АҚТӨБЕДЕГI ТӨБЕЛЕС: БҰЗАҚЫЛЫҚ ПА, ӘЛЕУМЕТТIК ТЕҢСIЗДIК САЛДАРЫ МА?

АҚТӨБЕДЕГI ТӨБЕЛЕС: БҰЗАҚЫЛЫҚ ПА, ӘЛЕУМЕТТIК ТЕҢСIЗДIК САЛДАРЫ МА?

АҚТӨБЕДЕГI ТӨБЕЛЕС: БҰЗАҚЫЛЫҚ ПА, ӘЛЕУМЕТТIК ТЕҢСIЗДIК САЛДАРЫ МА?
ашық дереккөзі
481

Жақында Ақтөбе облысының Байғанин ауданы Солтүстiк Трува кенiнде "Ориол Құрылыс" ЖШС-i мен "М-техсервис" ЖШС-i жұмысшылары арасында болған қақтығыстың ыстық-суығы әлi басыла қойған жоқ. Солтүстiк Трува мұнай-газ кен орнын қазақ-қытай бiрлескен "CNPC-Ақтөбемұнайгаз" компаниясы игеруде.

Сарапшылар бұл оқиғаға байланысты әртүрлi болжамдар айтудан арыға бара алмай отыр. Басты мән беретiн мәселе — бұл оқиғаның астарында не жатыр? Жай төбелес пе, жоқ әлеуметтiк теңсiздiктiң салдары ма? Ресми билiк төрелiк айтуға асығатын мiнезiмен бұл оқиғаға баға берiп те үлгердi. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми өкiлi Жандос Өмiрәлиев:

— Бұл кезектi "басбұзарлық", бiз осы бойынша қылмыстық iс қозғадық. Әшейiн, өндiрiстiк қақтығыс, кәдiмгi "төбелес", — дегендi айтты.

Сөйтiп, Ақтөбе облысы Байғанин аудандық iшкi iстер бөлiмi бұл оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстiң 257-шi бабы ("Бұзақылық") бойынша қылмыстық iс қозғады, тергеу амалдары басталып та кеттi.

Оқиға орнында болған Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықова да оқиғаның салдарынан әлеуметтiк теңсiздiктi iздеудiң қажетi жоқ деген ойда:

— Мен оқиға орнында болдым, өз көзiммен бәрiн көрдiм. Онда жекелеген жұмысшылар жекелеген мәселелердi көтердi. Бiрақ, бұл мәселелер реттелдi, — дедi ол.

Алдын-ала белгiлi болған мәлiметтерге сүйенсек, қақтығысқа қатысушылардың саны 20 мен 40 аралығында көрiнедi. Ал, өзара қақтығыстың себеп-салдары белгiсiз. Ол туралы ешкiм жақ ашпайды. Бұл қақтығыс салдарынан барлығы тоғыз адам зардап шеккен — үш Қазақстан, 6 Қытай азаматы. Кейбiр деректер бiр қытай азаматының көз жұмғаны жайлы да ақпарат таратты. Қалай дегенмен де, бұл iсте жұмбақ көп. Iшкi iстер қызметкерлерiнiң таратқан ең құнды мәлiметi — Қытай жұмысшыларының Қазақстанда заңсыз еңбек етiп жүргендiгi. Ендi бұл жұмысшыларды Қазақстаннан шығарып жiберу iсi ғана қалған сынды.

Дегенмен, кейбiр мәлiметтерге жүгiнер болсақ, медальдiң екiншi жағы — әлеуметтiк теңсiздiк салдары да бұл оқиғаға өзек болған сынды. Мұндай оқиғалар, әсiресе, елiмiздiң батысында бiрiншi рет орын алып тұрған жоқ. Бұған дейiн мұндай текетiрес түрiк пен қазақ жұмысшылары арасында болған едi. Қазақ жұмысшылары компанияның ең ауыр жұмысын iстесе де, түрiк инвесторларынан пәленбай есе төмен айлық алатындықтарын айтып шағынған сонда. Ел Үкiметi бұл проблеманы шешу мақсатында инвесторлар қызметi туралы заңға өзгертулер енгiзiп, шетелдiк компанияларға қазақстандық жұмысшыларды алатын және олардың айлық жалақысы шетелдiк жұмысшылармен бiрдей болуын мiндеттейтiн бап енгiздi. Бiрақ, дәл осы мiндеттi шетелдiк компаниялар көзге iлмейтiндiгi ашық болмаса да, айтылып қалып жүр. 31-арнаның ақпараттарына сүйене отырып, шетелдiк инвесторлар қазақстандық жұмысшылардың құқығын бұзып келгендiгiн айтуға болады. Прокурорлар дәл осыған байланысты бiрнеше ақпаратты анықтаған. Қазақстандық жұмысшылар мен қытайлық жұмысшылардың арасындағы айырма жер мен көктей. Қазақ жұмысшыларының жұмыс жағдайы да, жалақысы да әлденеше төмен болғандығы айқындалған. Заңдағы талапқа қарамастан, шетелдiк жұмыс берушiлер әлi күнге дейiн өз елiнiң жұмысшыларына иек артады. Осының барлығы екi ел жұмысшыларының арасындағы өшпендiлiктi тудырмай қайтсiн. Сондықтан да, бұл оқиға егжей-тегжейлi зерттеудi талап етедi.

Бiз осы мәселеге орай Қазақстан Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттары Алдан Смайыл мен Мұрат Әбеновке хабарласып, оқиғаға қалай баға бергендiгiн бiлмек болған едiк. Алдан Смайыл мырза бұл оқиғаның мән-жайын, анық-қанығын бiлмейтiндiгiн, сондықтан, ештеңе айта алмайтындығын айтты.

— Бұл мәселе егжей-тегжейлi зерттеудi қажет етедi. Бiрақ, оны зерттеу қажет пе, жоқ па, оны бiлмеймiн. Сол себептi де сiзге ештеңе айта алмаймын, — дедi ол.

Ал, Мұрат Әбенов мырза да оқиғаның егжей-тегжейлi зерттелуi қажет екендiгiн айта отырып:

— Әзiрге бiздiң қолымызда дәлелденген ақпарат жоқ. Сондықтан, бұл мәселенiң астарында әлеуметтiк теңсiздiк жатыр деу ерте. Дегенмен, бiр нәрсе — айқын. Қытай жұмысшылары бiздiң елде заңсыз, лицензиясыз жұмыс iстеп келген. Оларға кiм мүмкiндiк берiп отыр? Демек, мәселенiң астары әлеуметтiк теңсiздiктен де тереңге — жемқорлыққа кетедi. Бiздiң елдiң заңсыздығы — шекарадан басталады. Шекара қызметiнен бастап, құқық қорғау органдарында жемқорлық орын алғандығын көрсетедi. Заң жүзiнде қазақстандық жұмысшы мен шетелдiк жұмысшының құқығы теңестiрiлген. Ал, iс жүзiнде мұндай заңсыздыққа жол берген адамдар, өзге де заңсыздықтың орын алуына мүмкiндiк тудырады. Егер, қазақстандықтар өзге мемлекетке барса заң бұзудан қорқады. Өйткенi, өзге елдерде заң үстемдiк етедi. Ал, бiздiң елiмiзде заңды белден басып, талтаңдап жүруге болатындығын шетелдiктер бiледi. Бiр салада заңсыздық орын алса, екiншi салада да заңсыздыққа жол берiледi. Бiздiң қазақ есiгiн теуiп кiрсе үндемейдi, төрiңе талтаңдап рұхсатсыз шықса үндемейдi, қолындағы кесесiн теуiп ұшырса ғана ашуға мiнедi. Бұл оқиғаға да солай баға беруге болатын сынды.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары