ҰРПАҒЫМДЫ ҰЛТЫМА ҚОССАМ ДЕП ЕМ...
ҰРПАҒЫМДЫ ҰЛТЫМА ҚОССАМ ДЕП ЕМ...
Құл-Керiм ЕЛЕМЕС
"Өлеңге әркiмнiң де бар таласы" (Абай). Сөз патшасы болған өлеңге қолынан келсе немесе Аллаһ жазу дарынын берсе кiм таласпас. Бұл туралы "Бойдағы бар өнердi iркiп болмас" деген Әсет ақынның да айтқаны жүйелi сөз. Өлең шiркiн өз иесiн (ақынды) тыншу бермей мазалайтын, жазбасына қоймайтын өктем зат қой. Айы толған бала ана құрсағында жатпайды. Өлең және сол ақын деген ана құрсағындағы айы толған сәби. Бiрақ оның ана туатын сәбиден парқы – сәби ананың құрсағынан туа сала бiрден азамат болып iске жарамайды. Ол бiртiндеп өседi. Кемелденедi. Азамат болып қалыптасады. Ал, өлең болса ақын-анасынан бiрден азамат болып туылады. Сөйтедi де ел iсiне бiрден кiрiседi.
Өлеңнiң тағы бiр ерекшелiгi – оның бiрден халықтық түс алуы дер едiм. Бұл жағынан өлеңнiң жақсы-жаманы бiрдей. Сондықтан жаман (нәпсуи) өлеңнен сақтанудың мәнi зор болмақ.
Қазақтың бiр ақыны – Әбдiбек Әбдiманапұлы. Бұл есiм жұртқа онша мәлiм болмаған есiм. Оның өзiндiк жөнi де бар.
Туған жерiм ҚХР, Iле едiң-дi.
Қиып кеткен кеше гөр, түлегiңдi.
Отан деген сезiмiм билеп кеттi,
Сен деп соққан әуелде жүрегiмдi?!
Ұрпағымды ұлтына қоссам деп ем! – деп, ақын өзi айтқандай, ол – ел тәуелсiздiгiнен кейiн тарихи отаны Қазақстанына оралған қандас ақын едi. "Әсеттiң әнiн шырқап, Абай менен жырларын жаттап өстiк Таңжарықтың" деп, өлеңге бала шағынан құштарын бiлдiрген ақын: "Бұйырса Алла, мiне, елудемiн" деп, "ә" дегенше ер жасы елуге де келiп қойыпты. Жарылған халқының жоғындай болып қазақ әдебиетiнде, аты елуiне дейiн бiлiнбеген қайран ақын "кеш те болса, еш болмасын" деген оймен өзекжарды бұл жырларын – елуiнде "Жыр мұнарасы" деген атпен кiтап етiп ұсыныпты.
Халқымнан немдi бүгiн жасырамын,
Қашан да жақсылыққа асығамын.
Халқымның кiрбiң түссе қабағына,
Болады орнағандай басыма мұң, – деп бiр тоқтаған елжанды ақын халқының басынан өткен арғы-бергi көргендерiн сөз ете келiп, оның түзелуi үшiн өзi сияқты ақындарға:
Кетпеу үшiн мына жұрт бет-бетiмен,
Бәрiң Абай болмасаң да шетiнен,
Ей, ақындар, суырылып бiреуiң,
Абай болып сөйлеңдершi, өтiнем! – деп зар-күйiне енедi. Қаламдастарынан шындық, азаматтық, абайшылдық iздейдi. Дұрыс.
Халқының мұңын тұла-бойымен қабылдаған ақын оны кейде "мен" деп, кейде "халқым" деп алма-кезек өрбiтедi. Кейде оқыс бұрылып:
(мұнымды)
Құдай естiп жүрмесiн,
Деп тағы да қорқамын! – деп ағынан жарылады. Меннiң шыны дегенiмiз мiне, осы. Бұл адам-пендедегi дәрменсiздiк, шарасыздық едi. Жалпы өмiрде ақын шыңданса, өнерде өлең сынданады. Ақын шындану үшiн өмiрге ақын-пенденiң көзiмен емес, дананың көзiмен қарауы ләзiм. Ақын солай ете алса ғана өлең аз болса да саз, мәндi өнер болып жазылмақ. Әрi ғұмырлы болмақ.
Өмiр тұрад қиян-кескi күреспен.
Күрескеннiң ауласына гүл өскен.
Қазаныңа ас салмайды ешкiм кеп,
Ұсынбайды өзiндегi үлестен.
"Қойшы соны – дей салатын – аз ақша"
Көзқарасты тастау керек қазақша.
Байланысты жасамайды бұл күнi,
"Қазақ екен" деп сенi ешкiм қазақша.
Бұл кешегi "Оян, қазақ" (М.Дулатов) ұстанымының жалғасы емей, не? Бiзше солай. Әр заман өз мiндетiн замандасына ала келетiнiн ескерсек, бұл ой бұнымен де соңғы сөз ретiнде тоқырамақ емес. Келесi ғасырларда да өз формасында айтыла бермек. Өйткенi, қай уақытта да ояу болу елге парыз. Оны қайталап айтып отыру ақынға, көзi ашықтың бәрiне мiндет.
Елуiнде жасына да, талантына да лайық жыр төккен ақынның ендiгi жерде Алла нәсiп етсе, жазатын аталы, нұрлы, Иллаһи жырлары көп болсын деген ақ тiлек бiлдiремiз!
МӘСКЕУ САПАРЫНАН
Зәулiм құрылыс, қайшыласқан көп халық,
Қызыл алаң жақты келем бетке алып.
Жүдеу жандар көп көрiңдi көзiме,
Қайыршы да дәметедi оқталып.
О, Мәскеу, қарт қаласы орыстың,
Айтшы осы, бақтан неге сор үстем?
Жасамап па ед сенде жайсаң, жақсылар,
Өзгерте алмай кеткенi ме соны ешкiм!?
Сен, әлемге әйгiлiсiң бiлемiн,
Саған кеше төккен нұрын күле күн.
Коммунизм орнатам деп сенде өткен,
Күллi әлемге күн атанған Ленин.
Өз әлiнше жасап дара ұстаным,
Қоғадайын жапырумен "дұшпанын".
Сенде өткен қаһарынан қар жауып
Қара мұрты едiрейген Сталин.
Онан соң ше?..онан соң да не керек,
Шам түбiне үймеледi көбелек.
Үйiп-төктi барлығы да уәдесiн,
Қайсыбiрiн айта берем шегелеп.
Сөздерiнен алып айтқан үзiндi
Жасай берiп қайтем ұзақ тiзiмдi.
Барша ортақ өмiр сүрген, көрген жоқ
Ешкiм-дағы сол бiр коммунизмдi.
Шаттық деген үстiн болсын кейiстен,
Заң ортақ боп, тасымасын кей үстем.
Коммунизм бiрдей сынды дiңгегi,
Өлгеннен соң баратұғын бейiшпен.
Ал бақытың – еңбегiңде терлеген,
Оны саған ешкiм алып бермеген.
Еңбек, еңбек, тағы да еңбек ендеше,
Сонда ғана тасың өрге өрлеген.
Байлығымыз "тасып кетiп барады",
Ұлттық рух жасып кетiп барады
Кенедейiн қанымызды сорғандар,
Заңды белден басып кетiп барады.
Қорғаныстың осалдығын паш етiп,
Артымызды ашып кетiп барады.
Жауыр атқа сауысқандай жабысқан,
Жарамызды қасып кетiп барады.
Қолдарыңнан не келедi дегендей,
Бар байлықты тасып кетiп барады.
Қайыстырып "ТУ– 154" ұшағын,
Аспай-саспай қашып кетiп барады.
Шекараны құс өтпеуге тиiстi,
Емiн-еркiн асып кетiп барады.
Көк жүзiне шыққан кезде қалыпты,
Өткен күнi ойлантты ма ғарiптi,
Қайран батпан құйрығым-ай дедi ме,
Ерке күйеу көзiне жас алыпты.
Алматыға аян кiм бай, кiм кедей,
Қажытады кедейлердi күндегi ой.
Шулап қалды "Бақай" менен "Шаңырақ",
Тау бауыры жатыр бiрақ үндемей.
Тән мiнезбен аса қатал қысқа анық.
Қар аралас жаңбыр бүркiп сұстанып.
Тұрды Алатау қан аққыр деп көзiңнен,
Кешпей-тұғын дүлей мiнез ұстанып.
Ендi не күн кешер екен сылқымың,
Жолға салдық қылын қимай мұртының.
Жылап кеткен күйеудi ойлап ойланар,
Толтыра алмай жүрген жандар құлқынын.
Адам ғұмыр кешпейдi екен деспен құр,
Кетпеу керек екi елi де естен бiр.
Топыраққа тоймап па едi кешегi,
Тойымын ит жеп тауысқан Ескендiр.
Мен неге бiлесiң бе жақындаймын?
Келер деп орай күтем жақын қай күн.
Көзiңе мөлдiреген қарап тұрып,
Iшiмнен жанартаудай лапылдаймын.
Сезесiң оны бәлкiм сезбессiң де,
Iңкәр боп қалдым саған кездестiм де.
Бұл-дағы құдiреттiң күшi ме екен,
Өзiңдей көрiнбейдi көзге ешкiм де.
Парық бар арадағы жаста бiлем,
Бақыт кеп орнамайды басқа кiлең.
Өмiрде махаббаттан артық не бар,
Көңiлге табылар ма басқа бiр ем.
Мерейiм сенi көрiп өстi менiң,
Үмiтiм өрге тартты, өштi кегiм,
Көңiлге қалауынан басқа нәрсе,
Дегендi шипа бопты естiмедiм.
Өзiмдi еркiн сезген кезiмде мен,
Қалауын көңiлiмнiң өзiң дер ем.
Тағдырдың заңдылығы жол бермейдi,
– Неге? – дерсiң,
Жауабын өзiм берем.
Сен жайлы үрей де көп, алаң да көп,
Жүремiн сенi көрген алаңға кеп.
Қорқамын қосағымнан кей күндерi,
Түсiмде атыңды атап қалам ба деп.