СУИЦИД ШЫҒЫНЫ

СУИЦИД ШЫҒЫНЫ

СУИЦИД ШЫҒЫНЫ
ашық дереккөзі
290

Бiр қарағанда, адамның өзiне-өзi қол жұмсауы тек сол адамның өзiне ғана зардап тигiзетiн сияқты. Бiрақ олай емес екен, Жапония мемлекетi суицид жасап, бақилық болған азаматтардың экономикаға да тигiзер зардабын есептедi.

Өзiне-өзi қол жұмсау, депрессия сияқты психологиялық ауытқулар жапон халқына 2,68 триллион иен (31,8 млрд.доллар) сомасында зардап әкелiп отыр. Жапония үкiметi алғаш рет суицидтiң экономикаға тигiзер зардабын санады. Сараптама барысында депрессияға ұшыраған адамдарға берiлер материалдық көмек, өзiне-өзi қол жұмсап, қаза тапқан жандардың табысы мен басқа да факторлар ескерiлген екен.

2009 жылы 15 пен 60 жас аралығындағы өзiне қол жұмсап, бұл өмiрмен қош айтысқан 26,5 мың жапондықтың табысы 1,9 триллион иен, яғни 22,5 млрд. долларды құрап отыр. Бiр айта кетерлiгi, әлемдегi дамыған мемлекеттер арасында өзiне қол жұмсайтындардың саны жағынан жапон халқы алда тұр. Бiр жылдың iшiнде, яки 2009 жылы 32,8 мың жапондық суицидпен қаза тапқан. Ал Бүкiләлемдiк денсаулық сақтау ұйымының мәлiметiне сүйенсек, Жапонияда 100 мың ер адамның iшiнен орта есеппен бiр жылда 35,8 суицид жасалады екен, бұл көрсеткiш Ұлыбританияда үш есе кем. Белоруссияда 100 мың ер адамның iшiнен 63,3 суицид жасалады.

Өз кезегiнде Жапония билiгi бұл факторды экономикадағы депрессиямен байланыстырып отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, Жапония ағымдағы жылы әлемдегi iрi экономикалық мемлекеттер тiзiмiнде Қытайға жол берiп, 2-шi орыннан үшiншi орынға түсетiн көрiнедi.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары