ЯНУШКЕВИЧТIҢ ЕЛIНДЕ...
ЯНУШКЕВИЧТIҢ ЕЛIНДЕ...
Көне түркi халықтарының iшiнде iрi мемлекеттiң бiрiн құраған қазақ халқына, қазақ халқының мәдениетiне деген қызығушылық ерте кезден басталған. Соның iшiнде, поляк халқының зерттеушi ғалымдарының да алғаш аяқ басқан жерi де қазақ жерi. 1246 жылы Польша монархы, бiрiншi поляк жиһанкезi, Бенедикт қазақ жерiне тарихи экспедиция жiберiп, еуропалықтарға Ұлы қазақ даласының сырын ашыпты. Кең байтақ өлкенi алып жатқан қазақтардың тұрмысы мен өмiрiн,салты мен дәстүрiн зерттеу оңай болмаса да көшпелi халықтың ешкiмге ұқсамайтын тәкаппар табиғаты мен ақынжанды, өнер сүйгiш дара қасиетiн дала кезiп жүрiп,өздерiнiң этнографиялық жазбаларында құнды мәлiметтер ретiнде қалдырған поляк зиялылары жетерлiк.
Ұзақ жылдардан соң, поляк жерiне барып, қазақ-поляк байланысының тым тереңде жатқандығын бағамдап қайтқан ғалым Гүлзия Пiрәлиева Польша жерiне барған бұл сапарынан көп дүниенi көңiлiне түйiп қайтыпты. "Көп жасағаннан емес, көптi көргеннен сұра" демекшi, поляк халқы туралы, қазақ пен поляктың арасындағы ынтымақтастық туралы Гүлзия апай бiраз сыр шерткен едi…
– Әсiресе, әлем әдебиетiнде қазақтар туралы тұңғыш көркем шығарма,поэма жазған поляк халқының ұлы романтик ақыны Густав Зелинский (1809-1881) екен, – деп бастады Гүлзия апай әңгiмесiн. – Оның шығармаларының iшiндегi ең шоқтығы биiгi бiздiң елiмiз туралы, яғни қазақтар туралы жазған "Киргиз" (1842) атты поэмасы екен. "Пушкин и польсий романтик Густав Зелинский" деген мақала авторы Януш Одровонж -Пененжектiң айтуынша, поляктың ұлы романтик ақынының атын әлемге танытқан да осы туындысы көрiнедi. 1830 жылы Варшава университетiн бiтiрген жылдары ол Польшада кеңiнен өрiс алған патшаға қарсы революциялық көтерiлiске қатысып,өзi секiлдi бiрнеше ұлт зиялыларымен бiрге Сiбiрге айдалады. Мiне,осы жылдары Есiл (Ишим) қаласындағы айдауда жүрген Адольф Янушкевичпен жақын араласып, Қазақстан туралы қызықты сапарнамалар жазып, қазақ фольклорын жинақтай бастайды. Осында жүрiп, поляктың атақты ақыны Адам Мицкеевичтiң досы Онуфрий Петрашкевичпен танысады. Өздерiне таңсық қазақ даласының салт-дәстүрi, тұрмыс-тiршiлiгi, ақынжандылығы, қонақжайлылығы т.б олардың жергiлiктi тұрғындармен жақсы араласуына себеп болады. Есiл өзенiнiң айналасындағы ауылдардағы қазақтардың өмiрi, халқы қатты ұнаған ақын олармен күнделiктi араласып, тез тiл табысып кетедi. Кең байтақ даланың еркебұлан ұлдары – ақкөңiл, дархан жүректi қазақтарды ол шығармасына нағыз еркiндiктiң символы ретiнде арқау етедi. "Киргизы" атты поэмасында автор әкесiн өлтiрген жаудың тұтқынынан қашқан қазақ жiгiтiнiң тағдырын баяндайды. Ата жауының қызына ғашық болған жiгiт сүйгенiн ала қашады. Қатыгез жау даладағы қураған шөпке от қойып, жiгiттi қызымен бiрге өртеп жiбередi. Аталмыш оқиғаның желiсiнде өрбiген поэмада қазақтардың өмiрiнен тағылым алатын ұлттық құндылықтар жайлы аса құнды этнографиялық мәлiметтер де табылады. Бұл да ұлы дала халқының өзiне достық пейiлмен қараған қай жұртты да жатсынбай ақ жүрегiмен қарсы алатын адал, дос пейiлiнiң, мәрттiгiнiң дәлелi болса керек.
Ал, "Қазақтың 1000 әнiн" 1925 жылы, "Қазақтың 500 әнi мен күйiн" 1931 жылы жарыққа шығарып,16 жыл бойы 2300 күйдi нотаға түсiрiп, қазақтың ең қымбат ұлттық руханиятын тарихта қалдырудағы еңбегi өлшеусiз, әлем жұртшылығына танылуына табанды әрi таңғажайып махаббатпен еңбек еткен поляк азаматы Александр Викторович Затаевич туралы бiлмейтiн қазақ жоқ десек әсте қателеспеймiз. Қазақтың ұлтжанды мыңдаған өнерпазының өнегелi iсiн жалғыз өзi атқарған А.В.Затаевичтi қалай құрметтесек те артық емес. Қазақтың ен даласын ерiнбей-жалықпай аралап, кәсiби жоғары деңгейдегi көркемдiк талап қоя отырып,ең тәуiр деген 1500 ән мен күйдi 1920 жылы Орынборға келген үш жылдың iшiнде жинап,қазақтың өзiне рухани өлмес қазына етiп тастап кеткен ғой. Және осы еңбегiне эпиграф ретiнде: "Менiң құрметтi достарым – қазақтың жiгiттерi бұл еңбегiмдi сiздерге арнаймын" деп жазып кеткен екен. Бұл да қазақ пен поляк халқының арасындағы шығармашылық достықтың тамыры тереңде екендiгiн танытады.
Поляктың тағы бiр талантты ұлдарының бiрi – Адольф Янушкевич өзiнiң ең құнды ғылыми монографияларына жататын күнделiктерiнде ұлы ақынымыз Абайдың әкесi Құнанбай туралы жазған пiкiрлерi көзi қарақты қазақ оқырмандарына бұрыннан белгiлi. Алайда, кеңестiк жүйе кезеңiнде таптық көзқарастың салдарынан шынайы шындықты үнемi саясат шымылдығы жауып,оның кейбiр сұрқай сұлбалары ғана көпшiлiкке танылып отыратын. Сондықтан да Адольф Янушкевичтiң "Қазақ даласынан жазған хаттар" атты естелiктерiнде: "… мереке кезiнде мен ең алғаш рет өлеңшiлердi тыңдауға мүмкiндiк алдым. Бұлар қазақтың трубадурлары, даланың бардтары – ұлы ақындары. Қазақтардың өлең шығаруы мен орындау дарыны осы халықтың ақыл-ой қабiлетiн тамаша айқындайды" десе, ендi бiрiнде: "…Бұдан бiрнеше күн бұрын өзара жауласқан екi партияның арасындағы қақтығыстың куәсi болған едiм. Сонда Демосфон мен Цицерон туралы ғұмыры естiмеген шешендердiң сөз сайысына таң қалып қол соққанмын. Ал бүгiн оқи да, жаза да бiлмейтiн ақындар менiң алдымда өз өнерлерiн жайып салды. Олардың жыры жаныма жылы тиiп, жүрегiмнiң қылын қозғады.Сонымен өзiмдi тәнтi еттi", -дейдi. (Бұл еңбегi 1861 жылы Парижде поляк тiлiнде басылып шығады.)
ХIХ ғасырдың 40-шы жылдарында Абайдың әкесi Құнанбаймен кездесiп, оның шешендiгi мен парасатына риза болған ол өз еңбегiнде Ресей империясы шенеунiктерiнiң қазақтар жөнiндегi "тағы көшпелiлер" деген терiс көзқарастарын әшкерелеп, әлгiндей әдiл де тарихи деректер мен өзi көзi көрiп, куә болған жәйттерге сүйене отырып, дала тұрғындарының өзiндiк мәдениетi, салт-дәстүрi бар, шешендiк,ақындық өнерге келгенде алдарына жан салмайтын жүйрiк, "ақыл-ой тапқырлығы" жағынан Еуропаның ең мәдениеттi деген елдерiнен кем түспейтiндiгiн нақтылы деректер келтiре отырып баяндайды. Поляктың көрнектi ақыны, саяси қайраткер Адам Мицкеевичтiң досы, Вильно университетiнiң түлегi Адольф Янушкевич (1803-1857) нағашысы, Польша тәуелсiздiгi үшiн шайқасқан атақты Костюшко басқарған студенттердiң саяси ұйымына қатысып, патша самодержавиясына қарсы үгiт жүргiзген. 1832 жылғы бiр шайқаста жараланып, қолға түскенде дворян атағынан айрылып,өлiм жазасына кесiледi. Бiрақ кешiрiм жасалып, Сiбiрге 25 жылға жер аударылады. Ол 1832-1849 жылдары Тобыл, Есiл бойларында, Омбыда айдауда жүрiп, қазақтардың өмiрi туралы еңбектер жазады. 1846 жылы А.Янушкевич Семей, Аякөз, Лепсi, Жетiсу өлкелерiнде мал, адам санағын өткiзуге Омбыдан арнайы шыққан генерал Вишневский басқарған экспедиция құрамында болып, қазақтардың ауылдарын аралап, көрген-бiлгенiнен "Қазақ даласынан жазған хаттар" атты естелiк құрастырады. А.Янушкевич әсiресе, қазақтың ас пен тойын, ат баптауын, қымыз ашытуын, ақындар айтысын, келiн түсiру, ұлға еншi беру, өлiктi жөнелту, барымта сияқты әдет-ғұрыптарын да терең сипаттап, сүйсiне сөз етедi. Өзi көрiп,куә болған патша шенеунiктерiнiң жазықсыз халықты жазалау әдетiне қарсылық пiкiрлерiн де ашық бiлдiрiп, ақиқатты ашады. Осы кезеңде қазақ даласында болып, Құнанбаймен, Абаймен пiкiрлес болған поляк халқының алдыңғы қатарлы идеяларын таратушы қайраткерлерi С.Гросс пен Б.Зеленский едi. Адвокат С.Гросс та А.Янушкевич сияқты саяси сенiмсiздiгi үшiн Сiбiрге айдалған соң, Семейде 8 жылдай тұрып, "Материалы для изучения юридических обычаев киргизов" атты еңбегiн жазған.Сол жылдары ол Семейде құрылған статистикалық комитеттi басқарады, басқа да ғылыми қоғамдардың құрылуына еңбегi сiңедi. Абаймен достасады. Ол жөнiнде және оның 1880 жылдары Абаймен пiкiрлес болғаны жөнiнде "Абай жолында" деректер келтiрiлген.
Поляк пен қазақ халқының достығының тағы бiр куәгерi – атақты балуанымыз Қажымұқан Мұңайтпасов 1911 жылы Түркияның Ыстамбұл қаласына түркi халқының өкiлi ретiнде барған сапарында поляк қызымен отау құрып, оған Бәтима деген ат берiп, мұсылман дiнiне енгiзген екен. Кейiндерi, яғни Ұлы Отан соғысы кезiнде тағдыр тәлкегiмен Қазақстанға келген талай поляктардың жергiлiктi халық өкiлдерiмен отбасын құрып, тату-тәттi тiршiлiк кешкендерi де бар. Қазiр Польшада да қазақ диаспорасы бар.Олардың ұйымдастыруымен Польша қазақтарының одағы құрылған. Жақында Варшавадағы көшелердiң бiрiне "Қазақ көшесi" деген атау берiлген. Осындай тарихи деректердiң бәрi елiмiз тәуелсiздiк алғанға дейiн кеңiнен насихатталмай келгенi аян. Елiмiз егемендiкке ие болып, дербес мемлекет болып танылған 1991 жылдан берi поляк халқымен достық, шығармашылық, экономикалық, мәдени байланыстарымыз нығайып келедi.
– Гүлзия апай, поляк елiне сапар шегудегi басты мақсаттарыңыз не болды?
– Поляк елiне барған сапарымыздың мақсаты – Польша жоғары оқу орындарында болып, ғылыми-педагогикалық, әдiстемелiк тәжiрибеден өту болатын. Бiз қазақ тiлi оқытылатын поляктың ұлы ақыны Адам Мицкеевич атындағы Познань университетiнде болып қайттық. Абай Құнанбаевпен замандас поляк ақыны Адам Мицкеевичтiң шығармаларын кезiнде, сол ХIХ ғасырдың екiншi жартысында-ақ А.С.Пушкин аудармалары арқылы қазақ даласына Абай танытса, бүгiнде Адам Мицкеевич атындағы Познань университетiнiң профессоры, түркiтанушы Генрих Янковский Абайдың "Қара сөздерiн" поляк тiлiне аударып жатыр екен. Бiзбен кездесу барысында түркiтанушы ғалым арнайы шығармашылық демалыс алып, өзiнiң осы жұмыспен айналысып жатқандығы туралы мәлiм еттi. Варшавадағы Қазақстан елшiлiгi де халқымыздың рухани құндылықтарын, ұлттық салт-дәстүрiмiздi, тарихымыз мен әдебиетiмiздi, басқа да мәдени мұраларымызды кеңiнен таныстырып, насихаттау жолында көптеген игiлiктi iстер атқарып жатқаны белгiлi. Мәселен, Мемлекеттiк "Мәдени мұра" бағдарламасын жүзеге асыру аясында Польшадағы Қазақстан елшiлiгi "Қазақ даласының аңыздары" атты халық ертегiлер жинағын, Қазақстандағы поляктар тарихынан: "1936-1956 мұрағат материалдары жинағы, ҚР Президентi Н.Назарбаевтың кiтабы, көп ұлтты және көп конфессиялы қазақ елi жайлы баяндалған "Қазақстан-халықтар мен дiндердiң ортақ үйi" атты кiтаптар, т.б жинақтар жарыққа шығыпты. Қазақстан Республикасының Поляк Республикасындағы Төтенше және Өкiлеттi елшiсi Алексей Волковтың жетекшiлiгiмен бiрнеше жылдар бойы қазақ және поляк тiлiндегi кiтаптардың тұтас сериясын шығарумен айналысып келедi екен. Соның жемiсi ретiнде ақын, аудармашы Бақытжан Қанапьяновтың аудармасындағы поляк тiлiндегi "Қыз Жiбек" лиро-эпостық жырын және поляк ақыны Болеслав Лесьмяннiң қазақ тiлiндегi "Сиқырлы тұлпар туралы ертегi" шығармасын таныстырды. Сәтi түскен қуаныштың бiрi – елшiлiктiң қызметкерi Алдан Серiкбайұлының неке қию салтанатында поляк тiлiндегi "Қыз Жiбек" жыры ұлы махаббаттың символы ретiнде жас жұбайларға табыс етiлуi болды. Бұл да қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрiн, әдебиетiн насихаттаудағы жақсы бiр бастама екен деген ойға келдiк. Осындайда қазақтың тарихын, тiлiн, мәдениетiн шет елге танытатын барлық Елшiлiкте жергiлiктi ұлт өкiлдерi отырса және олардың бәрi өз тiлiн жақсы бiлiп тұрса қандай ғанибет! Өйткенi,шет елдiктер қазақтарды өз тiлiмен, дәстүр-салтымен, өз менталитетiмен тануы тиiс емес пе? Өйткенi, олар Ресейдiң немесе өзге ұлттың Елшiлiгiнде емес, Қазақ елiнiң Елшiлiгiнде еңбек етiп, қазақ деген ұлттың өкiлi, сол елдiң иесi ретiнде танылмай ма? Сонда ғана ол шын мәнiндегi Қазақстанның елшiлiгi, қазақ ұлтының менталитетiн, тарихын, мәдениетiн, ұлттық құндылықтарын жанашырлықпен, ұлтжандылықпен насихаттай алатын мекеме бола алмақ.
Бұл ойдың тууына, өзiмiз кездейсоқ куә болған үйлену тойында сөз алған елшiлiктегi (оның iшiнде Түркия, Италия, Франция т.б елшiлiктен келгендер де бар) қазақ қыз-жiгiттерiнiң жаппай орыс тiлiнде сөйлеулерi себепкер болды. Ол бiздiң намысымызды оятты. Шет елде болса да шағын қазақ елiн танытатын мекемеде сол елдiң өз тiлi өз бояу нақышымен, қазақтың әнi әуелеп, күйi күмбiрлеп,Әнұраны жаңғырып, ұлттық киiмдерi киiлiп, ұлттық тағамдары берiлiп жатса ғой, шiркiн-ай! Күнделiктi тiршiлiкте көп мән бере қоймайтын осынау мәселелер шет елге шықсаң қарсы алдыңнан әрдайым шығып отырады екен.Ойлансақ,болар едi!..
– Поляк халқының қазақтармен етене таныстығы сонау бағзы замандардан басталғандығы туралы тiлге тиек еттiңiз. Поляк халқының бiлiм беру дәстүрiнде қандай айырмашылық бар екен?!
– Мың жылдық тарихы бар поляктың бiлiм беру дәстүрi 14-шi ғасырда қалыптасыпты. Краковтағы университет 1364 жылы, Ягеллонский университетiнiң iргесi 1364 жылы қаланған екен. Бүгiнгi Варшава университетi халықаралық IТ(Тор Содер) рейтингi бойынша бiрнеше жылдан берi 1-шi орында келедi.
Әлемдiк бiлiм беру кеңiстiгiнде кеңiнен танымал Болон жүйесiне енген поляк университеттерiнде бiлiм ағылшын тiлiнде жүредi. Еуропалық кредиттiк жүйенiң нәтижесiнде студенттер өзге шет елдерде бiлiмдерiн жалғастыра алады. Университеттерде шет елдiк студенттердiң жаңа ортаға тез үйренiп кетуiне көмектесетiн арнаулы қызмет көрсету топтары бар .
Ондағы бiлiм жүйесiн американдық жүйемен салыстыруға болады.Польшада 310 жеке университеттер мен колледждер, оның 60-тан астамы мемлекеттiк, сондай-ақ 138 жоғары дәрежелi мемлекеттiк мектептер бар екен. Бәсекелестiктiң нәтижесiнде өзге еуропалық елдерге қарағанда мұнда бiлiм арзан. Польшадағы ЖОО-ғы бiлiм жергiлiктi азаматтар үшiн тегiн. Барлық шет елдiк студенттер ақылы негiзде оқиды Польшада бүгiнде 600 қазақстандық студент бiлiм алады. Оның 13-i "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқиды. 1919 жылы ашылған Адам Мицкеевич атындағы Познань университетiнде 47 мың студент бiлiм алады екен, оның 67,5 пайызы қыздар. 90 жылдық тарихы бар университетте 14 факультет бар. Осы университеттiң филология факультетiндегi Азиятану орталығында түркi тектес халықтардың тiлдерi оқытылады. Ал, осы орталықтағы қазақ тiлi бөлiмiнiң меңгерушiсi – Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогика университетiнiң 1996 жылғы түлегi, тiл маманы Гүләйхан Жарылқапқызы Ақтаева. Орталық Гүләйханның жұбайы, поляк жiгiтi, түркiтанушы маман Генрих Янковскийдiң бастамасымен ашылыпты.
– Кездесулерiңiз қай тiлде өрбiдi?
– Түркi және қазақ тiлiн оқып жүрген 1-4 курс студенттерiмен (шамамен 50) өткен кездесуде пiкiр алмасу таза қазақ тiлiнде болды. Поляк студенттерi қазақ халқының тарихына, бүгiнгi тәуелсiз мемлекеттiң экономикалық дамуына, мемлекеттiк тiлдiң дамуына, бүгiнгi қазақ әдебиетiнiң бағыттарына, жас прозашылардың не жөнiнде жазып жүргенi,қазақ оқырмандарын не қызықтыратыны жөнiнде сауалдар қойды. Әсiресе, Алматыға бiлiмiн жетiлдiру курсына келген студент қыздың сауалы менi састырды. "Қазақ тiлi қазаққа керек болмаса, ол кiмге керек? Қазақстанда болған үш айда қазақтардың бiр-бiрiмен тек орыс тiлiнде сөйлейтiнiн естiп қайран қалдым. Сiздердiң жастарыңыз неге қазақша сөйлемейдi?" деген сауал тастады әлгi бойжеткен. Бұл сауал емес, маңдайға соғылған соққыдай есер еттi. "Сасқан үйрек артымен жүзедi"дегендей, кiнәнiң бәрi өзiмiзден болса да, баяғы әуенге салып, 70 жылғы тоталитарлық режимнiң салдары деуге тура келдi. Ең болмаса өзге жұрттың алдында немесе шет елде жүргенде тек өз тiлiңде сайрайтындай ұлттық намысың болса ғой, шiркiн. Қай елге барсаң да, өз тiлiңде сөйлесең, құрметпен қарайтынына куә боласың. Жалпы поляк студенттерiнiң қазақ тiлiне деген құрметi жақсы. Алайда, оқуын бiтiрген соң жұмыс табу қиын болғандықтан көбiне түрiк тiлiне бой ұратын көрiнедi. Түрiк, қазақ оқытушылары жетiспейтiндiктен өз магистрларын қалдырып отырады екен.
– Кездесуден алған әсерiңiз қалай?
– Кездесуден соң кiтапханаларын араладық. Жеке үлкен корпусты құрайтын кiтапханада қазақ кiтаптары, түрлi сөздiктер мен әдебиеттер де баршылық екен. Өзiмiзбен кездесуде болған студенттердiң көбiн сол кiтапханада қайта кездестiрдiк. Познань университетiнiң ғылым жөнiндегi проректоры, ағылшын тiлiнiң маманы Яцек Витнощь келешекте келiсiм шарт жасап,студенттер алмасуға болатынын, тiл үйрену курсына келетiн талапкерлердi жатақханамен және тегiн оқытуды қамтамасыз ететiнiн ескерттi. Екi ел, екi университет арасындағы осынау ғылыми-педагогикалық, шығармашылық-әдiстемелiк тәжiрибе алмасу бiз үшiн жемiстi болды. Осы сапарымызда Варшава қаласының көптеген мәдени, әдеби, ғылыми, жоғары оқу орындарында болып, поляк халқының салт-дәстүрiмен, тарихымен, мәдени ошақтарымен де танысып қайттық.Әлемге әйгiлi Шопен ескерткiшi Лазенковский паркiнде орналасқан.1926 жылы ашылған бұл монументтi Ұлы Отан соғысы кезiнде балқытып, поляктарға қарсы қару ретiнде қолданса да, 1958 жылы поляк халқы қайта жаңғыртып, ескерткiштi қалпына келтiредi. Ұлы скрипкашы, поляк халқының мақтанышы Шопеннiң ескерткiшi жергiлiктi халықтың ғана емес, шет елден келген қонақтардың да жиi келетiн орнына айналған. Варшавада ұлт мақтанышы болған тұлғалардың көбiне дерлiк ескерткiш орнатылған екен. Бiр Адам Мицкеевичтiң өзiне бiрнеше ескерткiш орнатылған. Бұл бiр үлгi алатын шара екен, бiзде көбiне ұлт тұлғаларына өзiнiң туған жерiнде ғана ескерткiш қойылып жатады. Бұл дұрыс та шығар. Алайда,шеттен келген қонақтар, iрi делегация өкiлдерi де мәдени-ғылыми орталықтарға келiп,осы жерден аттанып жатпай ма? Айталық,Астана мен Алматыдан Абайға, Шәмшiге де, ұлы Динаға, ұлы Әуезовке, А.Байтұрсыновқа, Жамбылға, батыр Бауыржанға, Қорқытқа да, т.б. тарихи тұлғаларымызға аспанмен таласқан тамаша ескерткiштер орнатып жатсақ, жерiмiз жетпей ме, әлде қаржымыз жетпей ме? Әлде, көңiлiмiз тарлық ете ме? Ұрпақтар ұлы санап, ескерткiштi көрген сайын еске алып ,тәубе етiп отырса, одан артық не қымбат дерсiң?!
Абай Құнанбаевқа да қазақтың бес-алты шаһарынан биiк ескерткiштер бой түзеп жатса, ақынның "қайран жұрты" адам болуды аңсап жатпай ма? Батыр бабалары Бауыржанның айбатты да айбарлы жүзiн көрген сайын әр баланың бойында ұлттық намыс ойнап, жiгерi жанып, батыр болсам деген балауса тiлек тумай ма?! Бұлардың бәрi де әр-әр жерде шашырап емес, мәдениеттiң, ғылымның, өнердiң мекенi болған Астана мен Алматының орталықтарында, көшелердiң көрнектi жерлерiнде орналасса, нұр үстiне нұр болар едi. Қысқасы, осы сапарымызда даланың дара қасиеттерi дарыған дарынды поляк пен қазақ халқына тән дархан көңiлдi мiнездерi де ұқсас ұлт болғандықтан болар, екi ел халықтары мәдениетiнiң арасындағы тығыз байланыс,өзара түсiнiстiк жылдан-жылға жақсарып келе жатқанына куә болдық.
Әңгiмелескен Гүлзина БЕКТАСОВА