БАУЫРЖАННЫҢ ПЫРАҒЫ
БАУЫРЖАННЫҢ ПЫРАҒЫ
Бауыржанды бiр ой булықтырып жүр. Айға созылған ауыр шайқастардан кейiн белгiлi мерзiмге демалысқа шығарылған бөлiм командирi бұлай бұйықпай ел-жұртпен бiрге емiн-жарқын жүруге тиiс едi. Өйткенi, майдан шебiн жүз-екi жүз шақырымға дейiн iлгерi жылжытқан ұрыстарда ол басқарған полк тағы да айрықша тапсырмаларды абыроймен орындап ауызға iлiндi. Қорғаныс ұрыстарында бiр адым артқа шегiнбеудiң небiр үлгiсiн көрсеткен талғарлықтар ендi дивизия найзасының ұшы болып қадалды. Олардың жау тылына бiлдiрмей өтiп, торапты жолдарды басып алып отырған тосын қимылдары қарсыластарының алғы шептерiне тың күштер әкелуiне қолбайлау болып, шығынға шаш етектен батырды. Мұның барлығы қақаған қыста ақ мұнар айсыз түн қараңғылығын одан әрi қоюлата түскен қалың орман арасымен омбылаған жорықтардан кейiнгi күтпеген шабуылдардың арқасында мүмкiн болды. Ал, күндiз торапты жолды қайтарып алмаққа жанталасқан жаудың аспаннан да, жерден де жасаған үздiксiз шабуылдарына тойтарыс бере бiлiп, мұнда да бұйрықсыз бiр адам шегiнбедi. Мiне, осындай сәттi операциялардан кейiн, атағы одан әрi айбарланған командирдiң "көңiлсiздiгi" шынында да кiмге де болса түсiнiксiз едi. Тiптi, жеңiстiң буын былай қойғанда демалыстың қуанышы деген бар емес пе? Қатты қалжыраған шаршаулы болса, баяғының батырларынша бұл дүниенiң бар-жоғын ұмытып ұйықтасын. Бұлай кiрбiң қабақ болып жүргеннен командирге қайта сол жарасады. Өмiр мен өлiмнiң шайқасынан жан алысып, жан берiсiп шыққандар ұйықтасын, тынықсын, өзiне-өзi келсiн деп берiлiп отыр бұл демалыстың өзi де.
Дегенмен, әскер – демалыста да әскер, жарғылық мiндетi мен ұстанатын тәртiбi, күнделiктi тiрлiгiнiң кестесi бар. Олардың орындалуын ұйымдастыратын да, қадағалайтын да командир. Шайқастардан кейiнгi адам мен қару-жарақ, шығындарын есептеп, оның орнын толтыру, азық-түлiк пен киiм-кешек қамдау, бөлiмге жаңа қабылданғандарды жерсiндiру, бәрi-бәрi назарында болуы керек оның. Бiрақ, бәрiбiр демалыстың аты – демалыс. Қай қаңғырған оқтың құрбаны болып кетерiңдi бiлмейтiн алғы шеп емес. Айналаңды астан-кестең етiп жатқан дұшпанның артиллериялық соққысының астында оның танкiлерi мен жаяу әскерiнiң шабуылын қайтсем тойтарамын деп жанды шүберекке тас түйiп отырған жоқсың. Шабуылдаған жау бекiнiсiнiң осал жерiн таба алмай бас қатырудан да азатсың. Бұл тiптi, психологиялық салмағы зiлбатпан ұрыс алдындағы алдамшы тыныштық та емес. Демалыстағы командирге әлi жаңа мiндеттер қойылмағандықтан басында болашақ ұрыстардың стартегиясы айқындалып, картаға тактикалық сұлбасы сызылған жоқ. Сөздiң қысқасы, жүздеген, мыңдаған адамдардың өмiрiн не ары, не берi ететiн есептерден командирдiң басы ада. Демек, алаңдамай ұйқысын қандырып, жүйкесiн тыныштандырып, жан азығын толықтырып, көңiлiн көтеруге командир толық құқылы ғана емес мiндеттi. Тәбет тартып жатса, "күштiнiң" өзiн "нарком нормасынан" асырып жiберуiне де болады. Полк комиссары Петр Логвиненко солай етiп алыпты. Ендi командирмен емен-жарқын әңгiмелескiсi келедi. Онысы да жөн. Ұзақ ұрыстардан кейiн екеуiнiң еске алар жайлары аз емес. Бiрақ бiр iстi бастап қойып отырған Бауыржанның "нарком нормасына" зауқы соқпады, әңгiмелесудi де хош көрмедi.
– Түсiнiктi, – дедi Бауыржанның алдындағы көк дәптердi көзi шалған комиссар соңғы уақыттарда саяқтана берген командирдiң көңiлi неге алаңдаулы екенiн ұққандай.
– Иә, менi алдымен сен түсiнуге тиiссiң, Петр Васильевич, – дедi жүзiнен бөгде бiреудiң бөлмеге тасыр-тұсыр кiрiп, ойын үзгенiн қаламағаны көрiнiп тұрған Бауыржан.
– Жоқ, мен сенi түсiнбеймiн Бауыржан, – дедi кенеттен көзiн көк дәптерден әнтек көтерiп алған Логвиненко.
– Түсiнбейтiн несi бар? – деп Бауыржан да үстелден еңсесiн көтерiп комиссарға ежiрейе қарағанда жиырылып барып жазылған қасы садақша серпiлiп, көптен тұңғиық жүрген жанары жалт-жұлт ете қалды.
– Мен өз ойларымды қағазға түсiрiп отырмын, – дедi содан соң сабырмен.
– Оны түсiнемiн.
– Ендi ненi түсiнбейсiң?
Командирдiң қатқылдау сұрағына қит ете қалған комиссардың жүзi қара күрең тартып, жауапты сызданып бердi.
– Дұрыс, сен өз ойларыңды қағазға түсiрiп отырсың. Бiрақ…
– Немене, бiрақ? – деп тақымдады тоқталып қалған комиссарды Бауыржан.
– Сен алғы шеп командирiнiң мiндетiне жатпайтын жұмыстарға килiгесiң, – дедi даусының сызын сақтаған Логвиненко жауабын күттiрместен.
– Командир мiндетiне жатпайтын жұмыс бола ма, алғы шепте? – деп шап ете қалды саяси жетекшiнiң шолақ ойлағанына күйiнген Бауыржан.
Бiрақ, Логвиненко ойым жетпей тұр деп емес, сенен артық бiлiп тұрмын деп барлады Бауыржанның жүзiн.
– Сен өзiң басқарған әскери бөлiмнiң аумағынан шығып кетесiң, – деп тағы да тура жауап қатпастан жұмбағының шешiмiн одан әрi ауырлата түстi.
Саяси жетекшiмен ой жасырынбақ ойнауға Бауыржанның мүлдем зауқы жоқ едi.
Бауыржан тысқа шыққанда дала әлi жарық екен. Батыс көкжиектi бүркiтше бүремiн деп күш түсiп қанталаған көзiн күндiзгiден кеңiрек ашқан күн, қызыл кiрпiктерiн көктiң күмбезiне қаратып балақтатып жiберiптi. Ашық аспанның ұшар басына қарай қос бүйiрден қоса қабат жылжыған қара бауыр көксұр бұлттар сол кiрпiктердi қырқып түсiп барады. Бүйте берсе бiржола тұтасып, бүкiл көктi түгел басып алар түрi бар. Зеңгiр аспанды айпап-жайпап келе жатқан тажалдан күшi қайтқан Күн де тайсалып бiрте-бiрте бұға түсуде. Ендi сәлден соң Жер-дүниенi қара бауыр бұлттардың билiгiне қалдырып, жотасын көрсетпей кетерi анық. Ал, әзiрге оның сәулесi көкжиектiң қос бүйiрiнен шығандап шығып сүзiскен көк көкжалдарының бiр-бiрiмен айқасын анық көрсетiп тұр. Бауыржан бұлттардың мұндай шайқасын Алатаудың ұшар басынан көбiнесе көктемеде көретiн. Аспандағы айқастың ақыры тегiн кетпейдi. Аюша арпалысып, бураша буырқанған бұлттар жел көтерiп кетпесе, қар болып қара жерге түседi.
Логвиненко да тегiн ақылдымси қалған жоқ. Бауыржанның ойларын түсiрiп жүрген екi дәптерiн сұрап әкеткенiне бiраз болса да, "жоғалтып алдым" деп қайтармай қойған. Пiкiрiн де айтпаған. "Демек, менiң дәптерлерiм жоғалмаған, "жоғарылап" кеткен болды. Iшiндегiсiнiң буымен бiлдiрiп тұрғаны солардың пiкiрi ғой". Бұл ой Бауыржанды сәл тiксiндiргенiмен артынша "Арнайы бөлiмдегiлер оқи ма, жоқ арнайы мамандар оқи ма, бәрiбiр менiң ол жазбаларымда Армияның да, партияның да тiптi, бiр Алланың да жарғыларына қайшы келетiн дәнеңе жоқ" деп қолын бiр-ақ сiлтедi. Алайда, адамдар қоғамында, оның iшiнде әскерилер арасында да жақсылығыңды айтып, жабыла мақтап тұрып, мақтамен бауыздап кететiндер көп. Бауыржанның ерлiктерi талайды көргендердi де таңқалдырып, ауыздан ауызға аңыз болып тарады. Бiрақ оған Кеңестер Одағының батыры атағы берiлмедi. Ол бiр-ақ рет ұсынылып, құжаттары жолда өртенiп, әлде жоғалып кететiн, соғыс жағдайындағы кездейсоқтықтың құрбандығына жатқызуға болар едi. Панфилов, Чистяков,Серебряков сияқты дивизия командирлерi бiр емес, бiрнеше рет ұсынды.
Демек, бедел-парасаты мол үш бiрдей генералдың сөздерiнiң өтпеуi ешқандай да кездейсоқтық емес, заңдылық. Ол заңдылық бойынша Бауыржанға батыр атағын беру – ұлтшылдың беделiн өсiру деген сөз. Ерлiгiн ел дәрiптеп жатқан полк командирiнiң екi жылдан берi қан майданда жүрiп алған марапаты Қызыл Ту орденi ғана екенiнiң шын себебi сол. Ал, оның жоқтағаны халқының жоғы болса да, жыртқаны бүкiл елдiң намысы едi. “Менiң халқым күштi болса, Одақ та күштi” деп жыртып жүр сонда. Демек, әдiлетке салса, ол нағыз мемлекетшiл патриот екенi имандай шындық. Бiрақ бұл шындық оларға тиiмсiз. Тiптi, "батырымыз өз сыбағасын өзi теуiп жүр" дейтiндер қандастарының арасында да бар. Ал, халқының кетiп жатқан есесiне көз жұмып қойып бұл өз сыбағасын алды дейiк. Сонда не болады? Асаған сыбағасы "аузын қисайтып" жiбергендiктен жөнi түзу сөз шықпай бергендерiне ырзалықтың белгiсi ретiнде құр ыржиып қол соға берген бола ма? "Бұл, трагедия!" деп дауыстап жiбердi Бауыржан: "Ұлттық трагедия!". Ащы даусы қатты шыққанымен түн тұмшалаған орыс орманының ортасында оны тыңдар құлақ жоқ едi. Тек сiрескен қыстың шыңылтыр аязды ауасы ғана әуелетiп әкетiп жатты. "Ер жiгiтте қырық мүйiз болады" деушi едi, қырық мүйiздi арыстарымыз қалмағаны ма? Кешегi көргенi сол мүйiзi өспегендердiң қол соға беруiнiң жемiсi. Өсiп бара жатырмын деп өшiп бара жатқан бейкүнә ұрпақ…
Жаңа қабылданғандардың жауынгерлiк дайындығын байқау жалпы алғанда жақсы өттi. Бұл жайында жоғарыдағыларды қанағаттандырарлық, тiптi жүз жылдан кейiн архивтен көтерiп оқитын ұрпақты да риза етерлiк ақпарлар толтырырылатыны анық. Бiрақ штаб бастығы басқарған жаттығулар жобаланған күйiнде жып-жылмағай өткенi командалық пункттен бақылаған Бауыржанға ұнамады. Жаттығу бiткен соң жақындап келiп бөлек-бөлек сапқа тiзiлген роталарды аралаған командир бiр бөлiмшенiң алдында бұлбұлдай сайрап тұрған кiшi саяси жетекшiнiң әңгiмесiне бiраз кiдiрдi. Ұрыс көрiп ысылмаған жiгiт үлкен бастық келген соң тiптi барын салып бақты. Бiрақ қанша лапылдатқанымен тез сөнетiн жалпылдақ отынның жалынындай жалтылдақ сөздер жауынгерлер жүрегiн шоқтандырмады. Өз шенiне мардымсып, өз үнiне масайраған бұл жiгiт саптағылардың намысын қамшылайтындай бiр мысал келтiрген жоқ. Халқының не тiлiн, не тарихын бiлмейтiнi көрiнiп тұрды. Жауынгерлер белгiсiз бағытқа ұрылған бильярд шарларындай құр сыртылдаған құрғақ дыбыстарды құлақтарынан асырып жiберiп жатқанын құлықсыз кейiптерi мен оты оянбаған жанарлары айқын аңғартты. Мұндайлардың әскери машығының әлi бiр қайнауы iшiнде екенiне төзуге болады. Ұрысқа дейiн тағы да жаттықтырып, иiн қандыра түсуге мүмкiндiк бар. Ал, үтiктелiп кеткен рухын аз күнде қалай бүршiк атқызарсың? Оған өз ұлтының рухы жат, өзгеге де кiрiкпеген, ал дүбәра рух деген болмайды. Сондықтан мұндайлар өткен жолғы "халкомнан" да қауiптi. "Халком" аталып кеткен командир жауынгерлерiн жауып тұрған оққа айдап, қынадай қыра берген, қыра берген… Өйкенi, ол бұйрықты ойланбай орындауға тәрбиеленген көзсiз сенiмнiң құлы. Ал, мына жiгiт сылдырап сөзден ұстатпайтынның өзi екенi көрiнiп тұр. Сөзiн ұстай алмаған соң кiнәлау да оңай емес. Бiрақ өзiне шық жуытпауға машықтанғанымен мына өрiмдей жастарға жiгер беруге дәрменсiз. Рухы жоқ болмыс – боркемiк. "Рух – соғыстағы ең қуатты қару болса, рухсыздық – ең қауiптi жау".
Өз халқының құндылықтарына бейтарап адам басқалардың асылын бойына сiңiре алмайтынын, өйткенi, өзгенi тану өзiңдi танудан, өзгенi сүю өзiңдi сүюден басталатынын ол ерте бiлдi. "Казаченек" деп еркелететiн бурныйлық көршiлерiнен бәрiбiр кемсiту сезiнетiн Бауыржан “менiң олардан нем кем?” деген сұраққа жауапты сол кезден-ақ iздей бастады. Аумалы-төкпелi замандардың аударыспақтарында халқының есесi кете беруiнiң себебiн ұғынбаққа қолы жеткен кiтаптарды ашқарақтана оқыған ол, бұл дүниенiң о бастан-ақ бүлiнiп, бәрi бытысып кеткенiн аңғарды. Өз халқын басқалардың есебiнен бақытты етуге қырқысып жатқандардың әрқайсысының жалаулатқан өз шындығы бар. Әрине, күштiнiң шындығы биiктен желбiрейдi. "Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлейдi". Ал, Бауыржанның халқының сөзiн сөйлегендер атылып кеттi. Олардың орнын басқандар басқаның сөзiн сөйлеуге мәжбүр, олар тәрбиелеген дүбәралар басқаның шындығын өз шындығым деуге пейiл. Бауыржан түйген ақиқат осы. Сондықтан да абсолюттiк шындық керек деп шырылдап жүрген жайы бар. Өз халқының есесiн тек адамзаттық ақиқат тұрғысынан қумаса, топшысынан қағып тастайды шындығы үстемдер. Адамды адастырмайтын әдiлет сол абсолюттi ақиқатта. Ана сүтiмен адамдық емiп, ата тегiнен әдiлдiк мұралаған ұлан Алатауынан қыран болып түлеп қияға самғағанда қиянат атаулыға төзбестiк танытып бақты. Дәлiрек айтқанда, қиянатқа ұшырамаудың бiрден-бiр жолы өз мiндетiңдi мiнсiз атқару екенiн ұқты. Ол солай көп әдiлетсiздiктiң алдын ала бiлдi, ал орынсыз ұрынғандармен орынды есеп айырысудан тартынған жоқ. Тiптi, өзгелерге ара түсе алғаны үшiн оны “интернационалист” деп те атады. Ал, Қазақстанға келiп, жерлестерiмен бiрге майданға аттанғалы берi оны “ұлтшыл” деп жүр. Сонда қалай, басқаларға араша түссе, интернационалист те, өз қаракөзiнiң құқын қорғаса ұлтшыл ма? Мұның екеуi де Бауыржанның биiк болмысынан туған әрекет екенiн неге түсiнбейдi? Бауыржан кеш ұқты. Әдейi түсiнгiсi келмейдi екен. "Бидайдың барар жерi диiрмен" дегендей мемлекеттiң саналы солдаттарының жүгiнерi де ел заңы. Өкiнiшке орай, халқының конституциялық құқықтары сөз жүзiнде ғана еске алынып, ал iс жүзiнде оны орындауды ұят, тiптi, қылмысқа пара-пар көретiн түсiнiк пен тәртiп қалыптасып келе жатқан сияқты.
Иә, сол түсiнiктегi қандастары арқасынан қағып айтқан мақтау сөзге мәз, жүйкесiне жегi құрт түсiретiн жат музыкаға мас болғаны сонша Жер бетiнен жайлап жойылып бара жатқанын сезе алатын емес. Осылай кете берсе, олар мекендеген кен қойнау тауларды, керiмсал далаларды, еркiн аққан ерке толқын өзендердi мүлдем басқалар иемденедi. Анау Алтай мен Арқаны, Атырау мен Жайықты, Ертiс пен Сырды, Қаратау мен Алатауды қыс түскенде жылы өңiрге, одан мыңдаған шақырым керi сапар шегетiн құстардың киелi бекетi – қанаттылардың қан базары Ақсу-Жабағылыны, жағалауында мың жылдық аршалар өсетiн асау өзендерi арқыраған Ақсайы мен Көксайын, әр сайының тұмалары сәби сорған емшектей бүлкiлдеген Мыңбұлағын, жуасы бұрқыраған Жуалысын, кең қолтық қазақ жерiнiң барлығын сондай бiр шаталар жайлайды. Олар да сол кешегi көшпендiнiң ұрпағы. Бiрақ тегiн сезiнбейдi де, мойындамайды. Айтсаң намыстанады. Өйткенi, ата-бабаларының сол асқар таулар мен сайын далалардың сәнi болған қайтып қайталанбас өркениетiнiң тамыры үзiлген, ел қорғаған ерлiктерiнiң дәстүрлерi тәрк етiлiп ғасырларды әлдилеген ән-жырларының сарыны санадан өшiрiлген.
Мынау аязы кiжiнген ашулы қыстың суық сiрестiрген сұсты түнiнде Бауыржанның iшi от болып жанып, кеудесiнде қаншама жылдардан берi берiш болып қатып қалған шерiн қозғады. Бүкiл жан-дүниесiн атойлатқан сол запыран ақырында келiп алқымына өткiр өксiк болып қадалғанда батырдың көкiрегiнен күйiктi леп, көзiнен күйiнiштi жас шықты. Бауырында өскен әжесi Қызтумас өмiрден озғанда да егiлген, бiрақ дәл бұлайша күйремеген. Қанды көйлек достарын жер қойнына бергенде де күйзелген. Бiрақ дәл осылай қабырғасы сөгiлмеген. Әжесi өлсе, әкесi басынан сипады, қаруласын көмсе, қанаттасы қасында тұрды. Бұл жолы жалғыздықтан жаны жасып, жүрегi шошып жылады. Есiмi өз жауынгерлерiне жалау болып, жауына үрей себе бiлген қаһарлы командир кенет сұмдық дәрменсiздiгiн сезiндi. Алайда, ол қара түн тұмшалаған қалың орманның арасындағы жауынгерлiк дәрменсiздiк емес едi. Алатаудың жартастарында лақша секiрiп өскен, Шудың көз ұзатпайтын қалыңы мен Бетпақтың көз тоқтатпайтын жайдақ жазықтарында күн бұлтта желдi, түн ашықта жұлдыздарды бағдарға алып, кез келген ауылды тауып келе беретiн, тiптi, Түркiменнiң құмы мен Қиыр Шығыстың тайгасында да жол тапқан Бауыржан қайта табиғаттың ұстаған ашуы мен аяқ тұсаған асуын ұрыс үстiнде өз пайдасына қызмет еткiзе алатын. Бұл күнде оны күнделiктi араласып-құраласып жүрген дос-жаран туыстары, тағдыры сенiп тапсырылған мыңдаған жауынгерлерi, ерлiгiне тәнтi болған миллиондаған халқы көңiлiне медеу тұтады. Соған қарамастан барар жерiне жетпей бөтен бекеттен түсiп қалған жолаушы сияқты өзiн мынау қақтығысы бiтпейтiн қарау дүниеге кездейсоқ келген бiреудей сезiнетiн күндерi көп болып жүр оның.
Содан да ол өзiн балтаның жүзiнен ұшқан жаңқадай қауқарсыз, жел тұрса, желп-желп еткен күзгi жапырақтардай салмақсыз, мынау меңiреу әлемнiң жаратылуына себепшi болған мың-миллион қопарылыстардан ұшқындап, ешқайда қона да, қосыла да алмай шетсiздiк пен шексiздiкте бағыт-бағдарсыз лағып қалған метеориттей тұрлаусыз көрдi. Дүниеде жан жалғыздығынан асқан бейшаралық жоқ екен. Қайта бұдан гөрi метеориттiң халi тәуiрiрек шығар. Қанша дегенмен жаратқанның жазмышымен жүрiп жатқан ғаламның ол да бiр үйлесiмi ғой әйтеуiр. Ал, жердегi жұмыр бастылар сол үйлесiмдi сезiнуден қалып бара жатқан соң Бауыржанның жетiмсiреген жаны жоғын биiктен iздеп, пәсең тартқан көңiлiнiң көк дөненi көзден жырақ ғажайып ғаламға қарай текiректейдi. Сол кезде жел улеген жан сарайына шуақ кiрiп, сәулесi жүлге-жүлгесiн қуалай жүгiрдi де, миынан мың-миллион торғай бiр мезгiлде ұшып шыққандай басы шуылдап қоя бердi. Адам шыдас бермес бұл шуыл миын бiз сұққандай шабақтап, жүрек соғысын жиiлеткен Бауыржан қараңғыда әрi-берi қарбанып, қолы таяныш етерлiк ештеңеге iлiкпеген соң бар күшiн бекiтiп, ашық жолдың үстiнде тұра қалды. Абырой болғанда бұл күйi ұзаққа барған жоқ. Құдай оңдап дүрсiлдеген жүрегi бiрте-бiрте қалпына түсiп, жиырылған жүйкесi жазылып, тiтiркенген санасы да сараланды. Ендi оған басын құс базарына айналдырған шуыл ой салмағынан мүжiлiп, ерқашты болған миының шаршап сыр берген қыңқылы емес, қанаттылармен қатар қалықтаған көк дөненiнiң көктi жарған дүбiр-қиқуы болып естiлдi. Сол дүбiр-қиқу бiрте-бiрте даусы жарасып әуенi үйлескен он екi мың ғаламның ғажайып бiр хорына қосылып кете барды. Бұрынғы естiп жүрген замандық ән-жырлардан табиғаты тосын ғаламдық сарын Бауыржанның жан жайлауын жайлап, бүкiл болмысын баурай бастады. Осынау ғаламдық сарын қайдан шығып жатыр, олар қайда, қалай ғажайып ансамбльге айналып тұр?! Мұның бәрi беймәлiм, көзiне маңып жүрген метеориттерден басқа ештеңе елестер емес. Бiрақ бұл жәнаттық күй де ұзаққа бармады. Кенет сол ғажайып сарын бәсең тартты да, оның иесi анық сұлбаланды. Шетсiздiк пен шексiздiкте маңып жүрген метеорит емес, Абай екен.
“Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп,
Сөзiмдi ұғар елiм жоқ,” – деп әлi күнге дейiн күңiренедi. Өз замандастарына ұқтыра алмағанын бүгiнгiлер қабылдар деп, ана жақтан тоқтаусыз сигнал жiберiп жатқан сияқты шерлi шал. Бiрақ оның бұл сигналын құлағымен естiп, жүрегiмен қабылдай алуға қабiлеттiлер қаншалықты екен? Өйткенi, естiмегеннiң арманынан естiгеннiң арманын одан ары ұлғайтатын бұл сарынды есту үшiн айрықша сезiм керегi де анық.
Ғаламдық сарыннан суырылып шыққан Абай әуенi әуелгiсiнен өзгердi. Ол ендi:
“Көп жылдар көп күндi айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзiм талған,” – деп қиналғанымен сарыуайымға салынбай:
“Көптiң бәрiн көп деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңiп, көк иттi күнде жемек.
Әдiлет пен рахым көп азығы,
Қайда көрсең болып бақ соған көмек,” – деп азаматты адамзатын рухани аздырмау әркетiне шақырады.
Алыстан талып жеткен әуен Бауыржанның жан сарайын сәулелендiрiп, сәулетiн асыра түстi. Жаншылған жанын қуаттандырып, басылған рухына қимыл кiргiздi. Сол-ақ екен, айтып тұрған Абай емес, Шымкенттiң мектеп-интернатында оқып жүрген өзi болып көрiндi. Осылай бiрде ойлы, бiрде мұңлы, бiрде әжуа мақаммен өлең оқудан бiр жалықпайтын. Қазiр солардың барлығы iшiнен қайта түлеп, жан сарайынан жаңғырып шығып жатыр.
Абай өлеңдерiнiң тереңiн ол ұстазы Тәңiрберген Отарбаевтан ұғынды. Өзi де ақын адам едi, жарықтық. Оқушыларға өлең оқытып қойып, балқып отырып тыңдайтын. Содан соң сол өлеңдердi бал-бұл жана талдап, шәкiрттерiн өлең туған әлемге жетелейдi. Әсiресе, Абай мен Мағжанды айтқанда қатты қызынады. “Абай мен Мағжанның ойын ұғып, жанын сезiнсең нағыз қазақ боласың” дейтiн.
Түркiстан – екi дүние есiгi ғой,
Түркiстан – ер түрiктiң бесiгi ғой.
Нағыз қазақ боламын деп жатпай-тұрмай өлең жаттайтын Бауыржанның балалықтан ертерек есеюге асыққан көңiлi алып-ұшып, Мағжан жырларымен бiрге бүкiл Тұран өлкесiн аралап кететiн.
Тәңiрберген ағайдың өзi интернат жатақханасында Бауыржандармен көршi бөлмеде тұрды. Қыстың ұзақ кештерiнде оған педтехникумда сабақ беретiн Жүсiпбек Аймауытов келiп, екеуi емен-жарқын әңгiме-дүкен құрады. Қоңыр жүздi, қою мұртты, осынау көркем кiсiнiң қолын алып, сәлем берiп, отырып әңгiмесiн тыңдау бiр ғанибет едi. Екi ұстаздың әңгiмелерi Бауыржанның бала күнгi естiген-бiлгендерiмен жымдасып, көкiрегiне тоқыла бердi, тоқыла бердi… Кейде ұстаздары бұларды шығарып жiберiп, әңгiмелерiн одан әрi тереңдетiп кететiн. Бiрақ екi ортадағы қабырғаның жұқалығы сонша, түбiнде жататын Бауыржан жалғасын бәрiбiр еститiн.
Қазақ ағартушыларының ол кездегi ортақ әңгiмелерi – халқының отарлану тарихы мен азаттық жолындағы күрестерi туралы болатын. Ресейдегi 1905 жылғы төңкерiстер оятқан қайраткерлерiмiздiң ел тәуелсiздiгi жолындағы күрестерiн сағынышпен еске алатын Жүсекең. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастап, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясының талаптары шiркiн iрi едi ғой. Амал не, Алаш автономиясы туралы ойлар да қазақ оқырмандары қалағандай жүзеге аспады. Ендi мiне, Одақтас Республика атанса да, кешегi көшпелi ел өзгелерге қарағанда қақпақылға көп түсiп қала бередi. Кеткен есенi толтырудың есебi елдiң оқу-бiлiмге ынтасын оятып, рухын ұйықтатпау арқылы түгенделетiнiн көкiрегiн қарс айырылған күрсiнiспен мойындайтын қайран арыс.
Күнi кеше ғана едi, осы сөздердi естiп, "Оян, қазақты" жаттап өскенi. Ендi келiп ол заманмен екi арада құрдым пайда болған сияқты. Ол жақсылар берi өте алмайды, жастар әрi өте алмайды. Содан ба, қазақтың бiлiмi күшейгенiмен, рухы әлсiреп барады. Бiлiм берушiлер көбейгенiмен, ағартушылар азайып кеттi.
Ленинградқа оқуға бара жатқанда Мәскеуде аялдап, Тұрар көкесiнiң үйiне барғаны есiне оралды. Көкесi амандық-саулықтан соң ел туралы көп сұрағанымен әңгiменi тұнжыраңқы тыңдады. Тiк қарайтын өткiр жүзiмен, жалт-жұлт еткен жiгерлi сөзiмен небiр мықтының мысын басатын ағасының кеш бойы еңсесi көтерiлмегенiн жұмыс бастылығына жорыған сонда. Ал, қолына мондалинасын алып, Жуалы-Түлкiбастың әйелдерi жора бозада жиi айтатын әйгiлi әуендi ауылды сағынғанынан тартқан шығар деп ойлаған. Ғасыр басындағы небiр аласапыран жақындарынан айырып, жандарын жаралы еткен ана-жарлар:
“А-а-а-й, Жалған-ай,
Жанға дауа болмады-ай!
Жақсы – жаман арасы,
Ажырамай қойғаны-ай!,” – деп өзегi мұңмен өрiлген өкiнiш толы әуендi күмiс көмейлерiнен сырнайдай сызылтатын. Бауыржан мұның бәрiнiң сырын кейiн ұқты. Жақсысы жаманға мiнгескен ғасыр трагедиясын алдымен ауыл әйелдерiнiң сезiмтал жүрегi сезiптi.
Қазақтардың iшiнен уағында ең iрi қызметке қол жеткiздi дейтiн Тұрар көкесi де құрдымның жиегiне неғұрлым жақын келсе, соғұрлым халқына қол ұшын бере алатынын бiлiп жүрген екен ғой.
Өмiр дегенiң осылай жақсы мен жаманның "ойыны" болып шықты. Сол "ойының осылғырдың" қазақ деген халықты қақпақылға салғанына қаншама заман болды? "Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы" деп ар тазалығын әрқашан биiк қойған халық қалайша өз көрiн өзi "ләббай тақсырлап" қазатын күйге түстi?
"Жоқ, олай болмайды! Ұлт рухын жоғалтпау әр перзентiнiң парызы!". Перзент ретiндегi көтеруге тиiстi жүгiнiң салмағы адам шыдас бере алмастай ауыр екендiгiн соғыс Бауыржанға көзiн шұқып көрсеттi. Оған дейiн бiлдiм дегенi бекер екен. Ол бiлгендерi Мәскеу түбiндегi жан берiсiп, жан алысқан қанды қырғындарда сезiнгендерiне қарағанда баланың ойыншығы болып шықты. Бiрақ халық та салмағын көтере алатын азаматына салады. Дәлiрек айтқанда, санасында сәулесi бар азамат қана перзенттiк борышын болмысымен сезiнiп, оны өтеуге өз еркiмен жегiледi.
Бауыржан Мәскеу қорғанысынан осыны ұғынды. Бұл шайқастар оған неше ықылым заманнан берi өз жаратылысының болмысына бойлай алмай бейшаралық танытып келе жатқан жер бетiндегi жаны бардың iшiндегi жалғыз саналысының көп қыры мен сыры өмiрдiң ең шиыршық атқан көрiнiсi болып табылатын өлiммен бетпе-бетте ашылатынын алақанға салғандай етiп айғақтап бердi. Бар ақыл-ойын қарсыласын құртатын қару-жарақ жасауға жұмсап, екiге жарылып алып қырқысып жатқан адамзаттың жеңiсi мен жеңiлiсi, дамуы мен азуы, күштiлiгi мен әлсiздiгi, әдiлдiгi мен қараулығы жан дүниесiнiң байлығы мен кедейлiгiне тура пропорционал екен. Жақсылық пен жамандық дегенiңнiң күресi әрi-берiден кейiн бiр жiгiттiң басында өтiп жатады.
"Сенiң атаң қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен болған" деп бұрынғының қариялары әңгiменi бекер бастамайды екен. Жастар бабаларының рухынан қуат алып, жақсы iстерiн жалғастырсын деп айтады екен. Бұл дәстүрдiң орны соғыста өте-мөте бөлек. Бiр жауынгер "Әруақ" деп айқай салса, қалғандырының да арқалары қозып, жау шебiне атойлап кiргендерiн Бауыржанның талай рет көзi көрдi. "Сендер өз тiлдерiңде не деп айқайлайсыңдар?" деп сұраған Логвиненко. Бауыржан жақсылап түсiндiрiп бергенде ұрысқа шақыратын ұран сөздердi түгiн қалдырмай жиып жүретiн саяси жетекшi осынау бiр ғана сөздiң соншалықты қуаттылығына қатты таң қалған.
Қара жолдың бойын қуалай қоныстанған деревняның ұзынша көшесiн әрлi-берлi кезiп жүрген командирдiң денесi дiр ете түстi. Бұл түн тереңдеген сайын түтей түскен аяздан тiтiркену емес, ой тереңдеген сайын тұтаса түскен рухтардың шамырқануы екенiн Бауыржан байырқалаған жоқ. Сiлкiнiп алды да, ой тереңiне одан әрi бойлай бердi.
Қазақта рухани қуаты мол құндылықтар қаншама?! Бiрақ жетпей жатыр жауынгерлерге. Ең болмаса Абай қарияның өлеңдерi мен қара сөздерiн қалта кiтап етiп жiберсе болмас па? Қазiргi майданды көрмей-бiлмей көпiртiп жазып жатқан шындықтан шалғай шығармалардан сол артық. Әрине, бүгiнгi соғыс шындығы халыққа бүгiн жетiп жатса қанекей. Бiрақ халқымыздың мануфактуралы соғыс батырларын суреттеген тәсiлмен машиналы соғыс жауынгерлерiнiң болмысын аша алмайтының да ақиқат. Демек, соғыс тақырыбындағы қазақ әдебиетi жаңа сипатта қалыптасуы тиiс. Оны бiреу бастауы керек. Бiрақ кiм, қашан бастайды? Бауыржан кеңесшiлiк қызметiн ұсынып, қазақ жазушыларына жалпылап та, жекелеп те хат жазды. Алайда, "таз таранғанша той тарқайтын" түрi бар. Олардан гөрi соғыс өз жерiнде өтiп жатқан орыс қаламгерлерiнiң ынта-ыждаһаты да, дайындық-дәстүрi де мол болып шықты. Александр Бек дегенi арнайы iздеп келiп, алғашқы әңгiмелескен соң-ақ айырылмай қалды.
"Соғыс шындығын жазғыңыз келедi екен, ендеше, оқ астында өзiңiз де болып, жауынгерлердiң сезiнгенiн сезiнiп көрiңiз" деген талабын да орындады. Соғыс туралы сауатты баяндай алатын командир қазақтың әңгiмелерiн тыңдап, тыңдап алып, оның аты-жөнiн өзгертiп, ортақ кейiпкер жасармын деген бастапқы ойынан да айныды. Өйткенi, "жүз поптан бiр поп жасау" принципi бұл жерде жүрмедi. Бауыржан қатардағы командирдiң бiрi емес, Мәскеу қорғанысының мысалдарымен бүгiнгi психологиялық соғыстың болмысы туралы жүз командирге татырлық пайымы мен тұжырымдары бар заманының нағыз зиялы офицерi болып шықты. Сөйтiп, Бауыржан оқиғаны баяндап берушi бас кейiпкер ғана емес жобаның авторына да айналды! Бек оның дегенiне көнiп, "әскери-ағартушылық құрал" жазуға көндi. Әлемдiк әдебиетте ондай көркем оқулықтың үлгiсi бар ма, жоқ па деп қарап жатпады. Өйткенi, ондай оқулықтың тап қазiр ауадай қажеттiгiне Бауыржан имандай сендiрдi. Ал, ол қалай жазылу керек деген көңiлiндегi күдiктi осынау әдеби де, әскери де сауаты мол, не iстеп, не қоятынын айқын елестете алатын қайсар қазақтың сенiмi сейiлттi. Бауыржан болса, Бектiң оқ-дәрi иiскеп, құлықты тыңдаушы бола бiлгенiнен үмiттенiп, оған Мәскеу қорғанысында батальоны басынан кешкен шайқастардың сабақтарын түртiп жүрген жазбаларын бердi. Сондай-ақ, Бек қана емес, соғыс тақырыбын жазуға талап қылған өзге жазушыларға да көмекшi құрал ретiнде соғыс психологиясы туралы сауат ашар жаза бастады. Бауыржан сол кезде барып Ахмет Байтұрсыновтың "Тiл – құрал" мен "Әдебиет танытқышты", Мағжан Жұмабаевтың "Педагогиканы", Жүсiпбек Аймауытовтың "Тән жүйесi, жан жүйесiн", Халел Досмағанбетовтың "Табиғаттануды" не үшiн жазғандарын түсiндi. Ақын-жазушылар мен қайраткерлердi ғылыми-педагогикалық еңбектер жазуға мәжбүрлеген ұлт алдындағы ұлы парыз екен…
Осынау бiрегей жоба авторының әрi тапсырыс берушiнiң мiндетi мұнымен бiтпедi. Бас кейiпкер һәм баяндап берушi ретiнде ол романдағы әскери және психологиялық шындық пен дәлдiктi де өз жауапкершiлiгiне алып, iс жүзiнде шығарманың көркем болуының реңкi мен мөлшерiн белгiлеуiне де тура келдi. Бiрақ, Бауыржан әрiсi адамзаттың, берiсi совет халқының игiлiгi үшiн осындай бiр тосын кiтаптың жазылуына барын салғанымен оның ертерек жарық көруi үшiн тең авторлық құқықтан бас тартты. Тек романның қазақша нұсқасына баяндаушының құқын кеңейтiп, аудармашыға орысша мәтiнмен тұсалып қалмайтындай еркiндiк әпердi.
Жұмыс қатты iстелгенiмен баяу жылжыды. Бек қанша еңбекқор болса да, жазғаны Бауыржанның биiк талғамынан шыға бермедi. "Соқырға таяқ ұстатқандай" етiп түсiндiре бiлетiн командир – өз батальоны бастан кешкен ұрыс суреттерiнен иненiң жасуындай жасандылық пен жалғандықты тап басып тани қоятын жiтiкөз редактор да едi. Қалай болғанда да, "…үстiне сұр шинель киген солдаттарға арналған бiр жақты әскери кiтап емес, ұлтты тәрбиелеу мақсатын көздейтiн… көпшiлiк оқырманға арналған кiтап" жазылып жатты. Бауыржан оның алғашқы нұсқасын көптеген ескертпелермен қайтарса да, шығарманың шығатынына көзi жеттi. Бiрақ командирдiң көңiлi бұған да қанағат тұтар емес. Александр Бекке жаздырып жатқан әскери-ағартушылық құралы әлi талай талқыдан өтiп жарыққа шыққанша уақыт өтiп барады. "Соғыс және бейбiтшiлiктi" жазған Лев Толстой неткен бақытты едi. Ол өзiнiң Ресейiне ғарыштық биiктен қарай алды. Ал, Бауыржан амбразураның көзiнен қарауға мәжбүр. Бұл жер тесiктен жауынгер жауды ғана көруi керек. Жеңуге қабiлеттi жауынгерлер алыста, Отанында даярланып жатыр. Оны даярлаушылар алғы шеп командирiнiң жанайқайына құлақ асса болмас па? Талап етiп отырғаным халқымның конституциялық құқы ғана ғой!
Бауыржан кiлт тоқтады. Деревня сыртындағы кешегi жаттығу өткен траншеяға тура келiп тiрелiп тұр екен. Ендi бiр аттаса, омақаса құлары анық. Ол жаңа оянғандай жан-жағын бағдарламаққа айнала көз жүгiртiп едi, кешқұрым қарауытып тұрған қалың орман да тұмшаланып қалыпты. Айсыз-жұлдызсыз түнектi арқыраған аяз билеп тұр. Тiнiнде су қалып қойған ағаштар аязға шыдай алмай қарс-қарс айырылып жатыр. Бұл тарсылдан беймезгiл оянған тоқылдақ тоқпағын тоқылдата бастады. Ұйқысы қашқан аш бөрi ұзақ ұлыды. Осының бәрiн ендi аңғарған Бауыржанның денесiн аяз ширата түскендей шиыршық атты. Көктi шарлаған көңiлiнiң көк дөненi пырақ болып оралып, бiр орнында тұрар емес. Шабыс тiлейдi. Бауыржан жұмыс үстелiне асықты. Үйге кiре сала шақпағын шағып, өзi өшiрiп кеткен жетiншi шамды жақты. Содан соң сырт киiмдерiн шешiп, манағы орнына отырды да, қағазын жайып, қаламын қолына қайта алды. Кеудесiн кеу-кеулеген көп ой көк дәптерге қаздай тiзiлiп түсiп жатты. Бұл хат "Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетiне…" деп басталды.
Елен ӘЛIМЖАНОВ