ЛОНДОН ҚАЗАҚТАРЫ ЕЛГЕ КЕЛУДI АРМАНДАЙДЫ

ЛОНДОН ҚАЗАҚТАРЫ ЕЛГЕ КЕЛУДI АРМАНДАЙДЫ

ЛОНДОН ҚАЗАҚТАРЫ ЕЛГЕ КЕЛУДI АРМАНДАЙДЫ
ашық дереккөзі
270

Қазақстан Республикасы министрлер Кабинетiнiң 1992 жылы 23 қыркүйекте қабылдаған "Шетелдегi қазақ диаспорасының өкiлдерiн Қазақстан Республикасында болған кезiнде әлеуметтiк экономикалық жеңiлдiктермен қамтамасыз ету туралы" № 791 Қаулысының 2-тармағында "Басқа мемлекеттердiң азаматтары болып табылатын қазақ жiгiттерi мен қыздарына кәсiптiк техникалық, орта арнаулы және жоғары оқу орындарына, аспирантураға оқуға түсулерiне, сондай-ақ тағылымдамалардан өтулерiне Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей құқық берiлсiн, олар стипендиямен, басқа да қажеттi материалдық жағдайлармен мемлекет есебiнен қамтамасыз етiлсiн" делiнген. Тәуелсiздiгiмiздiң алғашқы жылдарында өмiрге келген бұл Қаулының нелiктен жойылғанын түсiнбеймiз. Қандас бауырлар күн санап көптеп келуде. Еуропадағы қандастар дәл бүгiнгi күнi атамекенге бет бұруда. Алғашқы қарлығаштар Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқып та жатыр. Алайда, олардың кез болып отырған қиыншылықтарынан кейiн, әлiптiң артын бағып отырған қандастарымыздың атамекенге келе қоюы екiталай-ау.

Жақында Ұлыбританиядағы қазақ мәдени орталығының төрағасы Исмаил Кесижи мырза мен сол елден келген Хабиб Бурал ақсақалмен, Германияның Мюнхен қаласынан келген жастар Олжас пен Жiбекпен әңгiме өткiзудiң орайы туған едi. Олар алдағы Дүниежүзi қазақтарының IҮ құрылтайында қандай мәселелердiң ескерiлуi тиiстiгiн ортаға салған едi.

Исмаил КЕСИЖИ, Ұлыбританиядағы қазақ мәдени орталығының төрағасы:

ШЕТТЕГI ҚАЗАҚ МАМАНДАРЫН ТАРТУҒА ҚҰЛЫҚ ЖОҚ

Еуропада өмiр сүрiп жатқан қазақтардың жағдайы жақсы, материалдық жақтан қиындығы жоқ. Олардың қиналып, алаңдайтыны – ұрпағының қазақтық тамырынан ажырап қалу қаупi. Үлкендер жағы қайткенде де балаларын атамекенi – Қазақстанға әкелудi ойлайды. Алайда, жастардың Қазақстанға келiп сiңiсiп кетуiне жағдайлардың жоқтығы қолбайлау болуда. Еуропаның беделдi жоғары оқу орындарынан мамандық алған қазақ жастары баршылық. Тiптi, кешегi Ванкуверде өткен Қысқы Олимпиада ойындарын әлемге тарататын компьютерлiк бағдарламалармен жұмыс iстеген инженерлердiң бiрi – қазақ Булент Кесижи деген бауырымыз болды. Неге сондай жастарды 2011 жылы Қазақстанда өтетiн Қысқы Азиаданы ұйымдастыру жұмыстарына пайдаланбасқа?! Қазақстан мемлекетi бүгiнде әлемнiң көптеген елдерiмен бiрлескен жобаларды жүзеге асырып жатыр. Қазақстанда барлық мемлекеттердiң өкiлдерi бiрлескен кәсiпорындар ашып, жұмыс iстеуде. Неге сол инвесторларға қазақ диаспорасының өкiлi үшiн 1-2 орын беру талабы қойылмайды. Әр елдiң iрi компаниясы арқылы келген 1-2 бала, ертең артындағы ата-ана, бауырларын атамекен – Қазақстанға тартпайды деп ойлайсыз ба? Дәл бүгiн жастар Қазақстанға келем десе де, келе алмайды. Себебi, виза ашу мәселесiнде де жалпыға бiрдей талап қойылған. Қазақ диаспорасы үшiн неге басқаша талап, жеңiлдiк жоқ. Келетiндер тек турист ретiнде ғана келiп кете алады, ал Қазақстанға жұмыс iстеймiз деп келетiндерге мүмкiндiк жоқ. Мұны мен өз басымыздан өткерген соң айтып отырмын. Осы келгенде Қазақстанда жұмыс iстеу үшiн бiлiктi-бiлiктi компьютер мамандарын алып келмекшi болдық. Бiрақ виза проблемалары алдымыздан шықты. Жұмыс iстеуге деп бiр жылға виза аштыра алмадық. Бiр жiгiтке ғана бiр жылға виза ашты, оның өзi үш ай сайын елден қайта шығып, қайта кiрiп отырады. Сондықтан, Еуропадағы қазақ жастарын елге әкелудi ойласақ, осындай проблемаларды шешу керек деп есептеймiн. Сондай-ақ, оқуға келетiн жастарға да жеңiлдiк жоқ. Қазақстан мемлекетi, Елбасы "болашақ-жастардыкi" деп көп жағдайлар жасап жатқан жоқ па? Шетелдерде жақсы бiлiм алуы үшiн арнайы "Болашақ" бағдарламасын ашып, талантты жастарға қамқорлық көрсетуде. Нелiктен шетелдегi қазақ жастары үшiн де Қазақстанға келiп бiлiм алып, еңбек етуiне жағдайлар қарастырмасқа?! Еуропа қазақтарының арманы ұрпағын атамекенге бет бұрғызу болса, балалары да ол ойдан алшақ емес. Мүмкiндiк болса, келуге ынталылар көп.Өз беттерiнше келуге талпыныс бiлдiрген жастардың жайын жоғарыда айттым. Сондықтан, алдағы өтетiн Дүниежүзi қазақтарының құрылтайында осы мәселелердiң шешiмiн тапқанын қалар едiм. Шетелдерде, Еуропада өтетiн қазақтардың құрылтайларына Қазақстаннан барған өкiлдер "Сiздердiң арттарыңызда арқа сүйер Қазақстан деген мемлекеттерiңiз тұр!" деп жалындатып сөйлеп кетедi. Бiрақ, iс жүзiнде арқа сүйей алмай отырғанымызға қынжыламыз. Ащы да болса шындық осы.

Хабиб БУРАЛ Зарханұлы, Лондонда тұратын зейнеткер:

"КАСПИОНЕТТIҢ" ҚАЗАҚШАСЫ АЗ

Лондонда тұрып жатқан ұрпағым үшiн алаңдап жүрген қарттың бiрi менмiн. Қазақстанға келгендегi мақсатым да – балаларымды атамекенге жеткiзудiң жолын қарау. Өзiм Қазақстанды тұңғыш рет көрiп, көзiм тойып отыр. Балаларыма да ұнайтыны даусыз. Бiрақ, келгенде не iстей алады, жұмыс бола ма, сiңiсiп кете ала ма, сол жағын әлi де ойлауымыз керек. Жарым Сағира екеумiз үш бала өсiрiп, одан үш немеремiз бар. Бiз ғой, өз басымызды алып келе алмаймыз. Ал балаларымыз келсе, жұмыс тауып, орналасып алса, бiздi де көшiрiп алдырар едi. Екiншi, үшiншi буынымыз қазақтығынан айырылып қалмаса деп қорқамыз. Өзiмiздiң көзiмiз тұрғанда, қазақтықты сiңiрiп отырмыз. Немерелерiм "Қамажайға" билейдi. Үйде қазақша сөйлесуге тырысамыз. Қазақша бейнетаспалар көрсетiп, қазақша әндер тыңдатамыз. Бiзде "Каспионет" телеарнасы көрсетiледi, бiрақ қазақшасы аз. Балаларға арнап қазақша мультфильмдер көрсетсе, тiлдерi қазақша шығар едi. Мен сияқты үлкендердiң бәрi балаларының қазақтық тамырынан ажырамай, түп тегiн сақтағанын қалайды. Қалап қана қоймай, Қазақстанға қалай жеткiзсек деп уайымдайды. Менiң де Қазақстанға келгендегi мақсатым осы – балаларымды қайтсем атамекенге әкеле алам, соның жолын қарау.

Жiбек ХАН Iлиясқызы, Алманияның Мюнхен қаласынан келген студент:

ШЕТЕЛ АЗАМАТЫ БОЛҒАНЫМ ҮШIН ЖҰМЫС IСТЕУГЕ ЛИЦЕНЗИЯ СҰРАЙДЫ

Мен 2007 жылы дайындық факультетiн бiтiрген соң тест тапсырдым. Бiрақ жинаған ұпайым 45 балл ғана болды. Мүмкiн, шетелдiк қазақ диаспорасының өкiлi ретiнде жеңiлдiк болар деп, үмiтiмдi үзбей, Астанаға құжаттарымды жiбердiм. Алайда жауабы келмедi. Сосын құжаттарымды Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетiнiң халықаралық қатынастар факультетiнiң ақылы бөлiмiне 50 пайыздық жеңiлдiкпен келiсiп оқуға түстiм. Онда оқу құны – 234 мың теңге екен, мен жартысын, яғни 117 мың төлеп оқуға келiскем. Биыл екiншi курсты бiтiрдiм, алайда басында уәде еткен 50 пайызды ұмытып, оқудың толық құнын төлеуiмдi талап еттi. Мен ондай ақшаны төлей алмай отырмын. Сол себептi оқу жылының соңындағы емтихандарға кiргiзбей қойды. Оқу құнын төлемегенiм үшiн елге қайтар визамды да ашпай отыр. Жазғы демалысымның бәрi босқа өтуде. Оқу құнын жұмыс iстеп төлеймiн деп, қосымша жұмыс та iстеп жүрмiн. Алайда, шетел азаматы болғаным үшiн жұмыс iстеуiме лицензия талап етедi, лицензиям жоқ болғандықтан жалақыны да аз төлейдi. Осылайша оқу ақысын төлей алмай жүрмiн. Жатақханаға тұру да жергiлiктi жастармен бiрдей, кезек күтiп, бос орын болса ғана жылдық ақысын төлеп орналасамыз. Бiр бөлмеге 7-8 адам тұрамыз. Не дегенмен, бiз шетелдерден келген қазақ балалары болғандықтан, бiзге шамалы да болса жеңiлдiктер қарастырылуы тиiс емес пе? Менен кейiн Қазақстанға келiп оқимын деушiлердiң жiгерi құм болмай ма? Ең болмағанда, бiз сияқты ынтамен келiп оқуға ниет етiп жатқан алғашқы қарлығаштарға жағдай жасалса. Бiздiң жағдайымыздың жақсы екендiгiн көрген арттағы ағайындар да балаларын Қазақстанға әкелуге тырысар едi. Визаны да келiп, кеткен сайын ашып отырамыз. Виза ашқан сайын қаптаған қағаздар жинап, СПИД орталығы және емханадан тексеруден өтемiз. Жылына 3 рет рентгеннен өтемiз. Осының бәрiн қазақ диаспорасының өкiлдерi үшiн жеңiлдетуге болмас па? Мен де осы мәселелердiң Дүниежүзi қазақтарының құрылтайында айтылып, шешiмiн табар деп үмiттенемiн.

Олжас Сүлейменұлы ШАДКАМ, Мюнхеннен келген жасөспiрiм:

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МАТЕМАТИКА ОЛИМПИАДАСЫНАН КҮМIС МЕДАЛЬҒА ИЕ БОЛДЫМ

Мен Қазақстанға 2005 жылы 13 жасымда келгем. Ұрпағының қамын ойлаған әке-шешем менi Қазақстан мектептерiне оқытпақшы болды. Сол жылы Алматыдағы қазақ-түрiк ұлдар лицейiне оқуға қабылдандым. Әке-шеше, бауырларым Мюнхенде, мен Алматыда жатақханада тұрып оқыдым. Мiне, биыл мектеп бiтiрiп, үлкен өмiрге жолдама алдым. Ата-баба жерiне келгенiме еш өкiнбеймiн, қайта қуанамын. Мектептi де жақсы бiтiрдiм. Математикадан олимпиадаларға қатысып, 2010 жылы мамыр айында Грузияның Тбилиси қаласында 28 елдiң өкiлдерi қатысқан халықаралық олимпиадада күмiс медаль алып, жүлдегер атандым. Сол себептi ұлттық бiрыңғай тесттен босатты. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң халықаралық қатынастар факультетiне құжаттарымды тапсырдым. Бес тiл меңгергем. Келешегiмдi тек Қазақстанмен ғана байланыстырамын. Қазақстан үшiн қызмет етемiн деп алдыма мақсат қойғам. Қазақстан қарыштап дамып келе жатқан, келешегi зор мемлекет. Мен бала кезiмде, 2002 жылы Қазақстанға алғаш келгенiмде мүлдем басқаша болатын.

Аз ғана уақыт iшiнде өте керемет өзгерiп кеттi. Тағы он жылда мұнан да керемет өзгередi деп ойлаймын. Бiз өмiр сүрiп жатқан Германияны соғыстан кейiн қалпына келтiруге 40-50 жыл керек болды. Ал, Қазақстан қарыштап тез өсуде. Қазақстанның суреттерiн қалта телефоныма түсiрiп алып, Мюнхендегi достарыма көрсетсем, олар таң қалады. "Қазақстан деген осындай керемет, дамыған ел ме?" деп сұрайды. Мен осындай елде өмiр сүрiп жатқанымды мақтан етемiн.

Ал, кемшiлiктер жайлы айтар болсам, елдегi қабылданған заңдардың iс жүзiнде жүзеге аспай жататындығы. Заңға құрметтiң аздығы. Қазақстан әлi бозбала жасындағы мемлекет қой. Еуропа сияқты дамыған елдердiң деңгейiне жету үшiн әлi де уақыт керек шығар деп ойлаймын. Дегенмен, бағыт дұрыс, Қазақстан барлық жағынан күн санап дамуда. Мен соған қуанамын.

Мiне, алыстан келген қонақтардың пiкiрi осылай. Еуропадағы қандастардың әр буынының ой-пiкiрiн өз ауыздарынан естiп, Қазақстан жайлы, орын алып жатқан мәселелер жайлы көзқарастарын бiлдiк. Айтып отырған пiкiрлерi орынды деп құптамасқа шара жоқ. Еуропа елдерiнде тұрып жатқан қандастарымыз соншалық көп емес. Олай болса, сол қандастарды қолдай отырып, жеңiлдiктер жасай отырып, елiмiздiң болашағына үлкен инвестиция жасалды деп есептеуге болар едi.

Жазира АМАНТАЙҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары