IЗIН ТАПТЫРМАЙ ЖYРГЕН 1 МЛРД. ТЕҢГЕ

IЗIН ТАПТЫРМАЙ ЖYРГЕН 1 МЛРД. ТЕҢГЕ

IЗIН ТАПТЫРМАЙ ЖYРГЕН 1 МЛРД. ТЕҢГЕ
ашық дереккөзі
212

ЕЛIМIЗДЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ӨРШIП БАРАДЫ

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық iндетi аяққа салынған тұсау iспеттес. Қоғамды iштен iрiтiп, қолға алған бастаманың аяқсыз қалуына керi әсерiн тигiзетiн қауiптi кеселдiң зияны да шаш-етектен. Оған қарсы күрестi күн сайын қарқынды түрде жүргiзбесек, сыбайластықтың тамыры тереңге жайыла түсетiнi айдан анық.

Осы бағытта талай жабулы қазанның бетiн ашқан "Нұр Отан" ХДП-ның жанынан құрылған Жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi қоғамдық кеңестiң тыңғылықты жұмысы өз нәтижесiн берiп келедi. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен алдын алу шарасы елiмiздiң барлық өңiрiнде жүзеге асып, арнайы бақылау бекеттерi ашылған. Қара басының қамын күйттеген кейбiр жемқорлардың мемлекеттiң болашағы мен қауiпсiздiгiне алаңдап, бас қатырмайтындығы белгiлi. Мұндайлар сыбайластықтың арқасында бiреуге ор қазып жүрiп, күндердiң күнiнде сол орға өзiнiң топ етiп түсiп кететiнiн ойламаса керек-тi. Әйтпесе, мемлекеттiң бюджетiне небәрi жетi айда 3 млрд. теңге шығын келмес едi-ау…

Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнде өткен баспасөз брифингiнде Қаржы полициясының ресми өкiлi Мұрат Жұманбай сыбайлас жемқорлықтың өрши түсуi соңғы уақытта қазынаға 3 млрд. теңгеден астам шығын әкелгенiн, сондай-ақ бұл ақшаның 1,9 млрд.-ы тергеу амалдары барысында қайтарылғанын мәлiмдедi. Ал, қалған 1 миллиард теңгеден астам ақша қайда iзiн суытып үлгерген? Қым-қуыт жолдар мен әртүрлi тәсiлдердi меңгерген тәжiрибелi залымдар қашанғы тайраңдап жүрмек? Құмға сiңiп кеткен 1 млрд.-тан астам теңгенiң жұмбақ иелерi де уақыт өте келе судың бетiне шығатыны сөзсiз.

Мұрат Жұманбайдың сөзiне қарағанда, бүгiнге дейiн тiркелген 1107 қылмыстық iстiң 986-сы сотқа жолданған. Оның iшiнде қолын лас iске былғаған 407 адам абақтыға жабылыпты. Әсiресе, қоғамды пара беру мен пара алу қылмысы дендеп бара жатыр. Былтырғы жылы қылмыстың осы түрi бойынша 276 қылмыстық iс қозғалған болса, биыл бұл көрсеткiш 322-ге артқан. Ал жауапты тұлғалардың қызмет бабын асыра пайдалануы бойынша 170 қылмыскер мен мемлекет бөлген тендердi асап қалуға тырысқан 225 адам заң алдында жауап беруi тиiс. Себебi, жеп үйренiп қалған ауыздар 714 млн. теңгенi қылқытып жiберсе керек. Олардың санатында аты-жөнi аталған Астана қаласы тұрғын үй департаментiнiң бұрынғы бастығы Святослав Ногай ескi үйлердi бұзуға қатысты бiрқатар жалған актiлерге қол қойып, мемлекетке 64 миллион теңгеден астам шығын әкелген. Сондай-ақ, Қаржы полициясы бұған дейiн Ауылшаруашылығы министрлiгiнiң агроөнеркәсiп кешенiндегi Мемлекеттiк инспекция комитетiнiң бұрынғы төрағасы Серiк Сүлейменовтiң үстiнен екi қылмыстық iс қозғаған болатын. Ол үстiмiздегi жылдың мамыр айында Қаржы полициясының қызметкерiне пара беруге талпыныс жасағаны үшiн ұсталса, 2-маусымда қызметтiк өкiлеттiлiгiн асыра пайдаланып, Павлодар облысындағы Қашыр нан қабылдау кәсiпорнында үш мәрте заңсыз уақытша басқару енгiзiп қана қоймай, "Зерновой интервенционный пул" ЖШС-iне тиесiлi құны 68,2 млн. теңге тұратын 5200 тонна астықтың бүлiнiп, құны 168 млн. теңге тұратын 7 мың тонна астықтың талан-таражға түсуiне мұрындық болған. Алайда, қаншама лас қылмысқа қолы барған Серiк Сүлейменовтiң былық-шылықтары мұнымен таусылар емес. Оның жеке кәсiпкерлерге жүргiзген рейдерлiк iстерi мен тұрақты түрде пара талап етуi туралы түсiп жатқан шағым хаттар да көп. Бұл iспен тiкелей айналысып жатқан тергеу мекемелерi арыз-шағымдар бойынша тексеру амалдарын жүргiзуге кiрiсiп кеттi.

Бiр өкiнiштiсi, Қаржы полициясы құрықтаған қылмыстық iстердiң көбi мемлекеттiк лауазымды әрi жауапты тұлғалардың қолымен iстелген. Мәселен, "Алматы әуежайы" АҚ-ның президентi Айбол Бекмұхамбетов әуежайдың бұрынғы басшысының мекеме қаржысын мақсатсыз пайдалану дерегi бойынша шағым түсiрген. Расында да, "Алматы әуежайы" АҚ-ның бұрынғы директоры Тайыр Ыдырысов әуежайдың ортақ қазанындағы қаржыны қалтасына басып, белгiсiз жақта бас сауғалап жүр. Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгi шағымды жан-жақты тексерудiң нәтижесiнде әуежайдан 58,7 млн. теңгенiң ұрлану фактiсiн анықтап, қылмыстық iс қозғады. Қазiргi күнi әуежайдың бұрынғы басшысы Тайыр Ыдырысовқа сырттай айып тағылып, iздестiрiлу үстiнде.

Мемлекет қазынасынан ұрланған 3 млрд. теңгенiң тең жартысынан көбi қайтарылса да, iзiн жоғалтқан 1 млрд. теңгенiң сұрауы кiмнен? Мемлекеттiк мекеменiң құлағын ұстағандар "қазаншының өз еркiне…" қашанғы салына бередi? Әсiлi, қазақтың "Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi" деген сөзi өз мемлекетiнiң қаржысын тонаған осындай жемқорларға бағытталып айтылған сияқты. Қоғамның ажырамас бөлiгiне айналған сыбайлас жемқорлықтың салдары әлi қанша шенеунiктi адал жолдан тайдырары белгiсiз. Бiр бiлетiнiмiз, 1 млрд.-тан астам теңгенiң артынан тағы да бiраз жауапты басшылардың құлағы қылтиып тұр.

Жәнiбек ӘШIМ

Серіктес жаңалықтары