YШ МЫСАЛ, БIР ТYЙIН

YШ МЫСАЛ, БIР ТYЙIН

YШ МЫСАЛ, БIР ТYЙIН
ашық дереккөзі
275

Кеңестiк дәуiрде ел басқарғандардың бәрi тұлға ма? Басшысы кiм, тұлғасы кiм?

Жазушы Мамытбек Қалдыбайдың жуырда "Экономика" баспасынан "Өмiр өрнектерi" атты жаңа кiтабы жарық көрдi. Кiтап желiсi кезiнде жоғары қызметте болған белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерi, танымал мәдениеттанушы ғалым Садуақас Темiрбековпен сыр-сұхбат түрiнде жазылған. Жазушының қойған сауалдарына профессор сол кездегi өзi қызметтес болған Мемлекет және Үкiмет басшыларының, атақты ғалымдардың атқарған еңбектерiне көзқарастарын бiлдiре отырып, тұлғалық не басшылық болмыстарын ашқан.

"…Дiнмұхамед Ахметұлының туғанына 85 жыл толу құрметiне арналған жиында "Бiз өмiр сүрген дәуiрде қазақтың үш ұлы перзентiнiң аты дүниежүзiнiң рухани пантеонына алтын әрiппен мәңгi өшпес ескерткiш болып жазылды. Ол, ең алдымен, бiздiң ұлы жазушымыз Мұхтар Омарханұлы Әуезов. Мұхаң қазақ әдебиетiн дүниежүзi көркемдiк әлемiнiң шоқтығы биiк әдебиетi қатарына қосты. Екiншi, ұлы ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Қанекең қазақ халқы ғылыми потенциалының еш халықтан кем емес, жағдай жасалса, ғылымы дамыған халықтармен тең тұра алатынын көрсеттi. Үшiншi, данышпан, кемеңгер саясаткер Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаев. Димекең жай адам емес, аруақты, киелi адам. Ол кiсiге жамандық ойлағандардың ақыры жақсы болмайды", – дегенiмде ұзақ қол соққан едi".

Қонаев күрделi тұлға. Оның дара адами болмысын Темiрбеков былай түйiндейдi.

"…Димекеңнiң қазақ халқы ұлттық мәдениетiнен алғаны – айнымас адамгершiлiгi, шығыс халықтары мәдениетiнен алғаны – жылуарлығы, батыс мәдениетiнен алғаны – сабырлылығы мен мәмiлегерлiгi. Ол осы үш елдiң мәдениетiнiң ең асыл қасиеттерiн бойына молынан сiңiрген".

Профессор Димекеңнiң халық өнеге тұтар мына сөзiн де бүгiнгi ұрпаққа ұлағат тұтқан.

"…Уа, халайық, бiз бәрiмiз қазақпыз. Қазақ деген үлкен халық. Бiздiң жазылмай келе жатқан бiр ауруымыз бар. Ол – әрбiр қазақ басына түскен ауыртпалықты бiреуден көредi. Құлап қалса, қасында келе жатқан адам кiнәлi, соған қараймын деп сүрiндiм дейдi. Бойымызға сiңген осы жаман қасиеттен арылмай бiз ешуақытта өркениеттi ел болмаймыз". Кез келген басшыдан мұндай өнегелi сөз қала бермейдi. Көргенiн көңiлiнде тоқи бiлген Димекеңдей дуалы ауыздың сөзi. Кемеңгердiң бұл сөзi әлi күнге өз мәнiн жоғалтқан жоқ.

Темiрбеков Орталық партия Комитетiне қызметке тұрғанда Қонаевтың қабылдауында болған. Сондағы Димекең айтқан ғибратты сөзi әлi күнге жадында.

"…Атқа мiнген адамның алты қаптай желi бар. Аттылы адам жаяу адамға қарағанда екпiндеп жүредi. Байқа, алдыңа келген қарапайым жұртпен сөйлескенде аттылы адамша емес, жаяу адамша сөйлес. Сәл терiс қабақ танытсаң, сасып, сасқалақтап, айтар сөзiнен жаңылысып қалуың мүмкiн. Жұрт сенiң ақылыңның айбарынан емес, орын-тағыңның айбарынан қорқады".

Димекең кабинетiне кiм келсе де орнынан тұрып, өзiне қарсы жүрiп, жайдары жүзiмен сәлемдеседi екен. Кейiн солай есiкке дейiн шығарып салатын көрiнедi. "Ұлық болсаң кiшiк бол" дегенiң осы емес пе? Шынында да Димекеңнiң осы бiр ауыз кеңесiнен-ақ оның кiм екенi, қарапайым жұртты қалай құрметтейтiнi көрiнiп тұрған жоқ па? Шiркiн, бүгiнгi атқа мiнгендер де жұмсақ орындықтарда шалқайып отырып, билiктiң буына асып-таспай Димекеңдей кiшiпейiл болса…

Жазушы мен профессордың әңгiмесi барысында үш байлық туралы сөз қозғалған. Олар – денсаулық, материалдық, рухани байлықтар.

"…Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаев осы үш байлықтың iшiндегi ең қымбатты, ең мәндi де шексiз рухани байлық екенiн, сондықтан ұрпағымызды ең алдымен рухани бай етiп тәрбиелеуiмiз керек екенiн терең түсiнген. Сол жолға бар өмiрiн арнаған адам.

Садуақасов жай басшы мен тұлғаның аражiгiн осылай ажыратады.

"…Сiздi Жұмабек Тәшеновпен де араласқан деп естiдiм.

– Иә, бiраз араластым. Ол ағамыз қызуқанды, қызба едi. Марксизм iлiмiн жақсы бiлетiн. Әркiмнiң табиғаты, ақыл-ойы әртүрлi. Кейбiреулер оқып, кейбiреулер өмiрден тоқып ақылды болады. Жұмабек Тәшенов өмiрден көп нәрсе көрген, солардан дұрыс қорытынды жасаған, ренжiстiң арты жақсылық болмайтынын жақсы бiлген адам. Жұмекеңдi бәрiмiз сыйлайтынбыз".

Темiрбеков Қазақстан ОК идеология жөнiндегi хатшысы Саттар Нұрмашұлы Имашевтiң қарамағында да бiраз жыл қызмет еткен. Жазушының сол кiсi туралы сұрағына ол: "Соңғы кезде Саттар Нұрмашұлының: "Ғылым жинасаң, абыройың артады. Мал жинасаң, сараң атанасың. Ғылым адамға ақыл-ой қосады. Мал дүниеқоңыз етедi", – дегенiн, ертеңдi-кеш тыным көрмейтiнiн есiме алып, оңаша газет-журнал, кiтап оқуға қайта ден қоя бастадым. Таң қалатыным, Саттар Нұрмашұлының оқымаған кiтабы жоқ едi. Бәрiн бiлiп отыратын. Сұрап қалса, оқымадым дегенiм ұят деп мен де намысқа тырысатынмын. Маған Саттар Нұрмашұлы қамшы болды. Жаңа жарық көрген роман, повестердi, қоғамдық мәнi бар кiтаптарды қалдырмай оқып жүрдiм. Сәкең: "Садуақас, ана кiтапты оқыдың ба?" – деп сұрай қалса: – "Оқыдым" деп жауап беремiн. Сондай сәттерде ол: "О, оның дұрыс. Бiз ендi-ендi бiр-бiрiмiздi түсiнiп, ортақ тiл табысуға жақындап келемiз", – деп Саттар Нұрмашұлы шын пейiлiмен маған мейiрлене, күлiмсiрей қарап қоятын".

Ал қазiр ше? Үкiмет басында отырғандардың бәрi де көркем әдебиет оқи ма? Бiрең-сараңы болмаса, бәрiне кепiлдiк беру қиын.

Әңгiме желiсi әдебиетке ауысқанда Темiрбеков бұл саланың да келеңсiз жайларын тiлге тиек ете кеткен екен.

Кiтап небәрi үш жүз данамен жарық көрген. Қоғамдық өмiрдегi барлық тақырыптар қозғалған. Елге танымал жандардың асыл қасиеттерi, билiкке кездейсоқ келiп, әлi келмейтiн шоқпарды белдерiне байлаған әлдекiмдердiң көпшiлiк көңiлiнен шықпаған тосын жайлары туралы Темiрбековтың парасатты пайымын тұшынып оқисыз.

* * *

Мына бiр жайды "Iле" астық совхозында тұратын iнiм Ерлан Кенжебаев айтқан едi. Арада бiраз жылдар өтсе де есiмнен шығар емес.

– 2001 жылы мамырда Германияның Майндағы Франфурт қаласына жолым түстi. Сол жерде бұрын бiздiң совхоздан тарихи отанына көшкен көршiм Николай қарсы алды. Қаладан жүз шақырым жердегi үлкен елдi-мекенде тұрады екен. Шай үстiнде ол өз жағдайларынан хабардар еттi. "Ерлан, бiзге бұл жердiң қоғамдық тәртiбiне үйрену әзiрге қиын соғуда. Жуырда әйелiм Вера едендi жуып, шылапшындағы кiр суды есiк алдындағы көгерiшке (газон) төге салған. Соны көшенiң арғы бетiндегi жергiлiктi немiс көршiм байқап қалып, коммуналдық шаруашылыққа телефон шалады. "Мына орыстар кiр суын көгерiшке төгiп, көшенi ластап жатыр". Көп кешiкпей бiр жеңiл көлiк келiп есiгiмiздiң алдына тоқтай қалды. Кабинадан үстiне арнайы кәсiптiк үлгiдегi киiм киген бiр кiсi түсiп әйелiме: "Кiр суды қай жерге төктiңiз?" деп сұрады. Әйелiм екеумiздiң құлағымыза оның бұл сұрағы ерсiлеу естiлдi. Ол екiншi рет қайталағанда барып, әйелiм су төккен жерiн көрсеттi. Ол көлiгiнен қамшының сабындай төрт қада алып келiп, әлгi жерге ұзыны екi, енi бiр метр көлемде қақты да шұбар ала лентамен қоршап кетiп қалды. Сәлден соң тағы бiр қорабы бар жеңiл көлiк келдi. Iшiнен әлгiндей киiм киген екi кiсi түсiп, қоршалған жердiң көгерiш бетiн үш елiдей етiп кесiп алып, шиыршықтап көлiкке салды. Астындағы жұмсақ қара қошқыл топыраққа су теңбiлденiп, бiраз сiңiп кеткен екен. Екi күрек бойына текшелеп қазып, топырағын полиэтиллен қапқа салып, көлiк қорабына артып жүре бердi. Тағы бiршама уақыттан соң дәп сондай көлiк келдi. Кабинасынан түскен екi адам көлiк қорабынан қапталған жаңа топырақтарды түсiрiп, қазылған жерге төктi. Үстiне көгерiш төсеп, таза су сеуiп, қайтып кеттi. Артынша ең алғашқы кiсi келiп, қолымызға айыппұл салынған қағазды ұстатты. Онда "1000 дойче марк" деп жазылған екен. Төбе шашымыз тiк тұрды. Амал жоқ, төлеуге тура келдi. Бұл жерде есiк алдындағы көгерiштi сәл бассаң болды, айыппұл төлейсiң. Тас жолдан шықпауың керек. Түрлi сусындардың бей-берекет жатқан қалбырларын көрмейсiң. Тiптен көше бойларынан, адамдар жүретiн жолдардан көлденең жатқан шырпы талшығын да көрмейсiң. Мұнда тазалыққа қатты қарайды екен".

Ал бiзде ше?

Былтыр көктемде Алматы қаласының Момышұлы көшесiне кiсi бойындай талдар отырғызылған едi. Көктеп, жапырақ жайып, өсiп қалған. Бiрақ, биыл солардың қатары сиреп кеттi. Қурап қалғаннан емес. Түннiң бiр уағына дейiн ұйықтамайтын бұзақы балалардың басбұзарлықпен жұлып тастағанынан. Мұндай келеңсiз жайды бүгiнде көптеген қалалардан кездестiруге болады. Егiлген көгерiштердi (газон) кез келген жерден басып, таптап жүре бередi. Күнi кеше ғана "Қазақстан" телеарнасы Ақтөбе қаласында бiр жасөспiрiмнiң көше сәнiн келтiрiп тұрған гүлдердi жұлып, жақсы көретiн қызға сыйламақшы болған жерiнен сақшыларға ұсталғанын көрсеттi. Неге? Өйткенi бiзде тәрбие жағы кемшiн. Ащы да болса шындық осы.

Қазiр көшеде не көп? Қоқыс көп. Бұларды бұзақы балалар ғана емес, өкiнiшке қарай, мосқал әйелдер мен ер кiсiлер де кез келген жерге тастай бередi. Көз үйренген әдетке айналып кеткенi соншалық, көрiп тұрып, бiрiне бiрi: "Мұның қалай?" деп ескертпейдi де. Ашынған бiр көршiм: "Бiзде сана төмен" дейдi.

Қала көшелерiн көгалдандыру, абаттандыру жылда жүргiзiлуде. Соларға қалалық бюджеттен қаншама қыруар қаражат жұмсалуда! Бұзақы жасөспiрiмдердi қайдам, ересектер қала бюджетi тұрғындардан жиналған салықтардан құралатынын, аула мен көшелердi абаттандырудың игi шараларының бәрi сол қала бюджетiнiң қомақты бiр бөлiгiнен жасалатынын, сол шығындардың бәрi айналып келгенде өз қалталарына түсiп жатқанын бiлмейдi дейсiз бе? Бiлгенде қандай!

Шет елдерге жиi шығып жүргендердiң: "Бiзге Еуропа елдерiнiң мәдениетiне жету үшiн әлi отыз, қырық жыл уақыт керек" дегенiн талай рет естiдiк те.

Иә, ол үшiн не iстеуiмiз керек? Алматы қаласының әкiмшiлiгi қандай шараларды жүзеге асырып жатыр? Әкiмшiлiк үстiмiздегi қыркүйек айын "Тазалық айы" деп жариялаған. Қазiр қала әкiмiнiң тапсырмасымен Табиғи ресурстар басқармасы аудандық iшкi iстер басқармаларымен және "Алматы" телеарнасымен бiрлесiп, бұл акцияны жүзеге асыруда. Өткен он күннiң қорытындысында қаланың көрiктендiру ережелерiн бұзған 49 келеңсiздiк жағдайды анықтап, әкiмшiлiк жазалау шараларын қолданған. "ҚР әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар" Кодексiнiң 387-бабына сәйкес, жауапқа тартып, 248000 мың айыппұл салынды. Алайда, бұл уақытша шара. "Ауру қалса да, әдет қалмайды" емес пе. Содан соң жұрттың бұрынғы әдетiне қайта баспасына кiм кепiл? Эколог-маман Жақсыбек Ерназаров: "Бәрiн де тәрбиеден бастаған жөн-ау. Бұл iске оң көзқарас қалыптастырмайынша, көше, аула тазалықтары мәдениетiн көтере алмаймыз. Көше, аула тазалығын сақтауды үйретудi де балабақшадан бастау керек. Мектептерде әр сыныпқа аптасына бiр рет көше, аула тазалығы жөнiнде тұрақты түрде арнайы сабақ жүргiзiлгенi ләзiм. Сондай-ақ, телеарналар арқылы да көше тазалығын сақтау жөнiнде адам жанын селт еткiзетiн бағдарламалар көрсетiлiп жатса құба-құп. Бiз сонда ғана арысы он жылдың iшiнде жоғары мәдениеттiлiкке қол жеткiзе аламыз" – дейдi. Бәлкiм тиiстi орындардың маманның осы айтқандарына құлақ асқандары да жөн шығар.

* * *

Адамның бойында жазылмайтын бiр әлеуметтiк ауру бар. Ол – көреалмаушылық. Осы ауруға шалдыққандар басқаларды өздерiнен асырмауға тырысып бағады. Бұған да бiр мысал.

Былтыр Есет деген таныс жiгiтке шұғыл көп қаражат қажет болып, дос-жарандарынан, туыс-бауырларынан қарызға ақша сұрайды. Дағдарыс жағдайында кiмнен ондай көп мөлшердегi ақша табыла қойсын. Ақыры ол ата-анасының көзiндей көрiп жүрген үйiндегi бiрнеше алмастан жасалған көзi бар алтын сақинаны ломбардқа апарып өткiзбекшi болған. Асыл затты қабылдаушы көзiне үлкейткiш құрал қыстырып, жүзiктi ары-берi аударып, мұқият қарайды да, бес мың долларға бағалайды. Ол: "Бұл жүзiктi әкем кезiнде Қырымнан жетi мың долларға татитын рубльге сатып алған. Алтынның сапалылығы да жоғары. Сiз де жетi мың долларға бағалауыңызды өтiнемiн", – дейдi. Қабылдаушы басын шайқап келiспейдi. Ол басқа ломбардқа бармақшы болып шығып кетедi. Күн кешкiрiп, жұмыс уақыты бiтiп қалса керек. Ертеңгiсiн бармақ болып, үйiне қайтады. Әйелi көршi үйдiң қонақасыға шақырғанын айтып, екеуi сонда барады. Көршi-қолаңдар жиналып қалған екен. Тамақ үстiнде Есет бүгiнгi жайды сөз етiп, ломбард қабылдаушысына жүзiктi бес мың долларға бермей келгенiн, ертеңгiсiн басқаларына барып көретiнiн айтқан. Сонда төрде отырған Жайсын: "Қане, жүзiгiңдi маған бершi. Алмас тасын танушы едiм. Жетi мың долларға тұра ма, тұрмай ма?" – дейдi бермесiне қояр да қоймай өзеуреп. Ол төс қалтасынан шам жарығымен қызылды-жасылды сәуле шашқан жүзiктi оның алақанына салады. Жайсын ары-берi қарап, өң-түсi өзгерiп сала бередi. "Нағыз алмас болса, әйнек кесе алады", – деп үй терезесiнiң әйнек көзiне жүзiктiң алмас көзiн жанып-жанып жiберген. Әйнекке екi сызық түскен. Жайсын: "Иә, алмас екен", – деп қайтып бередi.

Ертеңiне Есет қаланың Көк базар маңындағы ломбардқа барады. Қабылдаушы мұқият қарап: "Жүзiктiң алмас көзiнде үлкен сынық бар. Өз құнын жоғалтқан", – деп алудан бас тартқан. Есеттiң iшi удай ашып, қан қысымы көтерiлiп, үйiне әзер жетедi. Үй маңынан ұшырасқан Жайсынның жағасынан алып, жүзiктiң құнын төлеудi талап еткенде анау езу тартып: "Жүзiгiң бұрыннан сынық болған", – деп тән алмапты. Есет қапа болып, бiрнеше күн төсек тартып жатып қалады.

Р.S. * Профессор Садуақас Темiрбеков: "Рухани байлығы мол адамдар ешуақытта жаманшылыққа, арамдыққа, қасиетсiздiкке, имансыздыққа бармайды. Кiсiмсу — мәдениеттiң аздығынан шығады", – дейдi.

* Иә, көшелер мен аулаларды абаттандыруда атқарылған iстер қыруар. Бiрақ, бiзде әлi күнге немқұрайдылық басым. Көршiмнiң "санамыз төмен" деуiнiң қаншалықты мәнi барын бiлмеймiн. Алайда көше тазалығы жөнiнен мәдениеттiлiгiмiздiң кемшiн екенi тағы рас.

* "Ашу сабырды бұзғаны сияқты, күншiлдiк пен қызғаншақтық та иманды бұзады". (Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерiнен).

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары