АЗИАДА АЛАУЫ АЙМАҚТАРДЫ АРАЛАЙДЫ

АЗИАДА АЛАУЫ АЙМАҚТАРДЫ АРАЛАЙДЫ

АЗИАДА АЛАУЫ АЙМАҚТАРДЫ АРАЛАЙДЫ
ашық дереккөзі
257

Бiрнеше айдан соң елiмiзде аса мәртебелi шара өтедi. 7-шi Қысқы Азия ойындарына белсене дайындалу үстiндемiз. Осы орайда, кеше Астанада 2011 жылғы 7-шi қысқы Азия ойындары алауының эстафетасын ұстаушылар iрiктелдi.

Бұл шараны "Нұр Отан" Халықтық-демократиялық партиясы мен Олимпиада алауы эстафетасын өткiзу жөнiндегi дирекция ұйымдастырып отыр. Дирекция басшысы Наиль Нұров: "Азиада елiмiздiң екi қаласында өтедi, сондықтан спорттық жарыстарды барлық көрермендер толық тамашалай алмайды және 30 мың орындық "Астана-Арена" стадионына барша ниет бiлдiрген адамдар кiре алмайды. Сол себептi бiз Ойынның алауын бүкiл аймақ арқылы алып өтемiз. Эстафетаның арқасында елiмiздiң әр тұрғыны көрермен ғана емес, "Азиада-2011"-дiң тiкелей қатысушысы да бола алады" – дедi шараның маңыздылығына баса мән берiп. Эстафетаның алауы 2011 жылдың 11 қаңтарында Эль-Кувейт қаласында орналасқан Азиялық Олимпиадалық кеңестiң штаб-пәтерiнде салтанатты рәсiм барысында тұтанады. Ал 12 қаңтарда алау Алматыға жеткiзiлуi тиiс. Эстафета алауы Алматының бүкiл көшелерiн аралап, басқа аймақтарға жiберiледi. 20 күн бойы эстафеталық алау Қазақстанның барлық аймағын шарлап өтуi керек. 30 қаңтар күнi эстафетаның жалынды алауы Астана қаласындағы "Астана-Арена" футбол стадионындағы Азия ойындарының ашылу салтанатына дәл уақытында жеткiзiлуi қажет.

Эстафета алауын алып жүретiн адамдарды iрiктеудiң арнайы шарттары бар. Шарттарға сәйкес, алауды алып жүрушi ең алдымен спортта белгiлi бiр жетiстiктерге қол жеткiзген, өмiрлiк ұстанымы берiк азамат болуы тиiс. Сонымен қатар алауды алып жүрушi азаматтың жас ерекшелiгi де ескерiлмекшi. Яғни жасы 16-ға дейiнгi дарынды спортшылар алауды бүкiл Қазақстан бойынша алып өтедi. Басқа да аймақтық штабтардағы iрiктеу сындарының әдiл өтуiн арнайы құрылған комиссия анықтайды. Алауды алып жүрушiлердiң соңғы тiзiмiн елiмiздiң Спорт және туризм министрi төрағалық ететiн комиссия бекiтедi. Сонымен қазақстандық спортқа елеулi үлес қосқан спортшылар, Азиаданың құрметтi қонақтары, халықаралық Олимпиада комитетi өкiлдерi, Азияның Олимпиада кеңесiнiң өкiлдерi арасынан 1020 адам iрiктелiп, оның iшiнде 100-i Эстафетаның астаналық кезеңiне қатысса, 80-i алауды Алматы көшелерiнде алып жүредi, ал 60 адам Олимпиада алауын елiмiздiң басқа да облыстарында алып жүруi керек. Жалпы бұл шараға "Нұр Отан" Халықтық демократиялық партиясының атсалысуы да орынды. "Нұр Отан" партиясы 7-шi қысқы Азия ойындары ұйымдастыру комитетiнiң Бас дирекциясымен меморандум бекiткен болатын. Меморандумды iске асыру үшiн "Нұр Отан" Халықтық демократиялық партиясы 7-шi қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жұмыстарына белсендi араласып келедi.

Сонымен қатар Туризм және спорт министрлiгiнде өткен республикалық семинарда 200 аймақтық спорт шенеунiктерiне жергiлiктi жерлерде алау ұстаушыларды iрiктеу процесiн ұйымдастыру бойынша толыққанды түсiнiк берiлдi. Семинардан соң, журналистер мен спортшылар, қонақтардан құрылған делегация "Сарыарқа" сауда ойын-сауық орталығында ашылған 7-шi қысқы Азия ойындарының ақпараттық-ойын-сауық орталығын тамашалады.

"Түркiстан-ақпарат"

Серіктес жаңалықтары