта iлгерi ұмтылысымыздың, бұлқынысымыздың көрiнiсi. Ал, ендi кем-кетiгiмiз көп, тәуiр жинақ аз деп қынжыла бастасақ, ол да жаманшылықтың нышаны емес. Қайта ол – өзiмiздi өзiмiз қайрау, намысымызға от тастау, асау қанды тасыту…
Бiрден айту керек, Алаштың ақтангер ақыны Рафаэль Ниязбек бiздiң жарнамаға зәру қаламгер емес. Ол – арқалы ақындарымыздың бiрi. Ал мұндай санаттағы ақындар бiзде саусақпен санарлықтай ғана.
Өзгеше есiмдi ақынның атақ-даңқы да жетерлiк. Шешен Республикасының ең жоғары "Къоман Сий" (Ұлт намысы) орденiнiң иегерi, Шешенстан Мемлекеттiк және Қазақстан Жазушылар одағының I.Жансүгiров атындағы сыйлықтарының лауреаты, ел мойындаған көрнектi ақын.
Жинақ сайын жинақылық танытып, шымыр өлеңнен өрнектi ой, көркем кесте тоқи бiлетiн ақынын әрқашан өсу биiгiнен бағалай бiледi оқырман. Өмiр кешуiнiң бiраз сын-соқпақтарын артқа тастап үлгерген оның өзiнен кейiнгi балауса буынға айтары да аз емес.
Ең алдымен ол дәуiр талабының ауқымында бола бiлiп, өзiнiң ақындық жiтi көзiмен, жылы сезiмiмен Отаны, елi, халқы тарихындағы күрделi оқиғаларға өз қатынасын бiлдiре отырды, өз замандастарының сырларын жырлады. Осындай өмiрмен берiк байланыс ақын үнiн есейтiп, оны заман мен адам жайлы ойларын бар дауыспен айтар белсендi күйге көтердi.
“Боз көйлектi өмiрiм жырымдалып,
Қай жау менi басынсын қырына алып.
Ауызында оқталған мылтықтардың
Тұрған жоқ па жүрегiм тығындалып.
Уақыттың көзiмде оты өрiлiп,
Болашаққа келемiн төте жүрiп.
Рухым асқақ болмасын неге менiң,
Рухым көкке тұрғанда көтерiлiп,” – деп басталатын Рафаэль Ниязбектiң жаңа жыр жинағы оқырманын салған беттен баурап ала жөнеледi. Содан кейiн күйбең тiрлiктiң мұң-шерiн, әбiгерi мен даңғазасын бiр сәтке ұмытып, бiр өлеңнен кейiн бiр өлеңдi бас көтермей оқи бергiң келедi, оқи бергiң келедi. Сырлы сөздiң сиқыры, тұлпар таланттың тегеуiрiнi деген де осы болар, сiрә!
Жаңа кiтабында ақын лирикалық кейiпкерi арқылы өзi туралы және уақыт туралы бүкпесiз сыр шертедi. Поэзияның махаббат, табиғат, өмiр атты мәңгiлiк тақырыптарымен бүгiнгi күннiң ар-намыс, экология, болашақ алдындағы жауапкершiлiк сияқты көкейкестi мәселелерi астасады. Екi бөлiмнен тұратын жыр кiтабы адам мен заман, жаһан мен жаһаннам туралы ой-толғаныстарға, қайсар мiнездi қайрат-жiгер поэзиясына толы.
Өмiрiн өлеңмен өрнектеген ақынның осынау кiтабы оның жүрекжарды жыры, сұлу сөзбен төгiлген жан сыры деп те айтуға болады.
Оның қыран қанатынан кем емес қиял қанаты бар. Сол қиял қанатын қомдана қағып-қағып жiбередi де, ақын бiрде атамекенi – Таласқа, бiрде гүл кешкен жас дәуренiнiң, мұң кешкен ағалық кезеңiнiң куәгерi – Алматыға, ендi бiрде күрескер ел – Қап тауындағы Ичкерия елiне сапарға шығады. Көкiрегi – шер, кеудесi – ыза, өзегi – өрт.
“Неден менiң көңiлiм үркектедi,
Бәлкiм, нұрлы, шуақты жыр жетпедi.
Бұлт кетпесе басынан Қаратаудың,
Ауылымның көзiнен мұң кетпедi…
Жақсылардың жолында кiм тұрмады,
Ай тұтылып, көгiнде күн тулады.
Ауылымның жатыры тозды бiлем,
Ұлтқа тұтқа болатын ұл тумады.
Қуанышқа жүргесiн өлең бөлеп,
Бақытымды айта алман төменде деп.
Ауылымды тегiнде ойладым ба,
Жыртық шекпен iшiнен көрем бе деп,” – егiледi-ай кеп көшесiнде құм суырып жүгiрген туған ауылын, әкесiнiң көзiн көрген қарттардың бәрiнiң құлпытасқа айналып үлгергенiн көрiп.
Құдай-ау, ақын Алатау аспанында самғап ұшып, құтхана-құжырасына келсе, "жаман қарға секiлдi жаман неме" халқының айбары болған, барша қазақ биiгiнен шырқаған асқар тауға тiл тигiзедi! Керенау басып, кекiрiгi азып, шекесiнен қарайды.
Бұған ақынжүрек қалай шыдап тұра алар? Құдай қолдап, аруақ алқап, жыр жолдарымен "жиi күлген жылымның" тәубесiн келтiредi.
“Дауыл боп та кей-кейде бұрқана алмай,
Бәрiн бағып құзыңда тұр қарағай.
Көз жанарым нұрлана түсер деме,
Алатаудың басына бiр қарамай.
Сұм тағдырдың шекеңе тасы тимей,
Тiлектеспiн,
кiмнен де басым жүргей.
Алатаудай азамат болам деме,
Алатауға табынып басыңды имей.”
Ақын да бiр бейкүнә сәби ғой. Алабұртқан көңiлмен жас дәуреннiң сайран бағын iздейдi. Алаштың осы бiр рухани астанасында ана бiр жылдары адамзаттың бекзаты Сәкеннiң отырғызған терегi көз қуанышы болып, жайқалып тұрушы едi. Қала көшелерiнде Мұқағали мен Төлегеннiң, Жұмекен мен Жұматайдың iздерi қалған.
Қарап тұрса, базар iздеп босқан жұрт, сөмке көтерген саудагер, жыртыңдаған салдақы, жаяу өсек соққан қырт еркектер. Терек те жоқ, одан қалған дерек те жоқ. Апыр-ау, мынау сол Алматысы ма? Әлде қапыда қара басып, басқа қалаға тап болды ма? Жоқ, сол Алматының өзi екен! Бiрақ, бұрынғы Алматы мен бүгiнгi Алматының арасы жер мен көктей!
Ал ендi мұны қалай өлеңмен өрнектемейдi? Өзектегi өрт өйтпесiне бола ма? Өкiнiштен өксiп отырып, жыр жазып тастайды. Өзiңiз де оқып көрiңiз. Өртенген өзектi жарып шыққан жыр жолдары былайша өрiледi:
Дүниенi кiм сонша жаңқалаған,
Күндер қайда бармақтан бал жалаған.
Қазақстан айналып қан базарға,
Жұрттың бәрi ала қап арқалаған.
Басқа қонбай бақ құсы үркiп едi,
Көк ала бұлт көгiнде дүркiредi.
Адамдар да тас қоғам секiлденiп,
Тас бауыр боп бара ма кiм бiледi.
Не шара бар? Бүгiнгi өмiр шындығы осылай болып тұр ғой.
Ақын – халықтың елшiсi. Халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтай бiлмеген, халықтың табанына кiрген шөгiр маңдайына қадалғандай болмаған ақынның өзi – құнсыз, сөзi – пұлсыз!
Ал халықтың мұңын Рафаэль аға қалай жырлайды? Мына өлең жолдарына көз салып көрiңiздер:
Дүниенiң тұрғанда сәнi кiрмей,
Адамдардың томсарған жаны күлмей.
Ұлтқа тұтқа болатын азамат па,
Ат үстiнде жүргеннiң бәрi бiрдей.
Зұлымдықтың көзiне сан атылған,
Ақиқаттан жан бар ма жаратылған.
Бәрi бiрдей ақ жүрек азамат па,
Сөйлегеннiң бәрi де Ар атынан.
Елдiң неге тiрлiкте бағы төмен,
Тiзгiн ұстар жоқ па әлi жалынды өрен.
– Халқым! – деп сөйлегеннiң бәрi бiрдей,
Азамат па халықтың қамын жеген…
Рафаэль Ниязбек – поэзияның мәңгiлiк тақырыптарын (өмiр, махаббат, табиғат) молынан қамти алатын өнiмдi ақын. Оған осы кiтапқа енген "Болашақтың төрiнен көрем сенi" поэмасы мен "Ақтаудан бiр бұлт көрсең мен деп ойла", "Махаббаттың аттандым жорығына", "Дүрия-жыр, дүние-сыр" деп аталатын өлеңдер топтамаларын мысал ретiнде келтiруге болады. Ақын өлең өрнектерiмен өре отырып, өршiл рухпен жыр күмбезiн көтерiп шыққандай әдемi әсерге бөленесiз.
Лириканы барлық поэзияның өмiрi мен жанына теңеп, поэзияның шыңына балаған Белинский: "… ақын – рухтың қасиеттi шөлмегi, жаратылыстың таңдаулы сүйiктiсi, табиғат сырын сақтаушы, сезiм күйшiсi, әлемдiк өмiрдiң алтын домбырасы. Ол сәби шағынан-ақ өзiн басқалардан гөрi әлеммен туыс, қандас көредi; балауса жiгiт шағында-ақ сол әлемнiң тiлсiз сөздерiн, құпия сырларын ұғымды тiлге аудара бастайды", – деп тұжырымдаған. Өлеңнен өрнек, сөзден сурет салу ауырдың ауыры екенi ақиқат. Мiне, осы ауыр жолдан әрдайым абыроймен өткен Рафаэль Ниязбектi елдiң лирик әрi эпик ақын (Елбасы туралы "Айбозым менiң" өлең-романы мен күрескер тау халқының трагедиясы туралы "Шешендер" поэмасын айтсақ та жеткiлiктi) деп бiлуi де дау-дабырасыз шындық. Ол қай тақырыпқа қалам тербесе де, өзiнше көрiнудi, өзiнше байлам жасап, тыңнан теңеу табуды, ой қорытындылауды ақындық мұрат деп бiлген.
Кiтаптағы туған жердi қорғау жолында ата жауларымен арпалысып өткен батырларға ("Хан Кененiң басы", "Саңырық батыр"), Бөлтiрiк шешен сияқты аузы дуалы билердiң, Дiнмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров, Заманбек Нұрқадiлов сияқты атақты мемлекет қайраткерлерiнiң рухына арналған туындылардың барлығы да жас ұрпақты Отанды сүюге, халықтың ардақты азаматтарын бағалай бiлуге үндейдi.
Ақынның әр жинақ сайын өзiне-өзi қойған талабы қатаңданып, биiктеп келедi. Мұның өзiндiк топырағы мен өрiс жаяр тамырының шындықтан, ақындық табиғаттан туып отырғанына кәмiл көз жеткiзуге болады.
Рафаэль ойшыл, бiрақ оның жақсы қасиетi ойлылығын пайдаланып, ақыл айта бастамайды. Ойды жалаңаш дiрдектеген күйiнде тақпақтап айта да салмайды. Оның лирикалық кейiпкерi мақсатсыз емес. Ақын айналасынан әдемi өмiр iздейдi, тәттi сыр тартады. Ойға сезiм сұлулығы косылады, ардың тазалығындай таза бояу араласады. Соның жемiсiнде парасатты поэзия пайда болады.
Ақын аз нәрседен көп мән, ұсақ нәрседен iрi қасиет iздеп табады. Ол суреткерлiк кредосы. Әрбiр өлеңi нақтылығымен, дәлдiгiмен, шыншылдығымен құнды.
Р.Ниязбек өлеңдерiн әр қырынан жарқыратып көрсете алатын ақын. Соған қарағанда, әрбiр суреткер ғасырмен, зырлаған уақытпен қатар отыруды мақсат ететiн болу керек. Тiптi озып та кеткiсi келер. Бiрақ соның бәрiне талант сезiмi арқылы қазылық етедi. "Отыз жетiншi жыл" деген өлеңiнде ақын ойлы философ болып көрiнедi:
“Жұлымырдай жау санаған жақынын,
Неге жұртқа жамандайсың ақынын?
Қарақшы Отыз жетiншi жыл сенбiсiң,
Абақтыға жапқан елдiң ақылын?!
Көрмеген ем аңға шығып, құс та атып,
Жүрегiмдi қарыдың-ау, мұздатып.
Отыз жетi қайта айналып келсе егер,
Жiберетiн сыңайың бар ұстатып.
Өлiм сеуiп байтақ өлке, қалаға,
Зұлымдықты көп сiңiрген санаға
Улы Сталин –
Пайда болған шығарсың –
Көз алартып түшкiргенде далаға.”
Осы тамаша шумақтармен ақын оқырман жүрегiне көптi көрген философ ретiнде үстемдiк жүргiзедi. Өлеңде сергек, ойлы ағыс бар. Iшкi сезiм драмасы бар. Ал, драманың өзi лирикаға қосымша дауыс қосады, қасиет бередi.
Адам жанының құдiреттiлiгi тылсым дүниенiң құпиясын құныға зерттеп, бетке соққан бөгеттерден қаймықпай өтiп, жасымаған жiгермен тiршiлiк ошағын жалындата жарқын да, жасампаз ғұмыр кешуiнде емес пе? Осы ойды ақын былай өрнектейдi:
“Күмiстен құйған тай тұяқтанып,
Найзағай оттарынан
Жүрек-аккумулятор зарядталып
Шабыттанса
Әп-сәтте үлгередi,
Жырдан телегей дария ақтарып…”
Ақын қолына қыл қалам ұстап, үлкен полотноның алдында тұрған өзiнiң аттасы – Рафаэль Санти сияқты бiр мезет өзiн-өзi ұмытқан. Өлеңнiң аты "Шабыт". Жырда шабыт шақырған шамырқаныс қана емес, сонымен бiрге тың теңеу, бедерлi метафора арқылы салынған жанды сурет те бар.
“Көзiмдi менiң шел басты –
Қилы-қилы жойқынмен қарыққанда.
Көкiрегiмдi шер басты –
Ел күйзелiп ашығып, тарыққанда.
Бүтiнделiп сом тұяқ кетiлгенде,
Жетiлмей ме тiрлiкте жетiм пенде.
Көзiмдегi шелдi
Сылып тастайды пiсiп жетiлгенде.
Мұнарадай морыған қыр басында,
Елiм азып жоғалтқан тұлғасын да.
Көкiректегi шерiмдi кiм жазады?
Дию, перi, жын-ойнақ бұл ғасырда.”
Бiз "Шер мен шелдi" оқып, өмiр, уақыт, дәуiр толғауын сезгендей болдық. Бiз осы өлеңдi оқып, адамдар толғауын, өткен мен бүгiн, болашақ, бақыт, бейбiтшiлiк, тыныштык толғауын тыңдадық. Жыр жүрегiмiзге жеттi, ойымызға ой салды. Содан соң өлеңнiң мiндетi осы шығар деп ойладық. Егер Байрон: "Поэзия дегенiмiз – өткендi түйсiну, болашақты сезiну" десе, Р.Ниязбек соны сезе бiлген секiлдi.
Р.Ниязбектiң лирикалары ақынның жүрекжарды шындығын көрсете бiлгендiктен, сол өлеңнiң табиғатына сай әуенге, пафосқа ие болып келедi. Автордың мұндай жетiстiктерiне қуанасың, сондықтан болу керек, оның өлеңдерiн оқып отырғанда сол өлеңнiң поэзиялық атмосферасынан, географиясынан, суретi мен ойынан ешқайда шығып кете алмайсың. Ақын лирикаларының бойындағы өзiне тән сейсмикалық сiлкiнiс сенiң де өн бойыңды дүр сiлкiнтiп, жүрегiңе мазмұнды ой салып, iшкi әлемiңдi тебiрентiп кетедi.
Иә, нағыз ақынның қызығы да, қымбаты да – жыры. Нағыз ақынның бақыты да, уақыты да – жыры. Нағыз ақынның аңсары да, мансабы да – жыры. Нағыз ақынның мiнген аты да, махаббаты да – жыры. Нағыз ақынның көрiгi де, көлiгi де – жыры. Нағыз ақынның анасы да, баласы да – жыры. Ақын жырды ғана өлiмге қимайды.
Дүниенi бар жанымен сүйетiн, сәл нәрсеге қуанып, сәл нәрседен секем алатын Рафаэль ақын туралы көп айтуға болады, көсiлiп айтуға болады. Оның өлең, поэмалары – қазiргi дәуiрдегi қазақ поэзиясының өзiндiк орны бар бөлiгi. Ақынның бұл саладағы табыстары дау тудырмайды. Оның ақындық жолы әлi де мол жемiс әкелетiнi күмәнсiз.
“Шұбатылып соңында шаңы қалған,
Жүйрiктер көп десек те бағы жанған.
Құлагердiң құлыны – өлең едi,
Тағдырымның құрсағын жарып алған.
……………………………………………….
Көңiлiмнiң көлiне тұнған арай,
Көктем болып еседi қырға қарай.
Құлагердiң құлыны өсе келе
Айналмасын құлагер жырға қалай.”
Бұл – ақынның шығармашылық бағдарламасы тәрiздi сөз.
Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнiн айтар болсақ, бұған дейiн отыз шақты кiтабы жарық көрген Р.Ниязбектiң "Құлагердiң құлыны" деп аталатын жаңа жыр жинағы оның кезектi шығармашылық бiр жетiстiгi деп бағалауға лайық, оқырман қауымның көзайымы боларлық шырайлы шығарма болып шыққан.
Оқырмандардың көңiлiнен шығып, лайықты бағасын алған кiтаптың ғұмыры ұзақ, бақыты баянды. Қаламын қара сияға емес, жүректiң ыстық қанына малып жазатын қаламгер үшiн бұдан артық мәртебенiң керегi де жоқ.
Бiз осындай өлшемдерге сайсақ, кестелi жыр тiлiмен тар жолды, тайғақ кешулi ХХ ғасырдың ауыр өткелiнен аман-есен өтiп, өзiн-өзi билеуге қолы жетiп, келiстi де керiм Келешекке бет алып бара жатқан Ел көшiн бейнелеген, елдiк пен ерлiктi дәстерлеген, Құлагердiң құлынына баланып, үкiлi үмiт жалғаған кiтап Қазақстан Республикасының рухани қазынасының асыл байлығы болып, ал оның авторының есiмi отандық мәдениеттiң тарихына алтын әрiптермен жазылатынына тiлеулес оқырмандарының кәмiл сенетiнi анық.
Сәбит БЕКСЕЙIТ, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесi